Түтін түзу шықсын десеңіз ...
Асқар таудай әкенің қамқорлығы мен ақ сүтін беріп аялап өсірген ананың мейірім жылуын көріп өскен баладан бақытты жан жоқ шығар, сірә. Алайда аумалы-төкпелі заманда отбасылық құндылықтар түгіл, ар-ұят, намыс секілді қымбат қасиеттер қалып, қоғам санасы уланғаны ащы шындық. Соның салдарынан бүгінгі қоғамда жетім-жесір, жауапсыз әке, көкек ана көбейіп келеді.
Қырық жыл қырғын болса да, ажал жетпей шаңырағын шайқалтпаған әкелер, тағдырдың қанша тауқіметін көрсе де мойымай, баласын жеткізген аналар көп еді бұл елде. Ал қазір ше?
Мамандардың айтуынша ажырасулардың басым бөлігі 40 жасқа дейін болады екен. Солардың ішіндегі ең көбі - 23-29 жас арасындағы отбасылар. Рас, үйлену көп, бірақ сәйкесінше ажырасу да аз емес. Оның соңы баланың тірі жетімдігіне әкелетінін қай-қайсымызда жақсы білеміз, бірақ мәселе ажырасуға келіп тірелгенде ұмытып кете беретініміз несі?! Енді ажырасуға себеп болып жүрген негізгі 3 мәселелерге талдау жасап көрелік:
Оның біріншісі, әлеуметтік жағдайдың төмендігі-отбасының екі жаққа кетуіне себеп болып отыр. Әсіресе, жас отбасыларға қиындауы тұрғын үйге бірден қол жеткізу мүмкін емес, пәтерден пәтерге көшіп жүргені. Араға сәби келеді, бұрынғы бұрынғы ма, таршылықтың көкесі енді басталады. Балалардың киімі де, тамағы да арзан емес, ең аяғы баланың жаялығына дейін аз ақша тұрмайды. Міне, осы сәтте жастардың бір-біріне көңілі толмаушылық басталады. Үйде ұрыс-керіс орнап, сәбиін құшақтаған жас ана төркініне қайтып келіп отырады.
Екіншісі, бір-бірінің туыстарын сыйламауы. Мұның ішінде әсіресе, ене мен келін арасындағы түсініспеушіліктер жиі кездеседі. Жас жұбайлар бір-бірін таңдап, үйленгеннен кейін бір-бірінің ата-анасын өз ата-аналарындай көру керек емес пе? Әйел еріне анасының разылығын алу үшін көмектесуі қажет. Күйеуін анасынан бөліп әкеткені-жұбайын тозаққа итергені.
Өткен бір замандарда бір әйел енесінің үстінен шағым айтып ғұламаға барыпты. Әйелдің шағымын тыңдап болған әлгі ғұлама оның қолына бір құты ұстатып тұрып: «Бұл-у. Енеңнің тамағына аз-аздан қосып беріп отыр. Арада біраз уақыт өткен соң, енең қайтыс болады Бірақ енеңді сен өлтіргеніңді білмес үшін, ай бойы өте жақсы қара»,-депті. Әйел ғұламаның барлық айтқанын істейді, тамағына у қосып жүргенімен, енеснің асты-үстіне түсіп, өте жақсы күтім көрсетеді. Арада ай толмай көз жасы көл болған әйел ғұламаға қайта келіп: «Менің енем жақсы адам екен. Оған сыйластық танытып едім, мені жақсы көріп кетті. Енді оның өлгенін қаламаймын»,- дейді жылап тұрып.Сонда ғұлама: «Менің саған бергенім у емес, жәй су болатын. Енді ол кісіні ренжітпе»,- деп әйелге өсиетін айтып, шығарып салыпты. Міне, көп жағдайда кінә енеден емес, келіннен болып жатады. «Апалап» иіліп тұрған келінге мейірім көрсетпейтін ене жоқ емес шығар.
Үшіншісі, арада бала болмаған себептен ажырасу. Экологияның әсерінен бе, әлде Тағдырдың жазуы, ма осы күні балалы бола алмай жүрген жас жұбайлар өте көп. Еркек әйелін кінәлап, басқа әйел алса, балалы болатындай көрініп, теріс жүріске салына бастайды. Ал әйелі өзін-өзі жегідей жеп, жұбайының алдында кішірейе береді. Бұл- мүмкін Алланың сынағы шығар. Сабыр етіп, дұға жасаған жандарға Алла сөзсіз сұрағанын береді.
Бүгіндері үйленудің өзі арзанға түспейтіні белгілі. Ата-ана қарызданып, қауғаланып бар жиған-тергеніне той жасайды. Десе де «үйлену» мәселесін жастар жағы қадамын он ойланып, жүз толғанып жасаса дейсің. Бүгін «күйдім-сүйдім» деп, қанша адамды әбігерге салып, ата-ана қалтасына шығын келтіріп, той қызығы басылғаннан кейін «біз бірге тұра алмайтын болдық» деп шыға келетіндерін көргенде «бұл қалай болды» деп таң қаласың.
Некеге деген адалдықтың, бір-біріне деген сенім күшінің жоғары болуы - отбасы керегесінің берік болуына негіз. Ал сезім сетінеп, отбасының шырқы бұзылса, онда оны сақтау қиынға түседі.
Бұрындары ата-бабаларымыз киіз үйде тұратын кезде келін таңертеңгілік түңлік ашып, от жағады екен. Шаңырақтан түтіннің көрінгені- сол үйдің түннен шыққан тыныштығының хабарын паш ететін белгісіндей болыпты. Бір қарағанда, қарапайым дағдылы шаруа көрінгенімен, байыптап ойласаңыз, бір үйлі жанның, тіпті бір ауылдың тіршілігін алдымен келін бастаған. Жаңадан бүршік түйген жас көшетті бір орыннан екінші орынға ауыстырып отырғызғанда жері құнарлы, күтімі оңды болса, жапырақ жайып жемісін жегізетіні секілді келіннің де жақсы немесе жаман атануы көп ретте ененің көрсетер үлгі-өнегесімен адамгершілігіне байланысты.
Өмірде барлығы кинодағыдай тәтті бола бермейді. Шаңырақ көтеру мәселесіне ақылмен қараған абзал. Теңіңізді жолықтырсаңыз, сөзіңізге берік болып, берекесі мен бақыты мол отбасын құру үшін түсіністік пен шыдамдылық таныта біліңіз. Сонда ғана сіз құрған шаңырақ шайқалмайтын болады.