ИНТЕРНАЦИОНАЛИСТЕРГЕ ІЛТИПАТ
Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 30 жыл толуына орай аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев бір топ ауған соғысының ардагерін қабылдады.
Қабылдауда Е.Меңлібаев ауған соғысының тарихына тоқталып, жат елде интернационалистік парызын өтеген Кеңес әскерінің, оның ішінде қармақшылықтардың жауынгерлік тапсырманы орындаудағы ерлікті істерін әңгімеледі.
Сондай-ақ, оларға «Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына – 30 жыл» медалін тапсырды.
Сөз кезегінде Вьетнам және Ауған соғысының ардагерлері Иса Бисенов пен Асқар Ерманов, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Рүстем Тұрғанов естеліктер айтса, одан әрі шараны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өнерпаздары Берік Аққалиев пен Ғалымжан Шәкизада ән мен жырға бөлеп, ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сол күні Жосалы кенті әкімі Шыңғыс Сыдықов та интернационалист-жауынгерлерге құрмет көрсетті.
Ш.Сыдықов сұм соғыс құрбаны Нұрлыбек Айсауытов, Әнуарбек Өміров сынды жерлестеріміздің есімімен кентте көше атауы берілгенін, сонымен бірге Алтай Жыңғылбаевтың есімін ұлықтау мақсатында кенттен бір көшеге есімін беруге ұсынысын айта келе, ардагерлерге сый-құрмет көрсетті.
Шара барысында Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсыбай Жәкеев, аудандық қорғаныс істері бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рүстем Тұрғанов, соғыс құрбандары Нұрлыбек Айсауытов, Әнуарбек Өміров пен Алтай Жыңғылбаевтың туысқандары осындай тағылымды іс-шараны ұйымдастырушыларға алғаусыз алғысын айтты.
Шара соңы аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».