Сөз қадірі – сөйлей білуде
Жақында жалақымды алу үшін банктің жанындағы банкоматқа бардым. Кезек күтіп тұрғанымда бір жас жігіт келіп: «Арты кім?» – деп сұрады. Жас жігіттің алдында келіп кезекке тұрған тәтем саспастан: «Арты мен, менің артым сен», – деп жауап қайтарды. Ақша алуға жиналған ел әлгі кісінің тапқырлығына күлісіп алды. Қызарақтаған жас жігіт: «Адам секілді сұраған соң жөндеп жауап қайтаруға болмас па?», – деп ашуланып, ақшасын алмастан кетіп қалды. Қызық? Қалай сұрау керегін білмей, дөрекі сауал тастай тұра қандай жауап аламын деп ойлады екен.
Қалтаға ақша түссе базарға беттейтін әдетіміз ғой. «Адина» сауда орталығына кірдім. Екі бойжеткен қызын еріткен келіншек жүр. Қыздың бірі көйлек киіп көріп, «қалай, жарасып тұр ма?» дегендей анасы мен әпкесіне қарады. Әпкесі «өлген екен» десе, анасы «жынды жарасып тұр» демесі бар ма? Ауылдағы дүкендерден керегім табылмаған соң қалаға баруға бел будым. Автобусқа отырып қалаға жеттім. Жолаушылар көлігінде соңғы орындықтың бірінен бойжеткеннің «артыңызды ашыңызшы, түсіп қалайын» деп шопырға қарата айтылған дауысы шықты. Бір күнде естір құлаққа ерсі осындай бірнеше жайға куә болдым.
«Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл, оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады!» – деп Бөлтірік шешен бекер айтпаған болар. «Барыңды күзет, арыңды күзет, өзгені сынағанша, өзіңді түзет», – деп жырлаған Қадір ақын.
Сөзбен дауды шешіп, жаудың бетін қайтарған халық екеніміз даусыз. Алайда, от ауызды, орамды ойлы кешегілердің бүгінгі буыны айтар сөзін нысанаға дөп тигізе алмауда. Осының бәрі бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні секілді, мәнді де мәйекті сөзіміздің құнын түсіретіні ақиқат. Арлы сөзімізді аяққа таптағандай бір буынын жұтып сөйлейтін жандар біздің қоғамда жиі бой көрсетуде. Өзгеруді өзімізден һәм байланыстың бастауы сөзімізден бастасақ игі еді.
Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ