АЗАМАТ АЖАРЫ

 
Ақкөңіл, ақжарқын деген әдемі теңеулер өз орнымен айтылса нағыз азамат ажары айшықтала түседі. Өзін де жанындағыларды да жақсы көңіл-күймен баурап алатын, жігерлі, жүзіне қарағандарды бір-екі ауыз жылы сөзімен жадыратып жіберетінжандардың бірі Бисенов Болат Шауханбайұлы.
Ауданға белгілі өнегелі отбасы Шауханбай әке мен Сағынай ананың өсірген ұл-қыздарының қай-қайсысының да текті тәрбиемен сусындап өскеніне куә боласың. Бәрі де жоғары білім алып, әр түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрсе, Болатең қиын да күрделі, жауапты, яғни төтенше жағдайлар саласында қызмет етуді жөн санапты.
Өмірде түрлі жағдайлар орын алып жатады. Адамдардың қаза табуына әкеліп соғуы мүмкін, олардың денсаулығына, қоршаған ортаға және шаруашылық жүргізуші объектілерге нұқсан келтірген, халықты едәуір дәрежеде материалдық шығындарға ұшыратып, тіршілік жағдайын бұзған, түрлі апат салдарынан белгілі бір аумақта туындаған жағдайлардың алдын алу, дер кезінде сақтық шараларын ұйымдастыру төтенше жаңдайлар жөніндегі бөлім қызметкерлерінің міндеті. Қыста от жағу кезінде пешті қараусыз қалдырудан туындаған өрт немесе түтіннен улану, көктем шығып, күн жылына бастағаннан су тасқынының алдын алу шаралары міне,  осының бәрі сайып келгенде асқан қырағылықты қажет ететін жұмыстар. Әрине, мұндай шаралардың басы-қасында сөзі өткір, ісі мығым, ұйымдастырушылық қабілеті ерекше  азаматтар жүрмесе жұмыс алға баспайды.
Осы салада жауапты жұмыс атқарып, 13 жылға жуық аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының қызметін атқарған Болат Шауханбайұлы бүгінге зейнет демалысына шығып отырған абыройлы жанның бірі.
1967 жылы Жосалы кентінде дүниеге келіп, №26 орта мектепте білім алған ол 1985 жылы Қызылорда политехникалық технукумынан «техник-механик» мамандығын игереді. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен соң «Құмкөлмұнай» МГӨБ №15 мамандандырылған өрт бөлімінің ІІ сынып өрт профилактикасы жөніндегі нұсқаушы, «ОңҚазМұнайгаз» ӨБ нысандарын қорғау жөніндегі №153 әскерилендірілген өрт бөлімінің кіші инспекторы, ҚРІІМ қатардағы және басшы құрамының 11 айлық кәсіби дайындық мектебінің тыңдаушысы, 1993 жылдан бүгінге дейін ол азаматтық қорғау саласында мінсіз қызмет атқарып келді.
Оның жастықтың  отын жалындатып, үнемі ізденіс пен алға ұмтылған еңбек  жолы кімге де болсын үлгі - өнеге.
Жаспын деп жасқанбай, оқу, ізденіспен  болашаққа деген ұмтылысы оны өмір жолында кездесер қандай да бір қиындықтан алып шығып, алыс армандарға қол жеткізуге жетеледі. Өзінің парасатты басқарушылық қабілеті мен тыңнан жол таба білетін біліктілігінің арқасында өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қоятын зиялы азаматтың еңбегі бағаланып, “Мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайларды жоюға қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Полициясына-25 жыл», «Төтенше жағдайларға  қарсы қызметтің құрылғанына-20 жыл»  төсбелгілерімен қоса, облыс әкімінің, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің, аудан әкімінің бірнеше мәрте алғыс хаттарын иеленді. Өзімен бірге қызмет етіп келген әріптестері Ғабит Құлмаханов пен Серік Төрежанов, бөлімдегі барлық қызметкерлер білікті басшының  ұйымдастыру қабілетінің ерекше екенін алға тартады. Ұжым мүшелерінен ең бірінші жауапкершілікпен жұмыс істеуді талап ететін, отбасылық жағдайларын назардан тыс қалдырмайтын, әрдайым басшы ретінде қамқорлығын көрсетіп жүретін көрегенді жанның еңбегін ерекше бағалайтындықтарын тілге тиек етті.
-40-қа жуық қызметкердің қай-қайсының да тілін табатын, айтатын ескертуді әзілдеп, астарлап жеткізе білетін,- дейді олар.  Өз мамандығынан, адал нан тауып отырған жұмысында абыройлы болса азаматқа одан асқан бақыт жоқ шығар.
«Теңіз тамшыдан құралады» дегендей, мемлекет пен қоғамда отбасынан құралады. Заманының дүлдүлі Тұрмағамбет ақын айтқандай: «Ерін күткен әйелді ханым десе болады» деген теңеулер Болат Шауханбайұлының өмірлік жары Асыл Ахметованың нақты ажарын аша түседі. Екеуі 3 бала тәрбиелеп, олардың жақсы білім алуларына жағдай жасауда.
Болат Шауханбайұлының зейнеттік демалысқа шықса да Отанымыздың өркендеуі және халқымыздың игілігі жолында әлі де талай тәнті істерді атқаратынына сенім білдіреміз.

Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ.
27 желтоқсан 2017 ж. 2 226 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 547

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 616

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031