» » Тұрғыны тату Байзақтың

Тұрғыны тату Байзақтың

Аптаның жеті күні болса, соның екі күн демалысын бітпес қу тіршілікпен өткізетін әдетіміз емес пе?! Әдеттегідей сенбінің таңында қолым қалт етіп, үйдің жұмысына ден қойдым. Жұмысбастылыққа салынып үй шаруасына көптен көңіл бөлмегенім соншалық, тұрмысқа керек заттардың бітіп қалғанын байқамаппын. Орталық базарға шығып, кері қайтар жолымда орта жастағы келіншектің қолын көтергені назарға ілікті.

Қорап-қорап заты мен азық салған сөмкесін көтере алмай көліктің көмегіне зәру болып тұр екен. Күннің салқынына тоңғанын көріп жолай мінгізіп алдым. «Көп жасағыр айналайын. Құрғыр әшейінде ызғып жүретін бір такси кезікпеді ғой» деп өкпесін айтып қалды. «Қайда барайын тәтей» дедім мен де іркілместен. «Киров көшесіне» деді телефонына үңілген күйі. Кент көшелерінің қазіргі атауына құлақ үйреніп қалған, орыстың көшесін ойша іздеп таппадым. «Қазіргі аты қалай аталады?» дедім сұрағымды қайта жолдап. «Байзақ тегі ғой. Қазақ көшесімен тура жүрсең алдымыздан солға бұрыласың» деді қолымен нұсқай көрсетіп. Баратын жеріне асыққаны көрініп тұр. «Үлкен апама көмекке бара жатырмын, көршілерін қонаққа шақырыпты. Ерте шыққан түрім ғой, әлі жүрмін» деді ашыла сөйлеп. Шағын көшеге бұрылып, кедір-бұдыр жолға түстік. «Осы көше ме? Жолы нашарлау екен» дедім көлігіме алаңдап. «Иә, осы. Көшесі нашар болғанмен тұрғыны өте ұйымшыл» деді келген жеріне тоқтатып. Әдетте «тұрғыны ұйымшыл» деген сөзі құлақты елең еткізбесі бар ма? Көптен бері газетімізде «Біздің көшенің тұрғындары» деген айдардың кенжелеп қалғаны бар еді. Соған жақсы дүние тапқандай болдым.

Қош. Кент орталығында бұрынғы Киров атауымен елге таныс көше бар. Қазіргі аты – Байзақ тегі. Ораз ахунды көлденең кескен көшенің осылай аталғанына 20 жылдан асыпты. Ал тұрғындарының ұйымшылдығында шек жоқ. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Бір көшенің бойында орналасқан 15 көрші, бір үйден тараған он бес ағайындай тату-тәтті тұрады екен. Оны тұрғындармен әңгіме барысында-ақ байқадық. Бір күн төбе көрсетпесе іздеп баратын қоңсыластардың осындай ауызбіршілікте болуында үлкен кісілердің салып кеткен сара жолы жатыр. Әлі күнге сол кісілерді құрмет тұтып, ақылына құлақ асып отыратындарын айтады.

– Мен 1991 жылы Байзақ тегі көшесіне келін болып түскеннен осы жердің тұрғынымын. Содан бері осы көшенің татулығы мен ұйымшылдығына тәнтімін. Ол алдымыздағы көш бастаушы әжелерміздің ұйытқы болуының арқасы. Күні кешеге дейін көшемізге басшылық етіп келген Қалия Нұрғалиева апамыздың бірауыз сөзі барлық көршілердің басын құрайтын. Көше тазалығы болсын, той-томалақ жиындарда бәрімізді шақырып, бірінің үйіне бірі барып көмектесуді ұйымдастыратын. Біз ол кісіні «генерал әже» дейтінбіз. Қазір әжеміз арамызда жоқ. Енді сол кісінің орнын жоқтатпай отырған Раш Баеділова апамыз да бізге ақылын айтып, жол көрсетуде. Біз сол кісілердің ізін жалғап, үлгі тұтып келеміз, – дейді ағынан жарылған көше тұрғыны Ақбала Әбжәлиева.

Бұл көше тұрғындарының бір ерекшелігі ешқашан бір-бірімен ренжісіп, жағымсыз пікірде болмаған. Керісінше қиналған сәттерде бір-біріне демеу болып, қарайласып қолдау көрсетеді екен. Той-томалақ, өлімжітімді атқарысуда қазан көтерісіп, қуаныш-қайғысына ортақтасудан еш аянып та қалмаған. Наурыз мерекесінде бір-бірімен төс қағысып көріссе, ораза айт мерекесінде үйлеріне айттап бару өзара үрдіске айналған. Тек кешегі карантин уақытында тұрғындардың басқосуы біршама тоқтап қалыпты.

– Індетке байланысты көрші болып жиналуды біразға дейін шектей тұрдық. Өйткені сол уақытта жиын той болмасын деген талап қатты болды ғой. Үйден шықпай отырып қалдық. Бірақ карантин екен деп араласпай қалған жоқпыз. Бір-біріміздің жағдайымызды сұрап, біліп отырдық. Қазір шүкір, ол уақытты да өткердік. Әрі қарайда індеттен аман болсақ көршілер бас қосып жиналсақ деген ниетіміз бар, – дейді көше тұрғыны Мағия Мырзагереева.

Қазақ «Алыстағы ағайыннан, жаныңдағы көршің артық» деп бекер айтпаған. Байзақ тегі көшесінің тұрғындары дәл осы мақалды берік ұстанғандай. Аз уақыт болса да көршілермен болған әңгіме-дүкеннен біраз жақсы жайттарды санаға түйдік. Айтпақшы тұрғыны тату Байзақ тегі көшесінің біраз жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрғаны көзге көрініп-ақ тұр. Тұрғындардың жолымыз таза, көшеміз жарық болса деген көптен бергі армантілегі де бар.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
06 наурыз 2021 ж. 1 458 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 055

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031