Сынық кесе


Кеш құрым жұмыстан келгенім сол еді анам сырттан күтіп алып «көлігіңді кіргізбей қоя тұр, көкеңнің үйіне барамыз» деп үйге кіріп кетті. «Аманшылық па?» деген оймен артынан ілесе еріп, жұмыс киімімді ауыстыруға бөлмеме қарай беттедім. «Ол үйге жай бара жатырмыз ба?» дедім еңсемді басқан қара пальтомды денемнен босата шешіп. «Алматыдан тәтең келіпті, барып сәлемдесіп, жағдай сұрасып қайтайық» деді арғы бөлмеден дауысын шығара. «Е-е, онда бопты. Барсақ барайық» дедім жақсы хабарға илана. Күнде көшеден көзбен бір бақылап өтетін көкемнің үйі бүгін абыр-сабыр. Есік алдына көлік те көп жиналыпты. Сірә, жақындарымыз да естіп келген-ау. «Ассалаумағалейкум» деп кіріп бардық. Арасында бас сұғып сәлем бере барғанда тып-тыныш үй, ызғыған бала-шаға дауысынан базар болып жатыр. Үлкен бөлмеде ағайындардың жарқын-жарқын дауысы естіліп қояды. Қонақ бөлмеге шай тасыған жеңгелерім анамды көре сала қолындағы пәрнегімен қоса иіліп сәлем салуда. Мен де жаңа кіргеніммен қоймай «бақытты бол айналайын» деп әзілімді қыстырып қытығына тиіп қоямын. «Сенің-ақ осы ойының дайын екен. Қалайсың әй, барсың ба? Қашан үйленесің?» деп жанды сұрақтарын жаудырады. «Әйтеуір бір суббота» деймін тауып айтқандай. Не керек, сонымен дастарқан басына жиналып, тәтемізді көргенімізге қуанып жатырмыз. Әңгімеге жақын жеңгелерім қайын сіңлісінің жағдайын сұрап, сұрақтың астына алды. Жаңалығы көп тәтем жұртты аузына қаратып, арасында қызық әңгімесін айтады. Бір кезде шай құйып отырған пысықтау жеңгем «Алматы жағыпты ғой саған, не жұмыс істеп жатырсың?» деді қолындағы созған кесесінен бұрын даусы саңқ етіп. Ыстық шайды ала бере кеседегі сынықты көріп тәтемнің қабағы күрт түйіліп кетті. «Жеңеше, маған басқа ыдысқа құйып беріңізші» деп әлгі кесені кері қайтарды. «Ақұдай не дейді, таза кесе ғой» деді ойында ештеңе жоқ сасып қалған ол. Тәтем, «осы сынық кесе үшін қайын жұртымда үлкен ұятты жағдай болды» деп әңгімесінің шетін шығарды.
Осыдан екі ай бұрын жездемнің қалаға қарасты бір ауданда тұратын жақындары Құран оқытыпты. Жылдық ас беріп жатса керек. Карантинге байланысты көп адам да шақырмапты. Мешіт молдасымен алыс-жақын ағайындары болып өткізеді. Сол кезде көпшілік кетіп, адам аяғы саябырлайды ғой. Сыртта қазан-ошақ басында қызмет атқарған кісілер кірмей кетпесін деп дастарқанға шақырады. Тәтем мен оның абысыны келген кісілерді жайғап, шайларын ұсыныпты. Бір кезде төрге жақын отырған бір ер кісі алдындағы астан алып отырғаны сол еді «мен болдым, шайларыңа рақмет» деп орнынан тұрып кетіп қалады. Түсінбей қалған үй иесі «Ау, болғаныңыз ба? Жаңа ғана отырдыңыз ғой дастарқанға» дейді. Сонда төрде отырған молда кісі: «Апау, ренжімесеңіз мен айтайын. Жаңағы кісіге шай сынық кесемен берілді. Мен байқап қалдым. Ол кесені қолына ала бере көзі шетіндегі кішкене сынығына түсті. Сосын шайды ішпестен батасын қайырып тұрып кетті. Келіндеріңізден бір білместік болды. Ештеңе етпес. Мен сізге мынаны айтайын» деп сөзін жалғапты. «Әсілінде сынық ыдыспен дәм ұсынбайды. Ол қазақтың ырымында, мұсылман хадисінде бар. Сынық ыдыс жүрген жерде «шайтан малғұн» қосарланып дәм татып жүреді. Одан бөлек денсаулыққа зиянды жағы да бар. Үйде жырық ыдысты лақтырып тастайтынымыз сол» деп сабырлы қалыппен түсіндіріпті. Қатты қысылған үй иесі «Ұят болды-ау, қалай байқамағанбыз? Қайдан ғана келе қалды мына кесе? Құртыңдаршы әрі» деп келіндерін ала көзбен бір сыбап алыпты.
Мұны естігенде біраз ойланып қалдық. Кейде сынық кесе келсе мән бермегендей «шайын ішсек болды» деп жылы жауып қоя салатынымыз бар. Рас, жаңағы әңгімеден кейін бәріміз кесемізге қарап қалыппыз. Жеңгем де қатты ұялғанын білдіріп қойды. Қызараңдаған күйі «мен де байқамаппын, әдейі емес. Қазір мына кесенін көзін құртайын» деп ас бөлмеге тұра жөнелді.
Қазақ өзі ырым-тыйыммен жаман нәрселердің бетін қайтарып отырған ғой. Осы әңгімеден кейін біраз үй сынық ыдыстан жаңарып қалар, кім білсін?!
Ерсін СӘДУҰЛЫ
20 ақпан 2021 ж. 1 572 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031