» » Тұрғыны тату Наурыздың

Тұрғыны тату Наурыздың

ЖОСАЛЫ, 18 ақпан – qarmaqshy-tany.kz Құшағы кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басты. Бір шаңырақ астында өмір сүрген түрлі ұлт пен ұлыстың бірлігі, ынтымағы айтса айтқандай. Соның бірі – ауданға қарасты ІІІ Интернационал ауылы өзге ұлт өкілдерімен көпке танымал. Бұл елді мекенде елеуге тұрарлық өзіндік ерекшелік жетерлік. Оның шын мағынасы мен көрінісін аталмыш ауылдан байқадық. Келбеті қазаққа келмесе де, жан дүниесі бізбен егіз азаматтар көп мұнда. Сөзімізді айқындай түсейік. Мұнда бәрі тату, бөліп жаруға келмейді. Ауылдың қай көшесінің тұрғынын алсаң да ынтымақты ту еткен. Бәрі жарасымды. Соның бірі – Наурыз көшесінің тұрғындары.
   «Жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір» тұрғындардың ауызбіршілігінде шек жоқ. Тонның ішкі бауындай араласып, түрлі ұлт өкілдерімен қауымдас болған көше тұрғындарының бүгінгі тыныс-тіршілігіне тәнті боласың. Қойы қоралас, малы аралас көрші-қолаңның татулығы жайлы айтпаса да түсінікті. Олардың бір-бірінің үйіне барып, шүйіркелесіп, бір шәугім шайды бөліп ішу былай тұрсын, өзара амандасқанына қарап төбеміз көкке жеткендей.
   Дініміз «Көршімен тату болу» деген ұғым аясында ұлты, сенімі, нәсілі, байлығы, лауазымы, атақ-дәрежесіне қарамастан сыйласу қажеттілігін бұйырады. Халқымызда көрші ақысы туралы нағыз мұсылмандық ұстаным қалыптасқан. «Қиямет күні алдымен көрші ақысы сұралады екен», – деген ұғым да бар.
   Бүгінде Наурыз көшесінің тұрғындары жыл сайын мерекелік жиындарды қалт жібермейді. Әсіресе Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін кең көлемде тойлайды. Осы мейрамды асыға күтетін тұрғынның бірі – Людмила Сон. Ол беларусь ұлтының өкілі. «Қазақтың осы бір ұлттық нақышта өтетін ерекше мейрамын мен де шын ықыласпен қарсы аламын» дейді ол. Людмила жыл сайын ауласына бақша егіп, өнімі жақсы шықса, бірінші көршілеріне таратады. Іргелестері дүкеннен қияр, қызанақ сатып алмай жаз бойы Людмиланың өнімін тұтынады.
   Бір көшеге тоғысқан бес ұлттың өкілі өздерінің салт-дәстүрімен бөліседі. Кімнің үйінде той-томалақ, құдайы жолы берілсе біркісідей атсалысып, қазанын көтеріседі. Тіпті «көше тұрғындары» деген ватцап желісін ашып алған, «шұғыл шаруа болса соған байланысқа шығамыз» дейді олар. Бүгінде көшенің үлкені зейнеткер – Игенберді ақсақал. Ол кісінің алдын қазақ түгілі өзге ұлт өкілі де кесіп өтпейді.
   Жоғарыда айтып өткендей ұйымшыл тұрғындар сенбілік жүргізуді дағдыға айналдырған. Бәрі ауылдың көркеюіне белсене атсалысады. Жазды күні орталық алаңдағы киіз үйге жиналып, әңгіме дүкен құрып, бір демалып қайтады. Ардагерлер мен жастардың жиі басқосуы үшін игі іс жасаған ауыл әкіміне, демеушілік еткен азаматтарға қандай алғыс айтылса да жарасымды.
   Біз әңгіме еткен бұл ауылдың бірлігін шағын мақалаға сыйғызу, бір ауыз сөзбен айтып жеткізу әсте мүмкін емес. Себебі, ауылдағы бір ғана емес әрбір көше тұрғыны осындай. Сонысымен де өзгеге үлгі.

Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
18 ақпан 2020 ж. 1 036 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 049

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031