» » Жарқын ісімен үлгі Жаназаров көшесі

Жарқын ісімен үлгі Жаназаров көшесі

Наурыз – мереке мен берекеге толы ерекше ай. Ұлық мерекені асыға күтіп, оны ерекше тойлау да дәстүрге айналған. Бұрындары әр үйде наурыз көже пісіріліп, келген қонақтар дәм тататын. Соңғы уақыттарда бұл дәстүрді үлкен көлемде, яғни көше болып ұйымдасып тойлау белең алуда. Бұл қуантарлық жайт. Себебі көршілер арасындағы бірлік нығайып, сыйластық артады. Ата-баба үлгісін өнеге етіп, одан әрі өркендетіп отырған көше тұрғындары біздің өңірде де жетерлік. Соның бірі – кент орталығындағы соғыс, еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз есіміне берілген Жаназаров көшесі.
Мен өскен көшемен іргелес болғандықтан, бұл аймақ маған бала күннен таныс. Тұрғындары тұрақты. Басым көпшілігі осы жерде туып, өркен жайған шаңырақ. Батагөй қариясы мен ақылшы анасы мол көше біршама жылдан бері Наурыз мерекесін тойлаудың озық үлгісін көрсетіп келеді. Тұрғындар ұлттық мәзірде дастарқан дайындап, наурыз көже пісіреді. Ал жігіттер жағы қазақша күрес, арқан тартыс секілді қазақы ойындармен бақ сынасады. Жеңімпаздарға тұрғындар демеушілік жасап сыйлық дайындайды. Игі үрдістің басы-қасында жүріп, өнегелі істің ұйытқысы болып жүрген қариялармен әңгіме өрбіттік.
– Қазақ қашаннан «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деп, көршілерін туғанындай жақын тартып, жақсы көрген. Сонымен қатар, жаңа көшіп келген үйге «ерулік» беретін болған. Бұл дәстүр сыйластықты, татуластықты қалыптастырып, көршінің тез сіңісіп кетуіне жәрдем берген. Қазақтың қай тойы мен өлім-жітімі, жиыны болмасын, көршінің қызметі бірінші орында тұрады. Мұның өзі алыстағы ағайыннан бұрын қуанышыңа шын қуанып, қайғыңа ортақтаса білетін жақының – көршің дегенді білдіреді емес пе? Мұның бәрі қазақы салт-сананың тазалығын, көршілердің бір-біріне деген ниетінің адал екенін білдіреді. Тіпті, қасиетті Құранның «Ниса» сүресінде ата-ана, туыс-туған, міскін жетімдермен бірге көрші-қолаңға да залал тигізбей, жақсылық жасауды бұйырған. Сол үшін де ата-бабаларымыз «Қоңсы тату болса – құт, қату болса – жұт» деп түсініп, дәмдес болған көршісінен ешнәрсесін аямаған. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дейтіні де сондықтан. Қазақтың көршіге байланысты қай мақалын алып қарасаңыз да, көршімен қату болуды емес, тату болуды насихаттайды. Біздің де өзімізден кішіге мұра етіп қалдырар нәрсеміздің бастысы сыйластық. Ол бар жерде береке де болады, – дейді көше тұрғыны Әлманбет Сартайұлы.
Расымен, бірлігі жарасқан көше тұрғындары бірлесе жиын өткізуге үйреніп-ақ алған. Үлкендердің бастамасын кішісі қолдауға әзір. Заманға сай WhatsApp желісінде арнайы топ та ашылған. Ақылдасар шаруа болса ортаға салып, бірлесе шешеді.
– «Адамның күні адаммен» демекші, қолдан келгенше көршіңе жәрдем беріп, ең болмағанда, шырайлы жүзбен қарсы алып, жылы сөзбен шығарып салудың өзі асқан адамгершілік емес пе?! Бұл іс кез- келгеніміздің қолымыздан келері хақ. Пандемияға байланысты Наурыз мерекесін тойлай алмадық. Әйтсе де, індет іргемізден алыстап, көпшіліктің жиналуына рұқсат етілсе бұл үрдіс жалғасын табатыны анық, – дейді тұрғындар.
Думанды шарада балалар асыр салып ойнап, білекті жігіттер күш сынасып, тұрғындар ән мен жырдан шашу шашып көпке ерекше көңіл күй сыйланады. Дәстүрге сай үлкендердің ақ батасын алып, елдің көңілі бірленеді. «Наурыз – бұл ең алдымен бірлік пен татулықтың, ізет пен ілтипаттың, қамқорлық пен достықтың мерекесі. Сондықтан да осы мереке қарсаңында көше тұрғындарының басын қосып, дастарқан басында «Наурыз» көжеден дәм татамыз, өлең айтып, би билейміз, бір-бірімізге жақсы тілектер айтып, бір жасап қалушы едік» дейді тұрғындар өткенді еске түсіріп.
Бір жыраудан «Бақыт, қайдан келесің?» деп сұрағанда, «Сыйламаған көршісін, ұрыспен алған еншісін, сұмдардан қашып келемін» десе, «Енді қайда барасың?» деген сұрағына «Көршімен болған бірлігі, ғибадат тірлігі ұйымшыл елге барамын» деп жауап берген екен. Бақыттың бір бөлшегі айналаңдағы адамдармен жасалған қарым-қатынаста екенін естен шығармай, көршімен тату болған абзал. Бұл істе Жаназаров көшесінің жарқын тұрғындары көпке үлгі болмақ.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Қазбек ЖАУЛЫБАЙҰЛЫ (сурет)
25 наурыз 2021 ж. 1 290 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930