ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан елінен шығарылғанына 30 жыл толды. 1979-1989 жылдар аралығында ауған елінде Кеңес әскері құрамында интернационалдық парызын өтегендер қатарында қармақшылықтар да бap.
От кешкен жауынгерлер соғысында Нұрлыбек Айсауытов, Әнуарбек Өміров, Рақымжан Доспановтар туған жерден жырақта өмірін сарп етсе, Алтай Жыңғылбаев сынды атпал азамат ауған соғысынан алған жарақатынан өмірден ерте озды.
Осындай батыр да қайсар азаматтардың есімін өскелең ұрпаққа өнеге ретінде насихаттау мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен «Отты жылдар тарихы сыр шертеді» атты танымдық шара ұйымдастырылды.
Аудан орталығындағы «Жастар аллеясында» ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қоюмен басталған шарада аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов және аудандық «Ауғанстан және аймақтық соғыс ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Ерманов отты жылдарда қаза болғандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Сонымен қатар, «Қармақшы ата» мешітінің діни қызметкері Рашид Ефеновтіыызң соғыс құрбандарына бағыштаған дұғасына қол жайды.
Одан әрі шара Шамшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Шара барысында Кеңес әскерінің ауған дұшмандарына қарсы өткізген соғысы туралы деректі фильмі тамашаланып, аудан әкімі Сұлтан Мақашовтың сол бір зұлмат жылдар туралы қазақ интернационалистерінің ерлікті істері жайлы әңгімесіне зейін қойды. Сонымен қатар, аудан басшысының бір топ ауған соғысы ардагерлеріне көрсеткен қошеметіне қол соқты.
Танымдық шарада қонақтар аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концертік бағдарламасын тамашалап, аудандық кітапхананың тақырып аясында ұйымдастырған кітап көрмесімен танысты.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».