» » Іскер басшы, жаңалыққа жаны құмар жан еді

Іскер басшы, жаңалыққа жаны құмар жан еді

qarmaqshy-tany.kz Кешегі Кеңес үкіметінің ыдырамай тұрған уақытында «қайта құру» деген атаумен ерекшеленген бір жылымық кезең болды. Кезінде дүрсілдей соққан бесжылдықтар балғасының дауысы бәсеңдеп, ел ішін біртүрлі енжарлық жайлай бастаған. Жоспарлы тіршілік өз қалпында жүріп жатыр дегенмен, артық жер егу, көрсеткішке қосып жазу сияқты үрдістер белең алып, жеке адамдар мен белгілі бір топтардың жағдайы ғана жасала бастаған соң жұрттың жұмысқа деген ынта-ықыласы да төмендеген. Халық шаруашылығының қай саласы да тұралай бастаған осы бір кезде қолға алынған құрылыстың бітуі бірнеше жылға созылып кетіп, тіпті аяқталмай қалып та жататын кездері елде жиі болатын еді.

1986 жылдың көктемі. Ақжар кеңшарында бас инженер кезім еді. ІІІ Интернационал ұжшарында аудандық партия комитетінің көшпелі бюросы болып, ауылдағы сақалды құрылысқа айналған сиыр бордақылау алаңының дер кезінде бітпегенін сылтау қылып, кеңшар директоры Орынбасар ағамызды орнынан алып тастапты. Абыржып қалдық. Алдында ғана шаруашылықтың барлық көрсеткіші бойынша облыста үшінші орын алдық деп, өз табысымызға риза боп, арқамызды кеңге салып жүргенбіз.
Көп уақыт өткен жоқ, естуімізше көршілес Шымкент облысының «Қызыл ту» кеңшарында директордың орынбасары қызметін атқарған ауыл тумасы Жарылқасын Байсалов келетін болыпты. Мақұл. Жоғарғы жақтың да бір білгені бар шығар, аудандағы іргелі шаруашылықты ұзақ жыл абыроймен басқарған Орекеңді де жерге тастамас, – деп жүрегіміз орнына түсті.
Обалына не керек, кеңшар директоры деген үлкен орынға келген жас маман өзінің азды-көпті жинақтаған тәжірибесін туған ауылын түлетуге жұмсады.
Алғашқы жұмысын ауылдағы 800 бас сыятын мүйізді ірі қара комплексінің жұмысынан бастады. Облыс демей, сыртқы басқа қалалар демей жан-жақпен байланыс жасап, керек-жарақтың бәрін кедергісіз тауып, аз уақытта аталған құрылысты аяғынан тік тұрғызды. Туысқан, тамыр-танысқа қарамай мамандармен тек талапшылдық тұрғысынан ғана қарым-қатынас жасады.
Бірде израйлдық құрал-жабдықтармен сүт сауудың жаңа технологиясын қолдану туралы жаңа ұсынысты ортаға салып, оның құрал-жабдықтарын қайдан, қалай алудың барлық мәселесін шешіп қойғандығын айтты. Бұл жұмыстың бас инженерге, яғни маған тапсырылатыны белгілі, айтылған жерге дайындалған қаражатпен барып жұмысты тас қып бітірудің не қиындығы болсын, сүт өндіретін цех көп ұзамай жұмысын бастап кетті. Халыққа сүт өнімдерінің 11 түрін ұсындық. Сүт, қаймақ, сары май, сүзбе, ірімшіктің бірнеше түрі арнайы дайындалған қаптамаларымен, бағасы қойылып, қайдан шыққаны көрсетілген сәнді жазуларымен дүкен сөрелерінен орын алды.
Бұл бұл ма? Ауылдың шығыс бетіндегі қырман қасынан екі қабатты үйдің биіктігіндей сәнді етіп салынған ұн диірменінен ұнның 3 түрлі сортын шығаруға қол жеткіздік бір күні. Оған шикізатты шаруашылықтың өзінен дайындау мақсатында 50 гектар жерге бидай егіп, одан 25-30 центнерден өнім алған жылдарымыз болды. Қалдығынан мал азығын даярлап, «қалдықсыз өнім» шығару әдістерін қолданысқа енгіздік. Онымыз аудан басшылары тарапынан да, халықтан да жоғары бағасын алды. Елде астық өнімдерінің тапшы кезінде көршілес ауыл тұрғындарының да әкелген бидайын тартып беріп, ризалығына бөленген цех жұмысы туралы ауыл тұрғындары әлі күнге дейін ерекше сезіммен еске алады. «Ақжар ұн диірмені» туралы: «Несін айтасың, тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде елді ашығудан аман сақтап қалды ғой» дейтіндер де бар халық арасында.
Сол кезеңдегі жобамен жасалған бұл цехты жас маман Ғани Исаханов деген азаматқа тапсырып, ол «Жоғарғы сорт», «Бірінші сорт» деп жазылған қаптармен ұн, бірыңғай 50 келілік қаптармен жем дайындап алдымен ауыл адамдарына, ауысқанын көрші ауылдарға сату ісін жүзеге асырды. Өндірістің рентабельділігі деген мәселе үнемі назардан тыс қалмай кеңшардағы экономист, есепші жастар нәжижелі іспен шұғылдануға үйреніп келе жатты.
Бақша өнімдерін өндіру, әсіресе картоп, көкөніс тапшылығын болдырмауда жүйелі жұмыс жүргізілді. 1988-1989 жылдары бригадир Өтеш Махамбетов деген азаматтың басқаруымен шаруашылық 100 гектар картоп егуді қолға алып, одан гектарына 90-100 центнерден өнім алды. Жоспарлы өнімді аудан, облыс қабылдау орындарына өткізіп, ауысқанын шаруашылықтың арнайы қоймасынан сатуға шығарып отырдық.
Осы жайларды аудан және облыс басшыларының білгені шығар, сол кездегі облыстық кәсіподағы комитетінің төрағасы Подольских, құрылыс саласы басқармасының басшысы болды-ау деймін Бозжанов деген кісілердің мұрындық болуымен жыл аяғында игерілмей қалған облыс қаржысы есебінен ауылымызға су жаңа «МТЗ-80» тракторы сыйға тартылды. Оның тізгініне Шегебай Жанәділов ағамыз отырды.
Ауыл шаруашылығы техникаларын тиімді пайдалану мақсатында соңғы үлгідегі шеберхана салынып, онда түрлі цехтар жұмыс істеді. Жылу жүйесімен қамтамасыз етілді. Электрлі балға, төс, токарьлық, ағаш өңдейтін станоктар, пісіру аппараты, аккумулятор қуаттайтын қондырғылар түгелімен біздің цехтан табылып, көрші ауылдардан да қызметімізді пайдаланушылар қатары көбейе түсті. Жылу қазандығы орнатылып, қыс бойы жайлы жерде жұмыс істеген үлкенді-кішілі мамандар еңбек өнімділігін арттыруға жұмыс жасады. Ауылдан ауыл шаруашылығы техникаларын меңгерген мамандар даярланып, жаңа технологияның қыр-сырын игеруге машықтандырылды.
Ауылда 20 орындық монша пайдалануға беріліп, халық игілігіне қызмет етті. Өсімдік майын шығаратын цех ашылып, оған да шикізат жергілікті жерден дайындалды. Күнбағыс, сафлор сияқты майлы дақылдар егу қолға алынды. Бұл жұмыстар Газетбек Тұрмағамбетовке тапсырылса, макарон жасайтын, күніне 4 тоннаға дейін күріш ақтайтын цехтардың жұмысына ағайынды Қуаныш, Дүрия Біртаевтар басшылық етті. Ауыл сыртындағы көлді шаруашылыққа бейімдеп, қаз өсірді. Басына тұрғын үй, қора жай салып Сарыбай Байжанов ақсақалды отырғызды. Тұрғындар жұмыртқамен, құс етімен қамтамасыз етілді.
Айта берсе Байсаловтың басшылығымен атқарылған тірлік көп. 1990 жылдардың басындағы электр энергиясы тапшылығы кезінде механиканың заңдылықтарын пайдалана отырып, ременді берілістер арқылы қозғалыс күшін пайдаланып та ұн диірменнің жұмысын тоқтатпай жүргіздік. Бұл жұмысты жолға қою білікті маман Бірлік Қойбағаровтың қолынан келді.
Іскер, талапшыл, жаңалыққа жаны құмар азамат шаруашылықты 2002 жылға дейін басқарып, туған ауылын ел экономикасының нарықтық жүйесіне жан-жақты дайындықпен кіргізді.
Қазір уақыт өзгерді. Шаруашылықты басқарудың жүйесі күннен-күнге жаңашылдықты талап етуде. Бұл тұрғыдан келгенде Жәкеңді өз уақытынан озып туған жан екен-ау деп ойлаймын. Нағыз нарық заманының адамы деп түсінемін. Осындай жұмыста талапшыл, өз ісіне тиянақты, іскер азаматтың аты ескерусіз қалмай, ісі кейінгі ұрпаққа өнеге болғанын дұрыс көремін. Ауылда өтетін түрлі мәдени-көпшілік шараларда, мектептегі тәрбие жұмыстарында оның өнегелі істерін үлгі етіп отыру орынды деп санаймын.
«Елдің атын ері шығарады, ердің атын елі шығарады» деп жатады халық даналығы. Білікті басшы, іскер азамат Жарылқасын Байсаловтың туғанына биыл сексен жыл толғалы отыр. Ер еңбегін елеусіз қалдырмай мүмкіндігі болса, аудан орталығынан немесе ауылдан бір көшенің атын оның атына беру әлдеқашан уақыты келген мәселе. Пікірлескен бірсыпыра ауыл азаматтары ауыл орталығындағы абаттандырылған алаңды да осы кісінің атымен атағанның артықшылығы болмайтынын айтады.
Байұзақ ТӨРӘЛИЕВ,
ардагер
31 қаңтар 2023 ж. 728 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 358

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 439

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930