» » "14 300" немесе аспаннан ақша жауа ма?

"14 300" немесе аспаннан ақша жауа ма?

– Миллионермін, – деп марқайды әлгі келіншек. Өзінің түрі келіскен, шашы қысқа, киімі де қымбат.
– Дубайға бардым деймін, Дубай, – деді тағы да.
Көзі жайнаған Ару аузын ашқан күйі сопиып тұрып қалды.
– Естимісің, алло? – деген «миллионер» бас бармағы мен ортан терегін «тық» еткізді. Көз алдынан көлбей өткен «бақыт» кадры зып етіп ғайып болған бойжеткен есін жия сала:
– Иә, иә. Мен баймын. Мен де осы деңгейге жетемін, – дегені сол-ақ еді, әлгі келіншек қымсынбастан қолындағы бар қаржыны «суырып» алды...
Күн өтті. Ай өтті. Ай соңынан жыл өтті... Соңы.
Жо-жоқ, бұл Арудың оқиғасының соңы. Ал біз әлеуметтік желілерде өріп жүрген «сетевой маркетинг, қара касса мен пирамида» секілді «ауа ақшаның» жай-жапсарына тоқталамыз. Әлеуметтік желілерде суреті мен бейнежазбасы менмұндалаған қызық жазбалар талайының көзін шалуда. Жалт-жұлт еткен ақшалар бума-бума боп жарқырап тұр. «Өміріңді бізбен бірге өзгерт» деп қояды арасында. Қызыққан жұрт пікір жазып әлек. Біз де жаздық. Жазба авторы байланысатын нөмірді сұрады. Бәрін бажайлап түсіндіремін деп сендірді. Бердік. Бір минут өтер өтпестен қалтафонымыз шырылдады. Көтердік. Әйтеуір бірнәрселер айтып жатыр, айтып жатыр. «Түсінікті ме?» деп сұрап қояды. Болмаған соң директоры хабарласты. Сыңғырлаған телефонды көтермедік. Қояр емес. Ватсаптан сурет, бітпейтін мәтіндерді жіберіп, әбден мазамызды алды. Тіпті әлгілер жағдай сұрасып тұратын жақсы жақынға айналып үлгерді. Апта сайын есімізге оңай олжа табуды үйретуден жалыққан емес. Қанша тырыссақ та мұндай батпан құйрыққа ептей алмадық.
Бұрын «командама қосыл» дегендер көп еді. Қазір 14 300 теңгені шотқа салып, қара касса ойнауды қолға алыпты. Аңқауы соған сеніп жүр. Біреуден қарызға ақша алып, әлгілерге беріп жүр. Онысымен қоймай, тыныш жатқанын ізінен ертіп жүр. Кімге пайда? Мұндай ақша қайдан келуде, бас қатырып көрдік пе? Расымен жеңіл ақшаны көргенде «жолдан таятынымыз» жасырын емес. Сондай жандардың бірі сенгіштігіне өкініп, бізге хабарласты.
– Несиеден шаршадым. Ай сайын, ай сайын келеді де тұрады. Оны өтеуге ақша таба алмай дегбірім қашты. Бір күні танысым осылай ақша табуға болатынын айтты. Содан не керек, адамының өзімен тілдестім. Жолын айтты. Адам тіркемейтінімді тағы ескертті. Сауда да сатпайды екенмін. Алғашқысы жақсы болды. Төменгі сомадан басталған ойынның аударар қаржысының көлемі де ұлғая берді. Таныс-тамырымнан қарызға 100 мың теңге көлемінде ақша сұрап, аудардым. Өсесің, өнесің, асасың, тасасың деді. Бірақ түк пайда көрмедім. Одан бері хат-хабарсыз қалдым. Екі еселенген ақша да жоқ. Хабарлассам телефон тұтқасын көтермейді. Тағы да қарыздың үстінен қарыз алып, санымды соғып қалдым, – дейді ол. Кейіпкер аты-жөнін жасыруымызды өтінді. Тек ойнаған қара кассасы нақ пирамиданың өзі. Оны оңнан солға қарай тізбектелген тіркеу суретінен байқадық. Төңкеріп қарасақ, бастап ақша салған адам үшбұрыштың басында тұр. Одан кейін екі-екіден тіркелгендер пирамиданың пішінін бейнелейді.
Аспаннан ақша жауа ма? Жоқ. Ал сіз соны ескердіңіз бе? Тағы да жоқ. Қиялға шомып, ауадан ақша жасауға құмармыз. Асыл болғымыз келмейді. Маңдай термен нәпақа табуға масылдығымыз басым. Қазіргі нарық мұндай олжаны көтермейді. Қызыл диплом қолда болмаса да кәсіп ашып, нәсібін көруге зор мүмкіндік жасалған. Ең алдымен адамға талап қажет. Содан соң, жігер керек. Сонда ғана аспаннан ақшаны жаудыра аласыз.
Түйін
«Қазір біреуге-біреу сенетін заман емес» дейді. Онда неге жақынымызға емес, әдемі сөйлегенге сенеміз? Аңқаумыз ба? Мүмкін сенгіш шығармыз? Бір үзім нанға жиған ақшаны бала-шағаның аузынан жы- рып алып қалайша «далаға» тастай саламыз? Санымызды сан рет соқсақ та қазылған орға қайтадан неге құлай аламыз? Ескеріңіз, сіз іздеген батпан құйрық, айдалада жатқан жоқ.
Айнұр ӘЛИ
24 ақпан 2020 ж. 988 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031