» » » Екі қазақ қосылса, туыс шығар

Екі қазақ қосылса, туыс шығар

Кеш таяған. Туысқан ағамнан келіп түскен қоңырауды қабылдай сала, дереу жарық көзінде көлігімді жолға дайындадым. «Ертең азанмен күн шықпай тұрып қалаға жол жүру керек». Өтініші осылай. Үйіндегі немересі ауырып қалыпты. Ол жақтағы емхананың қабылдау уақыты тым ерте басталса керек. Көлігіме іштей сенім артып, анау-мынау жерін түртіп қоямын. Қанша дегенмен ескі мәшине ғой.
Айтылған уақытпен жолға да шықтық. Айнала қап-қараңғы. Таңның сызы да көрінбейді. Бүгінгі күннің аязы кешегіден сәл сынғанымен ызғары шекеңді тесіп барады. Тас жолда біз секілді асыққандардың қарасы шамалы-ақ. Анда-санда қарама-қарсы өткен үлкен көліктердің екпіні біз отырған мәшинені шайқайды кеп. Санамдағы жалғыз ой кішкене сәбиді аман-есен діттеген жеріне сағатында жеткізу. Жылдам жүріспен қалаға да жеттік. Бірақ кіре-беріс тұста көліктің ыңғайсыз жүрісі көңілімді алаңдата бастады. Әдепкіде жәй басталған ақау, қала ішінде үдей түсті. Манадан бері көлікті байқап келе жатқан ағам мен жеңгемнің ішкі уайымын да сезіп келемін. Қойшы әйтеуір айтылған жерге дәл уақытында жеткіздім.
Босқа қарап тұрмай мәшиненің кеткен жерін тексере бастадым. Осыдан үш-төрт ай бұрын жаңадан ауыстырған бөлшек қайтадан тозыпты. Қытайдың заты татымас деген. Қап, енді қайттім... Іс одан әрі ушықпай тұрғанда тезірек жөндету керек. Әне-міне дегенше мұнда тексерілуге келгендердің жұмысы бітіп, орнымыздан қозғалдық.
– Қайда барамыз жеңге?
– Балалар ауруханасына баруымыз керек, немеремді сонда жатқызатын болды, – деді көңілі алабұртқан күйі жеңгем.
Уайымдағаны ғой, бірініші немерелері болғаннан кейін қорқып қалған. Әже болу оңай ма. Әже деуге де қимайсың, жап-жас қой шіркін. Жеңгем болғасын арасында қытығына тиіп ойнап қоямын. Оны қоя берші, әркімнің өз жан қайғысы дегендей менің де бар алаңым әрі қарай бұзылмай тұрғанда тезірек оларды жеткізіп, көлікті жөндету. Бәрі дегеніңдей бола қоя ма? Қырсыққанда жолдың шетіне келгенде мәшинем бұзылды да қалды. Қайта қаланың орталығынан шығып, шет жағымен жүргенде бұл да бір қарасқандай болды. Жеңгемді немересімен таксиге отырғызып жібердім. Ал ендігі жұмыс қиындау. Жақын маңда техникалық жөндеу орталығы да жоқ қой шіркін. Күннің ызғары әлі басылмаған. Жан-жаққа хабарласып жездемді шақырып алдым. Базардан затын алып, өзіміз жөндеуге тура келді. Бұл көлікті айдағалы біраз нәрсесін өзім жөндеп үйренгенім бар. Одан сасып тұрғаным жоқ. Құрал сайманның жоқтығы қиындық туғызып тұр. Анадайда есік алдына шығып жұмыс істеп жүрген бір кісіден барып керек жарағымды сұрадым. Жаны жомарт жан екен. Барын берді. Аязға тоңып, алдыңғы дөңгелегін шештік. Байғұстың бөлшегі дымға жарамай қалыпты. Құдай да қарасқандай осы жүріспен аман-есен жеткізгеніне шүкір. Не керек, суыққа үсіп-жаурап жездем екеуміз сынғанын ағыта алмай жатырмыз. Әлгі үйге қайта бардым.
– Аға, болгаркаңыз бен жалғайтын тоғыңыз болса бере тұрыңызшы, – дедім саспастан. Ол кісі де тоңған түрімді көріп жұмыс істеп жатқан құралын бере қойды. Сәлден кейін әлгі үйдің үлкен қариясы қасымызға келіп, жөн сұрады.
– Қай елдің баласысыңдар? – деді ол сұрақтың астына алып.
– Сойырғас Кетемін, – деді бос тұрған жездем.
– Ә-ә-ә. Жаңақаланыкі болдың ғой?
– Кімнің баласысың?
– Пәленшенің ата.
– Е-е, сен маған жақын болдың ғой, – деді ақсақал.
– Сен қай елсің? – деді сөзін маған бұрып.
– Қожакелдімін көке.
– Өй сен, Шапайдан емессің бе? – деді одан әрі таңырқай.
– Дәл өзі, түгеншенің немересімін. Қазір ол ауылдан көшіп кеттім, – дедім тоңған дауысымды қарлықтыра сөйлеп.
– Апыр-ау, сендер алыс емес екенсіңдер ғой. Мен мына үйде тұрамын, көшіп келгеніме екі-үш жыл болды, – деді қуанышын жеткізіп.
– Ойпырмай, екі қазақ қосылса туысқан дегенді қалай тауып айтқан, ә? Әй, Серік, мыналардың сұрағанын тауып бер. Тоңып қалыпты өздері, – деп баласына тапсырып кетті.
Расымен Құдай айдап келгендей осы жерге тұра қалғанымызды қарасаңызшы. Әйтпесе мына қара суықта кім саған жаны ашып, қараса қояды дейсіз. Қазақпысың деген. Әнекей, ойда жоқта осылай туысқанға қарық болып, көлігімізді тез жөндеп алдық. Қазір өзге түгілі өз жақының сенен алыстаған жағдайға жеттік қой. Қайда барсақ та қазақи бауырмалдығымыздан арылмайықшы, ағайын!
Ерсін СӘДУҰЛЫ

02 желтоқсан 2020 ж. 596 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031