» » Татулықтың тамаша үлгісі

Татулықтың тамаша үлгісі



«Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері-ай,
Көл«Пай-пай шіркін, қазақтың келіндері-ай,
Көл-дария секілді пейілдері.
«Абысын тату болса, ас көп»
деген,
Мақалдың айтылуы тегін бе еді», – деп ақын Сәнімкүл Желдербаева апамыз жырлағандай, осы әндегі «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп» деген мақалды дана халқымыз текке айтпаған. Ауданымызда татулықтың тамаша үлгісін көрсетіп, ел-жұртқа өнеге болып отырған келіндеріміз жетерлік.
Әулеттің атағын әуелетіп, дәулетін кемерінен асырған, ағайын арасындағы бітімді біріктіріп, көңілді кіріктіретін де әйел десек өтірік айтқандық емес. Тіпті бір-біріне ренжіскен ағайындар арасына дәнекер болып, татулықты дәріптейтін де осы ақжаулықтылар. Бұл – шындық. Дінге сенімі мол бабалар имандылыққа имандай ұйыған және осы жолдан айныған емес. Осы ретте қазақ келіндерінің рөлін сөз етпей кету мүмкін емес.
Жосалы кентінде жас та болса абысынды-келіндік татулықтың символын ұлықтап жүрген ақ орамалдыларды айтпай кетуге әсте болмас. Олар ата-аналарынан алған тәлім-тәрбиені келін болып түскен отбасында да ұстанып, қайынжұртының жақсылықты ісін жалғастырып жүр.
Жосалы кентінің Шығыс бетінде орналасқан «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» атындағы ықшам ауданының тұрғындары Бақытжан Бисенбаев пен Зәуреш Балтоқаеваның бірінен соң бірі отау көтерген Дәулет, Әділет және Ербол есімді ұлдары өздерінің келешек өміріне серік етіп таңдаған жарларымен бірге тұрады. Отбасының үлкені Дәулет пен келіні Ақтолқын 2019 жылы шаңырақ көтерсе, екінші ұлы Әділет өткен жылы Аида есімді арумен бас қосады. Ал, отбасының кенжесі Ербол да таңдауын Аяжан есімді бойжеткенмен байланыстырып отыр.
Ене мен келін арасындағы сыйластықты қадірлеп ұстаған Зәуреш әкеден алты ағайынды екенін айтады. Ана өнегесі мен ақыл-кеңесін тыңдап өскен келін жат жұртқа келгенде уақыт өте келе енесіне жақын сырлас сіңілі болып кеткенін де байқамай қалады.
«Келіні бар адамның бір көзі көріп, бір көзі көрмеуі керек. Бір құлағы естіп, бір құлағы естімеуі керек» деп марқұм енем айтып отыратын-ды. «Қазақта білмегенді кешіре алмасаң, білгендігің қайсы?» деген де даналық сөз бар. Сондықтан кейде ене даналық танытып, көп нәрсеге байыппен, ақылмен қарай білуі керек. Өзінің үлкен екенін, одан гөрі тәжірибесі молдығын ескеруі тиіс. Мен әрдайым үш келініме енемнен алған ақыл-кеңесті осы отбасының бас келіні ретінде айтып отырамын, – дейді ене тәрбиесін алған Зәуреш Жайлаубайқызы.
Үріп ауызға салғандай бір отбасындағы үш келіннің сыпайылығы мен инабаттылығы кімді болсын тәнті етпей қоймайды.
– Мен осы отбасының үлкен келінімін. Жарым Дәулетпен 2019 жылы шаңырақ көтердік. Қазір отбасымыздың сәні де мәні, шаттыққа толтырып отырған үш сәбиіміз бар. Өзім ауыл шаруашылығы саласының маманымын. Анамның сүтімен дарыған жақсы мінез-құлықпен жүрек қалауыммен таңдаған жарымның отбасына адал қызметімді істесем деймін. Қазақстанда әр аймақта келін тәрбиесіне әртүрлі қарайды. Бірі – келінді қызындай көрсе, бірі – қазақы салтты, тәрбиені бойына сіңіріп, үйдегі ата-енені сыйлатуға барынша күш салады. Тіпті қайынжұртын атымен ататқызбайды. Десе де, бұл салт келін мен қайынжұрт арасында өзара сыйластықтың қалыптасуына зор әсер етеді. Мен отбасының салт-дәстүрін берік ұстанамын. Қайныларыммен арадағы сыйластықтың берік болуына қазақтың ат қою, ат тергеу дәстүрінің көп ықпалы тиетініне көзім жетті. Басыңа орамал тағып, арнайы тігілген құрақ көрпеде отырып, шай құю да үлкен өнер екен. Бұл дәстүрді өзімнен кейінгі келіндерге де айтып келемін. «Абысын тату болса, ас көп...» дегендей, отбасындағы үш келіннің өз міндеті бар. Әрине, біз жұмысты бөліп алмаймыз, біріміз ас дайындап жатсақ, біріміз үй тазалаймыз, біріміз басқа жұмыс атқарамыз. Әйтеуір бос отырмаймыз, – дейді отбасының үлкен келіні Ақтолқын Нұрланқызы.
«Келін қайын ененің топырағынан жаралады» деген де тәмсіл бар халқымызда. Жанұяда қалай бақытты өмір сүру керегі көрсетілген асыл дініміз бен ата дәстүрімізде қайсыбір қиыншылық болмасын оның шешілу жолы қарастырылған. Қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болмаған. Тарихта ене мен келінге Төле би төрелік айтып, Қазыбек би қиындықты шешіпті деген дерек жоқ. Екі арадағы келіспеушіліктер туралы да ешбір шешендік сөз, мақал-мәтел кездеспейді. Ене мен келін институты сонау замандардан ұрпақ сабақтастығы арқылы жетіп отырған.
«Келген жеріңе тастай батып, судай сің» деген сөздер жаңа түскен келінге ендігі жерде осы шаңырақтың бір өкілісің, сен осы үйдің бір мүшесісің деген ұғымда айтылған.
– Келін болып түскелі бері енемді ақылшым деп танып келемін. Ал, абысыным Ақтолқынды ұстазыма балаймын. Өзімді бақытты отбасының мүшесімін деп есептеймін. Анашым Жүрсіннен алған тәрбиемді ұрпағыма дарытып, көргенді келін атансам, маған одан артық ештеңенің керегі жоқ. Лайымда бәріміз бақытты болайық», – дейді Аида.
Ал, өз кезегі келгенде кенже ұлдың келіншегі пікірін былайша баяндайды. «Мен психолог ретінде қазақ халқының салт-дәстүріне құрметпен қарап өскен ұрпақпын. Оның ішінде қыз бала ретінде «Ана» деген ұлық есімді ұлықтаған жанмын. «Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын» дегендей, бірлігі мен ауызбіршілігі жарасқан осындай отбасының келіні болғаныма шексіз қуаныштымын» дейді Аяжан Оразбекқызы.
Әрбір қазақ отбасының ажары мен сәні инабатты келіні десек, осы ретте адалдық пен имандылықтың өнегесін көрсетіп отырған Бисенбаевтар шаңырағының кең пейілді үш бірдей келінінің бақыты еселеніп, тіл-көзден аман болсын дейміз!
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
14 қараша 2022 ж. 623 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 369

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 448

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930