ТАЙШЫҚ БИ КӨШЕСІ
Аудан әкімі Бекмырза Еламановтың аудандағы барлық елді мекен мен мекеме атауын заман талабына сай өзгерту мақсатында 1997 жылдың 9 - маусымдағы №475 шешімімен Рабочий городок көшесі Тайшық би көшесі болып өзгертілді.
Тайшық би көшесі бүгінде Жосалы кентіндегі көкке көмкерілген көшелердің бірі. Басы Балқы Базар көшемінен басталып, аяғы Н.Айсауытов көшесімен шектелетін бұл көше бойында аудандық емханаға қарасты «Шипагер» емханасы, сондай-ақ, «Мезгіл» сауда-саттық, монша және көлікке қызмет ету орталығы мен «Елес» дәмханасы, шаштараз, сонымен бірге, бірнеше аралас сауда дүкендері тұрғындарға қызмет көрсетеді.Тайшық Тұңғышбайұлы 1870 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келіп, 1933 жылы өмірден өткен.
Тайшық жасынан ел тірлігіне араласып, бай мен кедей, ел мен елдің, ру мен ру арасындағы дау-дамай мен жанжалдарды шешуге араласып, би атанған.
Оған айғақ, бірде Шөмекейдің Шобдыр руынан шыққан ағайынды Алмат пен Самұрат атты танымал кісілері мен Кете ағайындар арасында келіспеушілік болып қалады. Міне, осы дауды шешуді жас Тайшық ағаларынан сұрап алып, жолға шығады. Сонымен ол қасына бірнеше жігітін ертіп, Арқадағы ағайынды билердің ауылына аттанады. Жолаушылар араға бірер күн салып, жетер жеріне жеткен соң, Самұраттың үйіне аялдайды. Бірақ, би оларды қабылдамай, нөкерлеріне көрші үйге қабылдауды тапсырады. Десе де, ержүрек Тайшық бұл ұсынысты қабыл алмай, тура Самұраттың үйіне кіріп келіп, «Ассалаумағалейкум» деп сәлем береді. Бірақ, төрде жастыққа қисая жатқан Самұрат жас баланың сәлемін алғысы келмей басын бұрып әкетеді. Сол уақытта Тайшық «Ойпырмай, әкем марқұм – балам, жол жүріп шаршасаң, шөлдесең батысыңда Меккенің есігі, шығысыңда Қожахмет Яссауидің есігі, ал Арқада Алмат, Самұраттың есігі ашық, соларға барып түстенерсің деген еді, жарықтық. Сәке есігіңіздің жабық екенін білмей келген екенмін, кейін қайтайын», – деп орнынан тұра бергенде, жатқан жерінен атып тұрған Самұрат: – Апырмай, Бекмырзадан бір жетім қалды деп еді, сен, сірә сол болмасаң игі еді, – деп Тайшыққа қасынан орын беріп, жөн сұрасып, артынан дауды шешкен екен.
Міне, Тайшық би Сыр мен Қырдағы ел-жұрт арасында әділ билік жүргізіп, халқына адал қызмет еткен тұлға болған екен.