ДАРХАН ДАЛА ДАРАБОЗЫ
Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасы айтқандай, Сырда туып, саналы өмірін қазақ елінің өсіп-өркендеуіне арнап, ел құрметіне бөленгендердің бірі – көптеген дарын иелерінің атамекені атанған «Ақтайлақ кезеңі» елді мекенінің төл перзенті Далабай Ешпанов.
Далабай Ешпанов қазақ елінің біртуар азаматы Қаныш Сәтпаевпен бірге еліміздің сайын даласын кезіп жүріп, тау-кен орындарын зерттеу арқылы осы саланы дамытуға орасан үлес қосқандардың бірі де бірегейі екенін бүгінгі ұрпақ білмегенімен, аға буын өкілдерінің есінде.
Ия, қойнында талай сырды жасырып жатқан қазақтың дархан даласын зерттеуді бала жасынан армандаған Далабай Оспанұлы 1939-1941 жылдары талай дарын иесін үлкен өмірге қанаттандырған киелі Тұрмағамбет ауылындағы орта мектептің 7 сыныбын тәмамдағасын, Қызылорда қаласындағы жас кадрларды даярлайтын арнаулы оқу орнында білім алып шыққан соң, алғашқы еңбек жолын өзі туып-өскен ауылдағы шаруашылықта есепшілік қызметтен бастайды. Әлбетте, бұл уақытта елімізде Ұлы Отан соғысы өтіп жатқан кез. Жас та болса, өзінің алғырлығымен, ізденімпаздығымен, еңбекқорлығымен таныла білген жас маман өзге замандастарымен бірге сол жылдары барша халықпен бірге «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұран аясында күндіз-түні тынбай еңбек етіп, фашизмге қарсы соғыстың аяқталуына үлесін қосады.
«Көппен күткен ұлы той» дегендей, төрт жылға созылған соғыста аяқталып, ұрыс даласынан майдангерлер де аман-есен туған жерге орала бастайды. Адамдар соғыс жылдары тұралап қалған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмысына кірісіп кетті. Олардың қатарында осы аралықта өз ісінің маманы атанған Далабай Ешпанов та бар еді.
Міне, жас та болса арманы асқақ Далабай көп ұзамай Алматы қаласына жол тартып, бала кезінен алдына мақсат еткен кен-тау институтына оқуға қабылданады. Ол жоғары оқу орнында білікті мамандардан дәріс ала жүріп, есімі кейіннен қазақ халқына ғана емес, Кеңес үкіметіне танылған Шахмардан Есенов, Евней Букетов сынды қоғам қайраткерлерімен достасады. Бес жыл бойы осы мамандықтың қыр-сырына қаныққан «Ақтайлақтың» кешегі қара баласы арнайы жолдамамен Жезқазған өңіріндегі кен өндіретін шахтада макшейдер мамандығы бойынша қызметке қабылданып, осы салаға қырық жылдан астам өмірін арнайды.
«Дала дарабозы» атанған Далабай Ешпановтың балаң жігіт шағынан бастау алып, ақыл айтар ағалық жас аралығындағы өмірі Арқа жерінде өтті. Қарапайым макшейдер болып еңбек жолын бастаған ол жылдар өте сала майталмандарынан үлгі-өнеге ала жүріп, өзі де шеберлігін шыңдайды. Осындай еңбекқорлығының арқасында бас инженер, партком хатшысы, шахта бастығы, рудник директоры қызметтеріне жоғарылайды.
«Еңбек – өрге бастайды» дегендей, 1971 жылы Далабай Ешпанов ҚазКСР Орталық партия комитетінің шешімімен «Ақшатау» кен-байыту комбинатының, ал 1974 жылдан 1980 жылға дейін Жезқазған кен-металлургия комбинатының бас инженері, сондай-ақ 1980 жылы Балқаш кен-металлургия комбитанының бас директоры қызметіне тағайындалып, осы қызметті 1987 жылы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін істейді. Білікті маман қай кезде де сұранысқа ие екені белгілі. Ол зейнеткерлік демалысқа шыққан соң да «Қазақмыс» корпорациясында бас сарапшы болып қызмет етті. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын табуына үлес қосты.
Атпал азамат Арқа өңірінде өткізген саналы өмірінде бүгінде тәуелсіз еліміздің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан көптеген тау-кен шахтасы мен комбинатының салынуына және жаңа өндірістік қуаттарды іске қосып, байыту фабрикаларын модернизациялауға атсалысады. Білікті басшының ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында Жезқазған мыс қорыту зауыты кен қазу және оны өңдеу, шығарылған мыс концентрациясындағы металдың көлемі бойынша бұрын-соңды болмаған көрсеткішке ие болады. Дүниежүзі бойынша тұңғыш рет мысты сұйық ваннада қорытуды іске асырады. Осындай еселі еңбектің нәтижесімен ол Ресейдегі Кривой Рог кен институтында ғылыми дессертация қорғап, техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне қол жеткізеді.
Далабай Оспанұлы басшылық қызметте жүргенде қарамағындағы қызметкерлер мен жұмысшылардың тұрмыстық жағдайын жасаудан аянған емес. Далабай Ешпановтың Ақшатау, Жезқазған, Балқаш кен-металлургия комбинаттарында басшылық қызмет атқарған жылдары көптеген азамат баспаналы болса, қызметкерлердің әлеуметтік тұрмыс-тіршілігін нығайту мақсатында комбинаттар жанынан мәдениет үйлері мен саяжайлар, спорт алаңдары мен емханалар, басқа да әлеуметтік нысандар салынды. Көптеген қызметкер мемлекеттік наградаға ие болды.
Қазақ даналығында «Жақсыға жақын көп» деген ұлы сөз бар. Міне, қазақ елінің сайын даласының қойнауында жатқан құнды байлықты зерттеп, оны болашақ ұрпаққа аманаттап кеткен атпал азамат ұстазы Қаныш Сәтпаев, сонымен қатар әріптестері Шахмардан Есенов, Евней Букетов, Бозтай Ақбергенов, Темеш Сәдуақасов және басқа да қоғам қайраткерлерімен қоян-қолтық қызмет етіп, ел байлығын еселеуде аянбай еңбек етті.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев өзінің «Ақиқаттан аттауға болмайды» естелік кітабында бірге қызмет еткен қазақ жайсандарына былай деп мінездеме береді: «...ірі өндіріс ошақтарында өздерінің білімін, іскерлігін көрсеткен, яғни сыннан өткен өндіріс қолбасшылары» деп санаулы ғана адамның есімін атайды. Әрине, сол ұлт арыстарының қатарында жерлесіміз Далабай Оспанұлы Ешпанов та бар. тіпті, КСРО Үкіметінің солақай саясатымен 1986 жылы Алматы қаласында өткен Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің пленуымында КСРО Орталық комитетінің шешімімен Дінмұхаммед Қонаевты орнынан алып тастағанда оның жанынан бәрі алшақтап қашқанда, тек екі ғана азамат «арым жанымның садақасы» дегендей, қанша жыл ел қорғаны болған Дінмұхаммед Қонаевтың жанында қалған екен. Сол екеудің бірі – Олжас Сүлейменов болса, екіншісі – Далабай Ешпанов екенін біріміз білсек, біріміз білмейміз.
Ия, «Дархан даланың данышпаны – Далабай» атанған жерлесіміз туған жерінде, яғни Қармақшыда қызмет етпесе де, күллі қазақ халқының болашағы үшін тер төкті. Өмірін елінің жарқын болашағына арнап, еткен еселі еңбегі үшін мемлекет тарапынан көптеген марапатқа ие болды. Жерлесіміз КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанса, «Ленин», «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері мен бірнеше мемлекеттік және мерекелік медальдардың, сонымен қатар «Қазақстанның еңбегі сіңген кеншісі» төсбелгісінің иегері атанды.
Десе де, «Өмірге келмек бар да, өлмек бар» дегендей, Сыр елінде туғанымен күллі қазақ жұртшығының жарқын келешегі үшін өмірін сарп еткен атпал азамат 2004 жылы өмірден озды.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ