Дара мінезді Дәмелі апа
qarmaqshy-tany.kz Өткен күннің парақтары – өскелең ұрпақ үшін тарих. Кешегіге көз салмай, сол дәуірдің жарық сәулесін жаққан кейіпкерлердің өмір жолына назар аудармай, оны үлгі етпей болашаққа ұмтылу әсте мүмкін емес. Әр кезеңнің өз тарихы, өмір сүру жағдайы, өзіне тән жетістіктері мен кемшіліктері бар.
Көңілімізге көп күмән ұялатып, кемелденген коммунизмге қол созған Кеңес Одағының да ауыз толтырып айтарлықтай жақсы тұстары болғаны баршамызға аян. Соның бірі сол дәуірдегі еңбек адамдарын, өз кәсібінде озат болып, алдыңғы қатардан көріне білген жандарды елеп-ескеріп, олардың еңбегін бағалай білуі еді. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы бойынша еңбек майданында шыныққан шопан, бақташы, сауыншыларды ерекше қадір тұтып, оларға арнайы сый көрсететін. Соның нәтижесінде өз ісіне адал, шыншыл, жауапкершілігі мол, кәсібіне жан-тәнімен берілген еңбекшілер шоғыры қалыптасып, олар ауыл, аудан, облыс, республика даңқын аспандатып, келелі жұмыстардың басы-қасынан табыла білді.
Бүгінгі біздің мақаламызға арқау болып отырған қарапайым болмыс иесі Дәмелі Қолдасбайқызы да өзі өмір сүрген тұста замандастарынан оқ бойы оза шауып, сауыншы болып еңбек етіп, ауыл, аудан мерейін асырған жан. Сауыншы болу – үлкен төзімділікті, қажырлылықты, әйел жанының нәзіктігіне қарамай, күш-жігерді қажет ететін ауыр жұмыс. Қазіргі таңда сиырдың желінін бір тартып көрмеген, тартып көргендердің өзі 4-5 сиырдан аса саумайтын (одан көп сиыр сауатындар аз, әрине) қыз-келіншектерге осыдан 40-50 жыл бұрын атқан таңмен таласа ұжшардың сиыр фермасында талдырмаш саусағымен сиырдың иіп тұрған желініне жабысып, еңбек ету ертегі секілді естілетіні белгілі. Бұл істің қиындығына төзу – үлкен ерлікпен пара-пар. Таңның атысынан күннің батысына дейін күннің суығына, жаңбырға, қарға қарамай, демалыс алмастан тынбай сиыр фермадан табылу – табиғаттың нәзік жаратылыс иелеріне артылған үлкен міндет. Міне, осы айтылған қиындықтарды еңсере жүріп, көптің бірі емес, бірегейі болып танылған Дәмелі Қолдасбайқызы 1945 жылы Қармақшы ауданының Чапаев ауылында (қазіргі Ақтөбе ауылы) қарапайым отбасында дүниеге келген. Ұлы Жеңіс таңы атар шақта дүние есігін ашқан сәби өсе келе елгезектігімен, зеректігімен, ағайын-туысты алаламайтын ашықжарқын мінезімен көпшілік ортаға тез сіңіп кететін, еңбектің бел ортасынан табылатын қайсар жанға айналды. 1963 жылдан бастап туған жердің төсінде еңбек етіп, өмірлік жары Серік есімді азаматпен шаңырақ құрды.
Дәмелі апа 1972 жылдан бастап ауыл фермасына сауыншы болып жұмысқа тұрып, еңбек көрігін қыздыра білді. Сауын сиырлардың күтімін жасап, қалай да мол өнім алудың тиімді жолын қарастырып, сүтті көп өндіруге бел шеше кірісті. Еткен еңбегі еш кеткен жоқ. «Не ексең, соны орарсың» дегендей, көздеген мақсатына жетіп, сүт сауу жөніндегі міндеттемені жоспардан артығымен орындап, ерекше көзге түсті.
«Сауыншымын әйгілі бұл ауылда,
Төл өсірген қақтырмай қар, жауынға.
Сиыр сауып қатардан озып шығып,
Дайын тұрмын көрмеге мен баруға», – деп белгілі жетісулық ақын Ілияс Жансүгіровтің «Сауыншы жеңгейдің әні» өлеңіндегі жыр шумақтарында айтылғандай, өзі еңбек еткен Чапаев ұжшарын ауданға, облысқа әйгіледі. 1982 жылы аудан көлемінде озат сауыншы болып танылып, «Аудан чемпионы» атанды. Осы жылы 22 ақпанда «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1986 жылы социалистік жарыста жеңімпаз болып, жеңіл автокөліктің кілтін қанжығасына байлапты. 1989 жылы Қызылорда облысы көлемінде «чемпиондықты» қолдан бермепті. Сауыншылық істе жеңіс туын көкке желбіреткен Дәмелі Қолдасбайқызының еселі еңбегі еленіп, 1990 жылы 6 маусымда «Құрмет» ордені тапсырылды. «Алтын алқа», «Озат сауыншы», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», ауылдық, аудандық кеңестердің депутаты ретінде танылған Дәмелі апа зейнетке облыстық дәрежеде шықты.
Қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізген «Таңдаулы сауыншы», «Ауылдық кеңестің депутаты», «Облыс чемпионы» деген атақтарын дәлелдейтін куәліктері бүгінде Қорқыт ата атындағы мұражайда сақталып тұр. Халық тұрмысының игілігі үшін қоғамдық өмірге де белсене араласты. Аудан, ауыл экономикасының дамуына қосқан үлесі мен белсенділігі үшін көптеген алғыс хаттар мен сыйлықтарды иеленді. Газет бетіндегі мақалалардан бөлек, анамыздың еңбек жолы мен адамгершілік асыл қасиеті Ақтөбе ауылын 1991 жылдан бастап 5-6 жыл көлемінде басқарған Қармақшы ауданының құрметті азаматы Нұртілеу Салықовтың «Ақтөбе ауылының асулары» (2017), ардагер-ұстаз Қ.Ермағамбетова мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Г.Дүзенова бірігіп шығарған «Туған жер – тұнған шежіре» (2017) атты кітаптарында жазылған.
Н.Салықовтың «Еңбегімен де, жүрегімен де Ана» атты мақаласындағы «Өмір атты айдында тіршіліктің біраз ауыртпалығын да, қиындығын да, жетімдігін де, жоқшылықтың зардабын, таршылықтың талабын да бала күннен татып өссе де, бойындағы адами асыл қасиеттерінен бір айнымай, осы күндері бақытқа кенеліп отырған Дәмелі – нағыз Ана», – деген жолдар оның тіршіліктің тынысын кеңінен түсініп, айналасына қамқор, ортасына сыйлы болғанын дәлелдей түседі. Апаның бұл қасиетін көріп өскен жандардың бірі – ауылдағы інісі әрі көршісі Орынбек ағамыз да былай сыр шертеді. «Дәмелі апа өзінен кейінгі жандарға, қыз-келіншектерге тамаша қалпымен үлгі бола білген ерекше жан. Ол кісіні ауылдағы әрбір адам шын көңілімен құрметтейтін. Себебі кез келген жанға ақ адал пейілі мен аналық мейірімін төгіп тұратын сол бір қасиеті кімнің болсын есінде. Мен ауылда қызмет еткен жылдары апамен етене араласып, талай ақылкеңесіне жүгінгеніміз бар. Ол кісі өзінің адал қызметі мен еңбегіне сай құрметке бөленді деп ойлаймын» дейді. Иә, ағайын-туыстың қуанышы мен қайғысын бөлісіп, жиын-тойдан қалмай, басы-қасында жүретін. Тойдың көркін қыздырып, ұйымдастырушылық қабілетімен даралана көрінетін. «Қыз – тілекші» демекші, бір бүйрегі төркініне бұрылып тұратыны да жасырын емес. Жетістігімізге қуанып, апалық ақылын айтып, жөн көрсететін. Оның бұл қасиетін бүгінде 3 курс студенті Назира Алмасова да сағына еске алып, айтып отырады. Назира – Дәмелі апаның інісі Алмастың немересі. Өнегелі өмір жолымен жас ұрпақтың көңілінен жағымды орын ала білген жанның арманы бар ма, сірә?!
Көңілі көлдей, дарқан мінез, дара болмыс иесі – отбасылық өмірде де бақытқа бөленген жан. Арқа сүйер азаматы Серік екеуі дүниеге 4 қыз, 3 ұл әкеліп, олардың өмірден өз орындарын табуы жолында әкелік-аналық парыздарын абыроймен атқарды. Олардан өрбіген немере-шөберелерінің қызығын көрді.
Кәсібилік пен қарапайымдылықтың тұтқасын қатар ұстап, адамгершілікті ту еткен Дәмелі апаның өмір жолы – кейінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Өзі туған жердің атын танытқан жанның есімін жақын-жұрағаты мен ауылдастары да ұмытпайды. Ақжарқын мінезіңіз, әзіл-қалжыңды айта да, көтере білетін қасиетіңіз, жайдары жүзіңіз мәңгі жадымызда.
Лаура БАҚТЫБАЙ,
Ақтөбе ауылының перзенті