» » Ағайынның арасы

Ағайынның арасы


– Аға, ассалаумағалейкум, аманбысың?
– Аман.
– Үй-іші қалай? Жеңгем жақсы ма?
– Жақсы.
– Сұрамасаң да айтайын. Біздің жағдай мәз емес. Жұмыстан шығып қалдым. Ақшаң болмаса мына заманда күн көрудің өзі қиын. Отбасы, бала-шағаның қамы бар.
– Иә...
– Бір бауырым бар еді деп қал-жағдай сұрауды қойдың. Осы ағам бар ма еді деп ойлап қоямын кейде. Өзің іздемегенде мені кім іздейді, айтшы?! Қалаға көшкелі хат-хабарсыз кеттің.
– Кейін хабарласамын, шаруа көп.
Бауырлардың әңгімесі осылай қысқа қайырылды. Бұл алғашқысы да емес еді. Ағасына қанша рет хабарласқанымен, іздегенімен соңы ылғи бірсарынды аяқтала беретін. Хабарласқан сайын бәлки осы жолы ашық-жарқын сөйлесерміз, сағынышын айтар, бауырлар болып бір шүйіркелесіп, шер тарқатып әңгімелесерміз деген үміті сөнбейтін. Қайтсін? Жалтақтап қалды ғой. Жалғыз бауырының қала асып кеткеніне көп болған. Қым-қуыт тірлігі бар, жұмысы бар. Әйтсе де бір туғаны үшін уақыт таба алмағанына іштей қынжылады. Әлгінде айтқан жұмысынан шығып қалғаны бар. Өзі әбігерге түсіп жүргенде жақынынан қолдау күтеді ғой. Әй, бір кем дүние- ай...
Бүгінде ағайындар да есеппен, өз пайдасына, қалтасының қалыңдығына қарап араласатын болғандай. Олардың арасындағы қызғаныш әңгімесі тіптен бөлек. Қонақжай халық едік. Қонақ келсе, құт келеді деуші еді. Ал қазір "Неге келді екен, амандық па?" деп келген кісіні жаратпай, жиырыла қаламыз. Араласпаса ағайын жат болады. Тіпті ағайын арасындағы жанжалдың соңы атыспен, кісі өлімімен аяқталды деген жаға ұстатын жаңалықты да еститін болдық. Апырмай, ә?
Мына бір оқиға ойға еріксіз оралып отыр. Ертеректе аталас ағайындардың бірі перзент көрмей, інісі бауыр етінен жаралған баласын қиып ағасына береді. Өзі отбасымен алыс ауылға көшіп кетеді. Әлгі ұлды асырап алған ағамыз оны қатарынан кем қылмай, бағып-қағып ер жеткізді. Баласы да ел сүйген азамат болды, немере сүйгізді. Ағамыз да, інісі де өмірден өтті. Өле-өлгенше балаға шындықты айтқан жоқ. Сүйекке біткен сертке берік болды.
Ал қазір бала беру, бала асырап алу – жоқтың қасы. Бұл ағайын арасына жік салады деп түсінеді кей жұрт. Сол себепті де асырап алғысы келгендер заңға жүгінеді.
Бұрындары бір құрсақты қызғанбай, ағайындылар бір-бірінің қас-қабағына қарап өссе, бүгінгілер бір-бірінің табағына, тамағына қарайды. Шақырусыз бірінің есігін бірі ашуды қойды. Мейрам күндері ғана бас сұғып, "құтты болсын!" айтатыны ілуде біреу ғана.
Түйін "Туғаныңмен сыйыспасаң, кең дүниеге сыймассың" дейді. Бүгінгінің көбі бетіне мақтап, сыртынан даттап, ағайынды да алдайтын болған. Сүрініп кетсе сүйеу болудың орнына күліп, күндеуге әдеттеніп барады. Халқымыз бауырлардың бір-біріне бауырмал болуын баса айтты емес пе?
Дүние өзгеруде. Дәуір құбылуда. Қоғамда қара бас қамын күйттейтіндер көбейіп, аға мен іні араласпай, ажырап қалғандай. Ағайындар арасында алауыз болып, бауырмалдықтың бағасы үзілді. Суыса, жұрттың сәні кетеді дейді. Бұл да бір кем дүние.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
30 қаңтар 2023 ж. 927 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 362

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 441

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930