» » Бір күндік келін немесе «Күндізгі көбелектер»

Бір күндік келін немесе «Күндізгі көбелектер»

qarmaqshy-tany.kz Босаға аттап, адал жармен бақытты өмір сүру. Сыйластық. Шаңырақ берекесі. Үйдегі балалардың шүйіркелестігі. Ата мен ене. Қайынжұрт. Келіннің ибасы, қызметі. Оған деген мейірім. Мұның барлығы да қазақ қоғамында ертеден келе жатқан дәстүр. Жарасымдылық. Жалғастық. Тату тірлік. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты өкінішке орай, кейде өмір біз ойлағандай бола бермейді. Бұл – шындық. Жағымсыз тұстары да көлеңкесін түсіріп жатады.

Отау құрып, түтін түтету дәстүрімізде қастерлі ұғым саналса, оңай олжа іздегендердің ұзын құрығы енді осы қасиетті ұғымды лайлап, жымысқы пиғылдары бұл жаққа да келіп жетіпті. Сұмдық-ай! Беттері бүлк етпей, ұяттан әдірем қалған бұл алаяқтардың құрығына кісі бойламайды-ақ. Әрбір іс-әрекетін түрлендіріп, мың құбылады пақырың. Бәлкім бұған қатты таңырқаудың да қажеті болмас. Себебі, қой терісін жамылған қасқырлар адамның жанды жерін зерттеп, осал тұстан ұруға бейім. Оны кешегі өткен еліміздегі қаңтар оқиғасы кезінде де анық көрген болатынбыз. Жалған сақал қойып, намаз оқитын адамның кейпіне еніп, елді солай сан соқтырды емес пе?!
Қаржы пирамидасы ше? «Аңқау елге арамза молданың» кері. Жылдам ақша тауып, бір демде байып кеткісі келетіндердің қоғамда көп екенін білетін олар, талайды зар илетпеді ме? Қаржы ұйымынан (банктерден) хабарласқан болып «Мен пәленбай банктенмін, сіздің атыңыздан біреу сырттай несие рәсімдеп тұр. Телефонның тұтқасын қоймай тұра тұрыңыз. Осы кезде жеке сәйкестендіру нөміріңізді айтсаңыз, біз оны бұғаттап береміз. Сосын ол рәсімдей алмайды» деген қоңырауға алданған адамның санында шек бар ма? Ол қазірде жалғасуда. Бұл санатқа жұмысқа тұрғызып беремін, кезексіз үй алуға көмектесемін деген де алдап-арбаушылардың әрекетін қоса кетсек, құба-құп. Интернет арқылы тапсырыс беріп, алаяқтардың торына түсіп жүрген де жетерлік. Бір танысымның интернет дүкенге 30 мың теңге тұратын құрылғыға тапсырыс беріп, екі аптадан соң қолына тиген қораптың ішінен 2 мың теңгелік арзанқол қытай қолсағаты шыққанын да көргенбіз. Бір қария 80 мың теңге тұратын денсаулығына қажетті затына ақшасын салып, тапсырыс жіберген ғой. Асыға күтіп жүрген дүниесіне қолым жетті деп қуанған ол қағаз қораптың ішін ашқанда тіс протезін көріп, шошып кеткен. Қаскөйлер алдағанда да мазақ етіп тұрған жоқ па? 70-тен асқан ақсақалдың «пенсияма ештеңе алмай, жарнамасы жарқырап тұрғасын осыған тапсырыс бергізіп едім балаларыма, қарашы, мына иттің баласының не істегенін, деп налып еді.
Айта берсек, таусылмайды мұндай «хикаяттар». Кезінде ата, әжелеріміз ардың айнасы, ертеңгі өмірімнің сауабы деп, тыйым салған кезеңде де намазын қаза қылмай, жаратқанға жан жүрегімен жалбарынып жалғаннан өткен жоқ па? Бүгінде қуанамыз. Сол шек қойылған дінсіздердің апиын деп сан миллион сананы улаған түсініктен алыстап, асыл дініміз ортаға оралды. Енді тәуелсіздік жолында қасық қаны қалғанша күрескен ата-бабамыздың асыл дініне де сұғанақ қолдардың жеткені, әрине жүрек сыздатады. Неге дейтін болсаңыз, сақал қойып, бас-аяғын қымтап, намазхан кейпіне енген үрімдей жас жігіттер мен қыздардың қарапайым халықтың сеніміне кіріп, жиіркенішті істер істеп жүргені – айтар ауызға да ауыр.
Сызылып сөйлеп, жабық киінген иманжүзді, ибалы қыздан кім дәмелі емес. Қай жігіт ондай қызды армандамасын. Аналарымыздың ақ орамалын қасиет тұтқан қазағымыз үшін орамал, ақ жаулықтан асқан не бар. Сол ақ орамал сонау жаугершілікте елді аман сақтап, жосықсыз қантөгісті тоқтатты ғой. Аңдап қарағанға, алаяқтардың әуелгі лас тактикасы да – осыбір буынсыз жерге жармасып, сенімге кіру.
«Түнгі көбелек» дегенді естуіңіз бар болар. Олар тән саудасында түн мезгілінде жорытса, бүгінде «күндізгі көбелек» дегендер пайда болған. Түнгі көбелектен оның айырмашылығы, ол тапа-тал түсте бір ауыл немесе ағайын-туыстың көзінше ап-ашық әрекетін жасап, кете барады. Ондай мысалдарды айналамыздан көптеп кездестіруге болады.
Бірде құрбы қыз хабарласады. Телефон арқылы хабарласқан оның дауыс ырғағы әдеттегіден бөлек. Діріл бардай. Мен де алаңдаулы болып тұрған оған бей-жай қарамай, тыныштық па, деп ишарат білдірдім. Сөзін бөлмей, соңына дейін тыңдадым.
Оның айтуынша өзге аймақта тұратын қайынбикесі хабарласып, «Қармақшы сенің ауылың емес пе? Сендер жаққа, бір ауылдық жерге біздің жақтан бір келіншек келін болып түскелі жатыр. Бірақ, ол – алаяқ. Осындайды кәсіпке айналдырған. Осы жолмен ақша тауып жүрген әйел. Беті жылтырап, жігіттерді құрығына түсіреді де ақшаға кенеледі. Ол қатын болып жарытпайды. Баратын үйінің мекен-жайын берейін, оларға мынаның арам ойы бар екенін жеткізші. Ол кісілерге жаным ашиды. Қалың малға деп қомақты қаржы сұрап отыр екен. Әрі кетсе, 2-3 күн. Одан әрі аспайды. Ешкім таппай қалады оны содан соң. Тым-тырыс ізін суытады. Бұл сөйтіп талайдың қалтасын қаққан, сорын қайнатқан. Тағы да бір отбасының ойранын шығарайын деп тұр. Еңбегімен жан баққан ауылдың қарапайым адамдары болса керек. Айтпас та едім, маңдай термен тапқан адал ақшасы суға сіңбекші. Келінді боламыз деп отырған отбасыға бұл жағдай үлкен соққы болады», – деп айтып тұр. «Не істейін?» деп телефонның ар жағынан сұраулы үн қатты.
Қапелімде не деуге болады. Мұндай да бола ма, деп аң-таңмын.
– Анығын білмей, біреу айтты екен деп суға қойып кетпекпісің? Қайынбикеңмен әлгі қыздың арасында түсініспеушілік бар болар. Кім біліпті? Маған салса, араласпас едім, – деп ымымды жеткіздім. Бірақ кейіннен бұл жай есімнен шығып кетіпті.
«Бір күндік келін» сценарийі алдын ала ойластырылып, есеппен жасалады екен. Жоспар бойынша қателесуге болмайды. Себебі, маңдай терлемей, бел ауырмай алақанға ірі көлемді қаржы топ етеді. Біраз отбасының маңдайын тасқа ұрып, ағайын-жуығының алдында ұятқа қалдырған осындай жағдайдың біріне тоқталсақ.
– Бұл оқиға осыдан 3-4 жыл бұрын болған. Көрші жігіт оңтүстік жақтан қыз алып қашады. Үлкендер жағы кешірімге барып, уәделі сөздерін алған соң беташарға дайындалып жатады ғой. Қонағы шақырулы, дастарқаны сақадай-сай. Тойға әдемі киінген аға-апалар мол қуанышта жүр. Әне-міне бастаймыз деп тұрғанда қызды жақындары алды да кетті. Қызды еріксіз алып келді дейін десеңіз, жігіт екеуі 1-2 жылдан бері кездесіп, сөйлесіп жүрген. Сірә, олар мұны бизнеске айналдырғандай. Ұйымдасқан топ жоспарды әдемілеп құрған. Қызды да жақсылап дайындаған. Алдын ала жасалған сценарийге көбірек ұқсайды. Бәрін қойыңызшы, «Баламның басы екеу болады» деп қуанған ата-ананың салы суға кетіп, жан жарыммен қол ұстасып, үлкен өмірге қадам басамын деген бейкүнә жігіттің еңсесі осылай езіліп қала беріп еді-ау. Уақыт өтті. Адамдар да ұмытты ол жайды. Әйтсе де, тауы шағылған ер жігіттің енді үйленуге құлқы да, ниеті де жоқ, – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген замандасымыз көршісінде болған оқиғаны баяндап.
Адам тағдырын ойыншық еткен мына бір "қыз алып қашу" рәсімі де назар аудартады.
Аңғалдығымыз бен аңқаулығымызды мойындайықшы. Көбінесе алаяқтардың құрған торына кімдер түсіп жатады, осыны анықтап алсақ. Психологтардың пайымынша, мұндай қазылған орға үйленбей жүрген, мінезі ұяң, тұрмысы әлжауаз отбасының ер азаматтары ұшырап жатады екен.
Шындығына келгенде, қазіргі кейбір өрімдей қыздардың талабы керемет қой. Дайын үй, дайын жұмыс, оларға бәрі дайын болу керек. «Дайын асқа тік қасық» болғанды қалайды турасын айтсақ. Осындай талаптар қою арқылы жігіттердің ұнатқан қыздары теріс айналатын сәттері аз емес. Пісіп тұрған алманы кім ұнатпасын. Ол жағы түсінікті де. Сондайға қызыққан жігіттер қыздың тамырын басып көрмекке ұмтыламын деп, алаяқтарға тап болады.
«Баламның осындай «көбелекке» ұрынып қалғаны жанымызға батты. Біраз күйзеліске түсіп, қиналды. Дегенмен, дер кезінде есімізді жинадық. Бәрі реттелді. Баламның көңіл-күйі жақсарды. Қалыпты өмірге оралды. Жұмыс істеп, өмірін жалғастыруда. Бос уақытында спортпен, қалаған ісімен айналысады. Кітапханадан кітап алдыртып оқитын болды. Қорқынышты елес секілді көрінген әлгі жағдайды есімізге алғымыз келмейді. Ешкімнің басына бермесін» дейді мұңын шаққан ана.
Бұл өзі қалай болған? Интернетпен басталған екі жастың арасындағы таныстық біртіндеп сезімге ұласқан. Ватцап желісі арқылы фотолар алмасып, ақырындап, сөз жарастырған. «Басына орамал тағып, үстіне киген көйлегінің етегі тобығын жапқан. Алла есімін сөз арасына жиі қолданады. Арабшадан хабары бар екені көрінеді. Үні жұмсақ. Өзін сабырлы ұстап, салиқалы сөйлейді. Сөйтіп жүргенде үш ай уақыт өтіпті. Бір күні сөз салдым. Қарсы болмады. Келісті. Содан той күнін белгіледік. Құда түсейік дегеніме, үйінің басқа шаруасы шығып тұрғанын желеу етті. Онда алып қашайын дедім. Екеуара бәрі келісілген болатын. Басында әлеуметтік желімен сөйлессек, енді оны кездесуге шақырдым. Бұрын сырттай сөйлесіп жүрсек, бетпе-бет жүздескенде тіпті де көзіме ажарлы көрінді. Бірақ осылай аяқталады деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Жігіттерге айтарым, танымайтын, сыры беймәлім қыздан аулақ болыңдар. Не де болса, білетін, аралас-құраластығы бар ауыл-аймағыңнан таңдаған дұрыс. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей, қазір маған қыздардың барлығы алаяқ секілді көрінеді де тұрады» дейді алданған жігіт.
Алаяқтардың сценарийі қалай іске асады? Алып қашуға ортақ шешім қабылдан соң, уәде бойынша қызды алып қашып келеді. Қазақтың салтымен келін босаға аттағасын кешірім жіберіледі. Оған атаған қаржы кешірімшілердің шабаданына салынып, кете барады. Артынша қыздың төркінінен қуғыншылар жетеді. Сонда олардың арасынан біреуінің «Келісілген қаржы жетті ме? Жетсе, тездетіп адрес ауыстырыңдар» дегенін жігіт жақтың туыстары естіп қалады. Аңғал көңіл күдік алса да, жамандыққа жорымайды. «Іс бітті, қу кетті» демекші, қыз да сол жерде әртіс болып, «өз еркіммен келген жоқпын» деп рөлге еніп, берген уәдесінен тайқиды ғой. Ақша да, түсетін келін де құмға сіңген судай, ізім-қайым. Онсыз да соққы алған отбасы «Осымен бар пәле кетсін» деп, қазақылыққа салынып қала береді.
– Махаббатпен, сүйіспеншілікпен құралмаған отбасы кейін ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, қандай да бір келеңсіздіктерге тап болып жатады. Мұндай жағдайлар – әлеуметтік желі арқылы бізге келіп жатқан алаяқтықтың алғы шарты. Жасанды некенің қашан да ғұмыры қысқа. Маман ретінде айтарымыз, шешім қабылдар кезде әбден сүзгіден өткізіп, жақыныңызбен ақылдасып барып қабылдаған дұрыс шығар. Албырттыққа салынып, келте шешім қабылданып жатса, арты осындай өмірлік дақ қалдыратындай мәселе тудыртып кетуі мүмкін. Әркімнің өзіне барынша сенімді болуына шақырамыз. Өмірде жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателеспе дейді. Сүйіктіңізді таңдарда ағаттық жіберіп алмаңыздар. Тектіліктен тараған нағыз қазақтың ұрпағы ешқашан жаман болған жоқ. Мүмкіндігінше, келін аларда салт-дәстүрмен құда түскен абзал, – дейді психологтар.
Түйін Айтпақшы, сөз басында бір құрбының кеңес сұрай хабарласқан жайын баяндаған едік. Естуімізше, "қатын болып жарытпайды" деген келіншек бүгінде бір отбасының салиқалы анасына айналған. Шаңырақ құрғаннан кейін ерлі-зайыптылар қалаға көшкен. Көпбалалы ата-ана сыйластықта, ауызбірлікте ғұмыр кешіп жатса керек. Қарашаңыраққа жиі келіп тұрады екен. «Сенің көзің жетпей, біреудің ісіне араласпа» деген уәжіңе тоқтағаным дұрыс болыпты дейді ол. Бұл бір оқиға ғой, арты қайырлы болған. Ал қаншамасы...
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
26 қаңтар 2023 ж. 612 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 363

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 442

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930