» » Қоңсы тату болса – құт

Қоңсы тату болса – құт

Қармақшыға кіреберіс трасса жолына ұзына бойы орналасқан бірнеше көше бар. Соның бірі – Ізтілеуов көшесі. Базар маңынан басталатын бұл көшенің соңы күрежол бойындағы кішкене тұйық көшеге жалғасады. Бүгінгі әңгімемізді осы Ізтілеуов көшесінің тұйығында тұратын тұрғындарға арнамақпыз.
Қазақ қашаннан «Жақсы көрші тап­қаның – мол олжаға батқаның» деп көршілерін жақынындай көріп, сыйлаған. Қандай жиын-тойы мен өлім-жітімі болсын барлығының басы-қасында көрші жүреді емес пе?! Бұл көшенің тұрғындары да солай. Бір-бірімен тату-тәтті, ауызбіршілікте өмір сүруде. «Қуанышты бөліссең көбейеді, қайғыңды бөліссең азаяды» дегендей шаңырақтарындағы қандай да бір қызықшылық, қуаныш болмасын көршілермен бөлісуге дайын тұрады. Олардың ұйымшылдығын ауыз толтырып айтуға болады.
Көше тұрғындарының ішіндегі жасы үлкені – Қантай Аманова. Осы көшеде ұзақ жылдан бері тұрып келеді. Көршілер де үлкеніміз деп үнемі ақылдасып, кеңесіп, батасын алып отырады.
– Біздің көшенің тұрғындары бір-бірімен тату. Бұл көшеге 1967 жылдың 3 қаңтарында келдік. Содан бері осы балалар қасымызға көшіп келіп, бүгінде баршамыз татулық пен ұйымшылдықта, ауызбіршілікте тұрып жатырмыз. Үлкендігімді сыйлап, бірауыз сөзімді жерге тастаған тұсы болған емес. Оларға да үлкен алғысымды айтамын. Үнемі жәрдем беруге, қол ұшын созуға дайын тұрады. Қашан үйіне бара қалсаң шырайлы жүзімен қарсы алатын көршілерімнің барына қуанамын. Сонымен бірге көше тазалығы, той-томалақта бәріміз жиылып, бас қосамыз. Сонымен бірге бірінің үйіне бірі барып көмектесуді де бізден кейінгі іні-келіндеріміз қолға алған, – дейді Қантай апа.
Бірлігі жарасқан көше тұрғындары бірлесе жиын өткізуге дағдыланған. Бір көшенің бойында орналасқан 8-9 үй, бір үйден тараған ағайындай тату-тәтті тұрады. Бір күн төбе көрсетпесе іздеп баратын көршілердің осындай ауызбіршілікте болуында үлкен кісілердің салып кеткен жолы дерсіз. Расымен олар бір-бірімен тату, бір туған бауырдай өмір сүруде. Көше тұрғындары ауланың көгалдандыру жұмысына, тазалы­ғына үнемі мән беріп келеді.
Бұл көшенің тұрғындарының тек үл­кендері ғана емес, балалары мен келіндері, немерелеріне дейін бір-бірімен араласып-құраласып тұрады.
– Кешкілік уақытта балаларды серуендетуге алып шығарамыз. Сол сәтте бә­ріміздің басымыз қосылып әңгіме-дүкен құрамыз. Аудан жаңалықтарын да қалыс қалдырмаймыз. Біз ғана емес, тіпті балаларға дейін бір-бірін іздейді. Көрші жайлы қазақ «Ұлым жақсы болсын десең, ұлы жақсымен, қызым жақсы болсын десең, қызы жақсымен көрші бол» деген мақалы бар емес пе?! Сол себепті оларды кішкентай кезінен көпшіл болуға тәрбиелеп, бір-бірімен дос болғанын қалаймыз. Сонымен бірге келіндердің де қатысып тұрады, – дейді көше тұрғыны Тиішкүл апа.
«Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» дегендей олар қиналған сәтінде бір-біріне демеу болып, қарайласып қолдау көрсетеді. Той-томалақ, өлім-жітімді атқарысуда қазан көтерісіп, ортақтасудан аянып қалмайды.
Қазақ қашан да «Қоңсы тату болса – құт, қату болса – жұт» деп түсініп, жақын болған көршісінен ешнәрсесін аямаған. Бұл көшенің тұрғындарынан біз осыны аңғардық. Көршілердің көңілін суытпай, қатар отырған туыстай болып татулықта, бірлікте өмір сүріп жатқанына біз де таңданысып қайттық. Олардың үлкенге деген сый­ластығы да ерекше. Үнемі ақылшы болар үлкендердің бастамасын кішісі қолдауға әзір тұрады. Өздерінің қазіргі заманға сай WhatsApp желісінде арнайы «Көршілер» деп чат та ашып алған. Ақылдасар шаруа болса сонда ортаға салып, бірлесе шешеді.

Ақнұр САҒЫНТАЙ
15 мамыр 2021 ж. 623 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930