» » » Төртеу түгел болса...

Төртеу түгел болса...

ЖОСАЛЫ, 4 ақпан – qarmaqshy-tany.kz «Біздің көшенің тұрғындары» деп мақтана сөйлегенді естісек елең ете қаламыз. Бірлікке шақырар білектілеріміз азайған, ағайын-туысы тұрмақ ет жақынына да жаны ашымайтын көбейген  қоғамда «мен» емес «біз» деп сөйлеу құлаққа қандай жағымды еді.  Өзінің емес, өзі тұратын аймақтың ауызбірлігін насихаттап жүрген тұрғынның сөзін бөлдік.
  • Біздің деп отырғаныңыз қай көше?
  • Өміров.
  • Өміров деген кім? – білмеген болып.
– Ау, Өміровті білмегендерің қалай? Былтыр газетке жаздыңдар ғой.  Ауған соғысына қатысушы жауынгер жерлесіміз емес пе? Небәрі 22 жаста өмірден өткен, –  деп көшесі туралы біраз мағлұмат білетінін аңғартты әлгі жан.
Айналмалы көпірден өтіп, кентке енгенде алғашқы көшенің бірі осы жаужүрек жауынгер Әнуарбек Өміровтің атына берілген. Бұрын сол аймақта «Бесаспап» базары болатын. Елді мекеннен қатынайтын автобус пен көліктің базарға тіке кірер тұсы осы жер болған соң алғаш жолы жөнделіп, асфальттанған еді. Аяқ су келетінкөшенің қос қапталындағы Сыр талдары ерте көктемнен бүршік атып, жазда көлеңкесімен көмкеріп тұрады.  Алғашқы баспаналардың іргетасы 1980 жылдары қаланса, қазір 60-қа жуық қоңсы бар. Көршісін туысынан кем  көрмейтін тұрғындар бірлігі айтса айтқандай-ақ екен. Көше комитетінің төрағасы етіп араларынан сөзі өтімді,  ісі ширақ Орынбек Әбеновті сайлапты. Әлгі азамат тұрғындармен тілдесуге тілшілер келгенін хабарлағанда, бәрі ардагер ұстаз Нәжмадин Өсеровтің ауласына жиналды.
Ол – аталған көшедегі 84-ті алқымдаған, жасы да, жолы да үлкен ардагер. №26 мектепте ұзақ жыл ұстаздық еткен. Ақсақалдың баласының бірі – Америкада білім алса, бірі – Ленинградта тұрады. Бар саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған маман жетекшілік ететін сыныбындағы 24 оқушыны (1947 жылы туған түлектер) Мәскеуге саяхатқа апарыпты. Мұндай ғажайыпты арман көрген оқушылар бұл саяхаты үшін ата-анасынан еш ақы сұрамаған. Жетекші ұстазы сол жылдары шаруашылық басқарған Ерназар Сексенбаевпен келісім жасап, 3 ай демалыста шәкірттеріне қияр егу, картоп теру секілді жұмыстар істетіп, қосымша еңбекке баулыған. Жиналған еңбекақыларына өмір бойы естерінде қалатын осындай демалыс ұйымдастырған. Ұлағатты ісі көп ақсақал көршілер бас қосқанда үнемі білім мен тәрбие төңірегінде үлгі болар естеліктер айтып, әңгіме өрбітеді. Денсаулықтың сыр бере бастағаны сол қазір үйден ұзап шықпайды. Есесіне көршілер күніне бір мезгіл келіп, көңілін аулайды. Бір қызығы, бұл көшенің тұрғындары ешқашан бірімен-бірі ұрысып, бір-бірі туралы жағымсыз пікір айтпаған. Сырқаттанып қалғанда көңіл сұрау, той-томалақ, өлім-жітімді атқарысуы өз алдына, үлкендері жолаушы кеткен көршінің отбасына қарайласып, бас-көз болып, шаруасын, мал-жанын түгендеп, ақыл-кеңес беріп, шамасы жетпей, қолынан келмей жатқан жерін жөндеп жібереді. Соғымға сойылған малдың басына шақырып, әйелдер жағы дәмді, әуес тағамдарын бір-біріне балаларынан беріп жібереді, дәм татқызады. Мұның бәрі араларындағы татулықтың дәнекері.
Ертемен бір-бірінің тықырын естіп, төбесін көрісімен дауыстап сәлемдесіп, амандасады. Кешқұрым да, күндізгі шаруалары жайғасқан соң бас қосып, жаңалықтарын айтып, осы күнгіше айтқанда, «ақпарат алмасып», бір-біріне, көшеге қатысты ертеңгі істерін келіседі. Аз уақыт болса да әңгіме-дүкен құрып, қалжыңдасып бір жасап қалады. Кішкентай балалар да үлкендердің осы бір шүйіркелесулерін мерекедей көріп, мәз болып, араларында жүреді.
Өткен жылы еңбек ардагері Жазықбай Нұржановтың нұсқауымен көшенің қиылысындағы бос орынға ағаш отырғызыпты. Оның отағын жұлып, көктем мен күзде түбін әктейді. Кешелі бері көше комитеті төрағасы Орынбек Әбеновтің ұйымдастыруымен жас жігіттер көшені қардан тазалап әлек. Нәжмадин ақсақалды ортаға алған тұрғындар күннің ызғарын елер емес. Шанамен ерсілі – қарсылы жүгіріп, ойнаған балалар шуылы тіпті көше ажарын кіргізеді. Бүгін жұма ғой деп жеті күлшесін алып жүгірген Мырзагелді ағамыздың үйіндегі Мәрияш анамызға  да қабыл болсын айтып жатты.
Бұл көшеден шеберлерді де кезіктіруге болады. Олар ағаш ұстасын іздеп әріге бармайды. Бетке ұстар Марат Үсенов сынды бесаспап жанға Әзиз Дүкенбай есімді іскер жігіт қосылған. Киім қысқарту, көрпе көктейтін шеберді де жақыннан табады. Сәбираш Ембергенова, Маржан Маратқызы он саусағы майысқан шеберлер.  Ал қолынан дәнекерлеу ісі келетін, аң мен балық аулайтын, кәсіппен айналысатын жігіттер де, үйінде отырып тәтті тоқаштар пісіретін қыз-келіншектер  де бар. Көше тұрғындары Нәжмадин ақсақалдан үлкеніміз деп бата алса, өмірге 7 бала әкелген Батыр ана Кенішкүл Ермағанбетованың да өзіндік орны бар.  Жиналған жерде қыз-келіншектерге білгенін, түйгенін айтып отырады.
– Мен бұл көшеге үйді 1984 жылы тұрғыздым. Қазіргідей емес тұрмыс та қиындау болды. 4-5 жылдап салдық. Бір жыл іргетасын қалаймыз. Ендігі жылы қабырғасын өреміз дегендей. Сонда ауламыз қоршалмаған. Құрылыс заттары мен құралдары орнында қалады. Көшемізде біреудің заты не малы ұрланыпты дегенді естіген емеспін. Үйімізге құлып салмай, көршімізге тапсырып кете береміз, – дейді еңбек ардагері Әбен Қаракөзиев.
– Бұл көшеде ауданға белгілі азаматтар Тиышкүл Дәлиева, Тілеген Тоқтыбаев, Серік Құлмырзаевтар тұрды. Тиышкүл Дәлиева ұйымдастыру жұмысында алдына жан салмайтын. Бір істі бастаса, қоштай кететінбіз. Серік Құлмырзаев көршіміз Қызылордаға қоныс аударды. Онымен қимай қоштастық. Мерейлі отбасының әр баласының жүлделі орыны біздің көше тұрғындары үшін үлкен той еді.  Біз о бастан көшеге күл мен кір су төккен емеспіз. Тазалығына баса мән береміз. Іргелес Ібәш жырау, Тоғанас батыр көшесінің тұрғындарымен де байланыс орнатамыз. Ас, жиын, тасаттық бергенде міндетті түрде бас қосамыз. Өткен жылы көшемізде қуанышпен қатар қайғылы жағдайлар да орын алды. Бірі баласынан, бірі келінінен көз жазды. Биыл көктем шықса тағы бір бас қосып, Құран оқытпақшымыз. Құдайы жолыға марқұм Әнуарбек Өміровтің туған-туысын шақыруды ұмытқан емеспіз, – дейді  көшенің тарихын құрылғанынан бері білетін Жазықбай Нұржанов.
Иә, өткен жылы ұйымшылдықпен берген тасаттығына біз де куә болғанбыз. Сонда татулығына тәнті болып едік. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді», «Үй алма, көрші ал» дегенді қазекем қалай орынды айтқан десеңізші.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (сурет)
04 ақпан 2020 ж. 1 223 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031