» » Көктемнің де ғажабы бар

Көктемнің де ғажабы бар

Көктем келді, күн жылынды деп қуанғанда аяқ асты алай-дүлей жел соғып, қар жауып ызғарын төкті. Екі-үш күнге созылған аязды күн енді сына түскендей. Бұрын наурыз айында қар төпелей жауғанда түсінбеуші едік. Бұл сирек кезігетін құбылыс. Алайда көктем мезгіліне қатысты қазекемнің ырым-тыйымдары барын білесіз бе?
Қазақ халқы наурызға қарсы үй ішін, қора-қопсысын, ауыл-аймақты тазалаған. Біз де оны осы күнге дейін берік ұстанып келеміз. Рас қой? Онымен қоса ата-бабаларымыз өзін де ретке келтіріп, шашын алып, жаңа киім киген. Әрі рух тазалығына да мән беріп, қарызын өтеп, жасаған күнәлары үшін кешірім тілеп, тәубесіне келетін көрінеді. Ал наурыз мерекесінде қар жауса, ол жылдың берекелі, ырысты, құтты болатынын аңғартқан. Егер Ұлыстың ұлы күні жауған қарға түскен құмалақ батып кетсе, көктемнің ерте келерін, батпай, бетінде жатса, көктемнің қырық күн кеш келетінін білдіреді. Ал көктемде алғаш найзағай ойнағанда, бақыт пен ақ мол болсын деп ырымдап үй іргесіне сүт құйған. Қазақ ұғымында көктемгі уақытта ашық аспан астында ұйықтауға болмайды. Көктем – қыс пен жаздың, суық пен ыстықтың арасындағы шекара. Егер адам далада түнесе оның бет-аузы қисайып, жан ауруына душар болады деп сенген. Отардағы түлікке салқын тиіп, ауруы мүмкін деген сеніммен көктем уақытнда малшы далаға жалаң бас, жалаң аяқ шықпаған.
Наурыз – жылдың, көктемнің бірінші айы. Парсының «нау» – жаңа, «руз» – күн деген, яки «жаңа күн» деген сөзінен шыққан. Қаламгер Зейнолла Сәніктің зерттеу еңбектерінде наурыз аты бір-ақ күнді білдірсе де, ол толық ай атын иеленгенін айтады. Наурыздың бірінші күні күн мен түн теңеледі, яғни жаңа жыл келеді. Бұл күннің халқымыз үшін орны бөлек. Ол – жыл басы, көктем басы, мереке басы саналғандықтан, халқымыз бұл күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Бұл күнге халық үлкен құрметпен қарайды. Мерекелі күндер біріне-бірі ұласады. «Наурыз-думан», «наурыз көже» дәстүрі осы айда жасалады. Күн ұзарып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзiлер шағына халық өзінің тәтті-дәмдісін сақтайды. Үлкендер сол дәмді татады, мұны «ұзынсары» деп атайды. Мал төлдейді. Қар еріп, өкпек жел тұрады. Ауа райы құбылып, жұрт карбалас күйге түседі. Мұны «көктемгі аласапыран» деп атайды. Наурыздың соңғы күндері кейде қар, кейде жаңбыр жауады. Халық мұны «Құс қанаты» деп атаған. Мұнысы жыл құстарының келе жатқанынан дерек берсе керек.
Алдыңғы интернет газетімізге көктемнің басында қасқырлар жұптасып, ұйығатынын, осы кезде борасын болатынын, бұл амалды халық «бөрі сырғақ» дейтінін жазғанбыз. Ал наурыздың жаңаша 17-21-і күндері аралығында қатты боран соғады. Мұны «бесқонақ» деп атайды. Осы айдың аяқ шенінде түскен әдемі қиыршық қарды «наурызша» дейді. Бұдан сырт осы мереке кезінде туған алғашқы төл «наурыз төл» деп аталады.
Көкек – екінші ай. Бұл – көкектің алғаш шақыра бастаған айы. Мұндай уақытта қар еріп, су тасиды. Күн жылына бастайды. Ағаштар бүр жарып, көк қаулап өседі. Мал жаппай төлдейді. Жарлының аузы аққа тиіп, уызға тойынады. Құс жұмыртқалай бастайды. «Наурыз келмей жаз болмас, сәуір болмай мәз болмас» дегендей, бұл айды кей жерлерде «сәуір айы» деп те атайды. Айдың аяқ шенінде 25-28 күндері қара суық қайталанады. Мұны «тобылғы жарғанның суығы» дейді. Осы кезден бастап тобылғы бүр жара бастайды. Одан соң мамыр – үшінші ай. Көктемнің ең сұлу шағы. Жер бусанып, табиғат құлпырады. Құстар сайрандап, жас төлдер ойнақ салады. Ата-бабамыз малдың балаларын «төл» деп атағаны сияқты кұстың балапанын «мамыр» деп атаған. Өйткені бұл айда құстар балапан шығарады. Қой қырқу, жылқы күзеу, түйе жүндеу басталады. Алғашқы бие байлау да осы кезге тура келеді. «Қымызмұрындыққа» шақыру да осы айдың еншісіне тиген. Бұл айдың үшінші он күндігінде «Құралайдың салқыны» деп аталатын амал келеді. Бұл кезде киіктер төлін, яки кұралайын аяқтандырады, өргізеді.
Түйін
Ел болып 14 наурызда наурыз мейрамының басы – Көрісу күнін атап өттік. Амал мерекесінде халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемнің шуақты күндері көп болуына тілегін айтып, ниет етті. Бірақ мұның барлығы онлайн түрде жүзеге асты. Пандемияның салдарынан жылда көрісетіндер бір-біріне жете алмай, дүркірете тойлай алмай ғаламтордан ыстық ықыластарын білдірген-ді.
Дайындаған Айнұр ӘЛИ




Біздің Инста парақшамызға тіркеліңіз :)



16 наурыз 2021 ж. 790 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 038

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031