ЕСТЕЛІК ЕСКІРМЕЙДІ
Жақында аудандық Абай атындағы орталық кітапханада оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына байланысты «Отты жылдар тарихы сыр шертеді» тақырыбында 1979-1989 жылдар аралығында ауған жерінде интернационалистік борышын өтеген жерлестеріміз Асқар Ерманов, Әбутәліп Жалмағамбетов, Ержан Жүсіғұлов, Болат Ақтаев, Мейрамбек Мейірманов, Бақтияр Есхановтардың қатысуымен танымдық кеш өтті.
Шараны аудандық орталық кітапхана директоры Шара Қаниева ашып, сол бір отты жылдары ауған жерінде жалынды жастық шағының бір бөлігін өткізген интернационалист-жауынгерлердің дұшмандарға қарсы көрсеткен ерлігі жайлы әңгіме тінін тарқатты.
Содан соң сөз кезегін алған ауған соғысының ардагерлері Асқар Ерманов, Әбутәліп Жалмағамбетов, Батрыбек Есханов отты жылдар туралы естеліктер айтса, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Рүстем Тұрғанов, Алматы Құрлық әскерлерінің әскери институтының курсанттары Мерей Бөгенбаев пен Алмат Елібаевтар сөз сөйлеп, ағалар ерлігіне тәнті екенін, елін жаудан қорғаған ата-бабалар ісін әрдайым өнеге тұтатынын, олардың ерлікті ісіне мақтанышпен қарайтынын жеткізді.
Сонымен қатар, шара барысында №26 орта мектептің 8 сынып оқушылары қазақ ақындарының ұлт батырлары жайлы жазған өлеңдерінен үзінді оқыса, одан әрі шараны 10 сынып оқушылары Рамзан Жарылқасынов пен Нұрмұхаммед Әлиасқаров нақышына келтіре орындаған патриоттық әнмен әрледі.
Танымдық шара соңында ауған соғысының ардагерлері №26 орта мектеп оқушыларына алғыс хат тапсырды.
Нұрбай ӘБІЛАХАТҰЛЫ,
«Қармақшы таңы».