» » Ене мектебінен шыңдалдым

Ене мектебінен шыңдалдым

Ежелден қазақ халқы қыз бен келін тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» қағидасы осының дәлелі болса керек. Келіннің отбасындағы әдептілігін, инабаттылығын, мәдениеттілігін қызына үйрету арқылы жеткізген.
Қазіргі заманда ене мен келінді ажырату қиын. Өйткені, кейбір отбасыларға бара қалсақ, ашық-шашық киінген ене мен келіннің киім үлгісіне қарап ажырата алмай қалатынымыз рас. Ене мен келін арасы тату-тәтті болуы керек. Келін өз жолын біліп қайын інісіне, қайын сіңлісіне ат қойып, ерте тұрып6 ата-енеге сәлем салып жылулық танытса, қонақ келгенде күліп қарсы алса, үлкеннің батасын алса жолы ашылып, ырысы көбейеді. Отбасы татулығы ене мен келіннің қарым-қатынасына тікелей байланысты. Ене көрген-білгенін келінге үйретсе, келін алған үлгісін кейінгіге үйретеді. Осылайша халқымыздың салт-дәстүрі ешқашан жойылмайды. Жаңа ортаға бейімделу жаңа түскен келін үшін өте қиын. Өзім тұрмысқа кеш шыққан соң ауыл өміріне сіңісіп кету оңай болмады. Ауылда туып, ауылда оқығаныммен 10 жылдай қалада жұмыс істеп, сол жақтың өміріне бейімделіп қалған едім. Десе де кез келген нәрсеге үйреніп кету бойымда бар қасиет.
Атам – палуан, елге өте сыйлы кісі болған. Енем де ауылға сыйлы, халықтың жанашыры еді. Себебі күн-түн демей ауырып келген сәби, жас, үлкен кісі болсын қайтарып жібермей, қолдан келген көмегін беріп аямаған. Қай уақытта келсе де қонақты күліп қарсы алып, әңгіме-дүкен құрып, шежіре ақтарып, дастарқанын жайып, құшақ жая қарсы алып отыратын. Босаға аттаған күннен бастап, анам (енем) қайныларым мен қайын сіңлілеріме ат қоюды тапсырды. Үлкен қайыныма «Төре бала», кішісіне «Ерке бала», қайын сіңлілерімді «Ерке қыз», «Күлімкөз» деп атап кеттім. Арадағы сыйластықтың берік болуына ат қою дәстүрінің көп ықпал ететініне уақыт өте келе көзім жетті.
Келін болып түскен шаңырақ қазақы салт-дәстүрдің мәнін жоғалтпай сақтаған отбасы. Етек-жеңіңді жауып, орамал тағып, үлкенге сәлем салып, дөрекі сөйлемей, сыпайылық таныту біздің отбасының берік ұстанған тәрбиесі. Осы жерде ардақты енемнің берген тәрбиесін, көрегендігін мақтанышпен айта аламын. Жанымызда болмаса да бізге берген тәрбиесіне тәнтімін. Жарқын жүзді күлімдеген бейнесі ешқашан көз алдымыздан кетпейді. Оның берген тәрбиесі мәңгілік жүрегімде сақталады. Атам өмірден өткенде Дінмұхаммед есімді ұлым дүниеге келді. Енем сол кезде қатты қуанып, «менің қайғымды ұмыттырған Димашым» деп төбесіне көтеріп отырушы еді. Ал Жәудірім өмір есігін ашқанда, есімін өзі қойып, көзі мөлдір-тұнық жәудіреп тұрсын деген болатын. Жәудір өсе келе қылығына тоймай, күн сайын тамсанып «ақ қояным», «шөжем» деп еркелететін. Келінім Нұрай босанғанда есімін «Үкілім» деп қойған еді. Алайда «үкілеп ұзатамын» деген арманы ішінде кетті-ау.
Қай жерге барса да енемін, абысынмын, құдағимын, құдашамын деген көзқарас ол кісіде мүлде жоқ. Қандай шаруа болмасын білек сыбанып, қолынан келген көмегін ешқашан аяған емес. Ауырып жатып қалған кезінде көңілін сұрап келмеген ағайын қалмады. Оның дәлелі өмірден озар алдында «Халқыма, еліме, ағайыныма, бауырларыма, балаларыма ризамын, рақмет» деп қайта-қайта айта беруі еді. Оның мінезі, әдемі келбеті мен жайдарлы жүзі, күлімдеген көзі біздің жадымызда. Ене мен келін ретінде сыйластық пен құрметтің ерекше белгісін көрсете білдік деп сенемін. Ол кісінің бір ерекшелігі – бас салып зекімей, дауыс көтермей, ешқашан жасытпай, әбден балдай батып, судай сіңгенше қамқор болып, көңіліме қаяу түсірмей тәрбиеледі. Осынша сабырлылығына тәнтімін. Ұлдарына да қайын жұртын, ағайын-туысын сыйлауға, құрметтеуге үйретті. «Келіннің жақсысы құрдасыңдай, ұлыңның жақсысы сырласыңдай» деп ата-бабамыз айтқандай, бүгінгі сыйластығымыз, құрметіміз осының дәлелі. Отбасымда тәлімді тәрбие алдым, сол үшін ата-анама алғысым шексіз. Ибалық пен инабаттылықты жаныма серік етіп, келген жерімде бағым ашылып, үлкен сыйға бөлендім, сол үшін ата-енемді әрдайым мақтан тұтамын.
Жадыра КОШМАНОВА,
№185 орта мектептің мұғалімі
01 наурыз 2021 ж. 524 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 043

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031