ЕР ЕЛІ ҮШІН ТУАДЫ...
Қармақшының төскейінде ажары ауыл емес, шағын қалашыққа ұқсайтын, тіршілігі көз сүйсіндіріп, көңіл толтыратын, тұрғындарының таным түйсігі әлдеқайда жоғары, ынтымағы айрандай ұйыған мекен бар. Бұл өңірді мұндай деңгейге жеткізген, бірлігі жарасқан ауыл еткізген әрине еңбек. Несібесін ақ күріштен жиған ауылдың жерге егілген әрбір дәніне еңбектеген баласы мен еңкейген қариясының маңдай терлерінің тамшысы тамған. Сан мәрте абырой биігінен көрініп, ауылшаруашылығы саласында озаттар сапынан түспеген, облыстық мәслихат депутаты, іскер басшы Қылышбек Әбішов басқарған «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін білмейтіндер кемде-кем.
Қоғам қашан да баянды бастамалардың қасынан табылатын жаны жомарт, болмысы мәрт, іскер жандарға арқа сүйейді. Ауылды алға өрлеткен атпал азамат өмірден өткенімен, артында сол аға салған сара жолды жалғастырып, ауылдың келешегін кемелдендіруге күш жұмсап жүрген ізбасары бар.
Ол Орынбасар Төлепов. Сондай жанашыр жандардың тынымсыз еңбегінің арқасында тәуелсіз еліміз, туған ауылымыз бүгінгідей жетістіктерге қол жеткізіп келеді.
Ауылшаруашылығы саласы-еліміздегі жауапкершілігі ауыр саланың бірі. Сайын далада сары күз түскенше тынымсыз жұмыс істеу нағыз ер жігіттерге жарасады. Азанмен жиналып, трактор, мәшинелердің үстіне топ-топ болып тиеліп кетіп бара жатқан ауыл еңбеккерлері үйіне кеш қарайғанда бір-ақ оралады. Қыстың қамын жаз ойлап, көктем келісімен қызу жұмысқа кірісетін ауыл шаруашылығы мамандарының, диқаншы қауымның ала жаздайғы бейнетінің зейнетін татар шағы да осы кез.
Жаңажол кеңшарындағы орта мектепті бітірген Орынбасар мектеп қабырғасында жүріп-ақ техниканың тілін меңгеріп, трактор жүргізе бастайды. Аудан орталығында орналасқан кәсіптік-техникалық лицейден келіп оқытатын нұсқаушы мамандардан білім алып, тракторшы кәсібін игеріп шығады. Мектептен соң ауылда бос жүргенді құп көрмей, қой шаруашылығына араласады. Жігітке міндет болып саналатын Отан алдындағы әскери борышын да өтеп келеді.
Сегіз қырлы, бір сырлы азамат деген теңеу осы кісінің ажарын айшықтай түседі. Себебі қолына қылқалам алып, қағаз бетін бояумен көркемдейтін жас жігіттің сурет салуға әуестігін байқаған мектеп директоры оны жұмысқа қабылдайды. Мектепте жұмыс істей жүріп, Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтынан инженер-электрик мамандығын сырттай оқып алған Орынбасар 1985 жылы трактор тізгініне қайта отырады. Инженер-электрик, бас инженер қызметтерін абыроймен атқарады. 2016 жылдың 20 желтоқсанынан бастап «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметіндегі іскер жан ауыз толтырып айтарлық ілкімді бастамалардың басы-қасынан табылып, өзінің білікті басшы екенін дәлелдеп келеді. Талапшыл, жұмыстың көзін білетін, өзіндік ойы мен пікірі бар, нағыз ауылшаруашылық маманы қалаға қызметке шақырса да туған жердің топырағынан алыстамаған.
Ол ең бірінші шаруашылық жұмысының жүйелілігін жолға қойса, тұрмысы төмен отбасылар мен көмекке мұқтаж жандардың жағдайын назардан шығарып көрген емес. Ауыл тумасы, нағыз азамат, қайырымды кәсіпкер, жомарт жан деген атқа лайық болуы халыққа тигізген мол пайдасы мен еселі еңбегінің жемісі екені даусыз. Оны жария етуге тырыспайды.
Еліміздің ең елеулі мерекесі, тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Орынбасар Төлеповты «Сыр жанашыры» аталымымен марапаттауы бекер емес.
Орынбасар Өтепұлы өмірлік жары Нұрзия апай екеуі бір мектеп қабырғасында, бір сыныпта оқыған екен. 1985 жылы отбасын құрған.
-Үйдің берекесі де, менің алаңсыз қызмет етуіме жағдай жасап, балалардың тәрбиесіне ерекше мән беріп отырған осы кісі,-дейді аяулы жарының арқасынан қағып.
Тұрсын мен Алма атты егіз ұл-қызы бүгінде теңдерін тапқан. Тұрсын бүкіл бір ауданды, ауылды соңғы үлгідегі қолдан жасалынатын жиһаздармен қамтамасыз етіп, жұмыссыз жастарды еңбекке баулыған жеке кәсіпкер, ал, Алма аудандық емханада дәрігер. Ерсін мен Ермек атты ұлдары да өз мамандықтары бойынша еңбек етіп келеді.
Нағыз азамат туған жерін түлетсе, өнегелі ұл-қыз өсіріп, олар да ауылымыздың экономикасы мен мәдениетінің көтерілуіне өз үлестерін қосса одан артық қандай бақыт керек.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА