» » Қажетінде қаталдық керек

Қажетінде қаталдық керек

qarmaqshy-tany.kz АПТА АЯҒЫ КЕЛІСІМЕН ҚАЛАҒА ШҰҒЫЛ ЖОЛ ТАРТТЫҚ. СЕГІЗ САҒАТТЫҚ ЖҰМЫСҚА ЖЕГІЛГЕНДЕРГЕ ҚОЛАЙЛЫ БОС КҮН АПТАНЫҢ ОСЫ СОҢҒЫ ЕКІ КҮНІ. ТАҢ АТЫСЫМЕН ШАҚЫРЫЛҒАН КӨЛІККЕ ҮЙДЕН ЕКІ АДАМ, ҮЛКЕН АҒАНЫҢ ҮЙІНЕН АПАМ ҒАНА ШЫҒЫП, ЖОЛ БАСТАДЫҚ. ҚЫСҚАСЫ, ҚАЛАДАҒЫ ӘУЛЕТТІҢ ҮЛКЕНІ БОСТАН КӨКЕМІЗДІҢ КЕМПІРІ ЖАСЫ ЖЕТПІСТЕН АСҚАН ШАҒЫНДА ТӨСЕК ТАРТЫП ҚАЛДЫ ДЕГЕНІН ЕКІ АЙ БҰРЫН ЕСТІГЕНМІН. КЕШЕГІ АПТАДА ДЕРТІ ҚЫСЫП ЖАТЫР ДЕГЕН ТАҒЫ ХАБАР КЕЛДІ. СОҒАН КӨҢІЛІН СҰРАП, ЖАҒДАЙЫН БІЛЕЙІК. ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛЕР КӨМЕК БОЛСА ҚАРАСАЙЫҚ ДЕП БЕТ АЛҒАН КЕЙПІМІЗ.

Күн кешегіден ызғары. Аязы бетті қарып тұр. Қалаға келісімен ешқайда бет бұрмай сол үйге бірден тоқтадық. Сырттан біз секілді келген үш-төрт кісі жүр. Амандасып, апамыздың қасына жайғастық. Бізді көре сала көзі жасаурап, көңілі босап жатыр. «Айналайындар, рақмет сендерге. Қалайсыңдар, үй іші тегіс аман ба?» деп өзінен бұрын біздің жағдайымызды сұрап жатыр. Жан жарасы ішінде болғанымен сыртқа білдірмейді. «Әйел қырық жанды» деген. Жүзі жадырағанмен сәл солыңқы. Біраз қасында отырып, үлкендер өздері сөйлессін деп сыртқа шықтым. Ерлер жағы жиналып қалыпты. Олардың да әңгімесі осы. Балалары тағы емдетуге үлкен қалаға апармақшы. Сырттан келген қонақтардан орта жастан асқан бір кісі «Дұрыс, үміт үзбегендерің жөн, қазір медицина дамыған бәрі бар, шүкір ғой» деді әңгімесін жалғап. «Менің жеңгем бір белгісіз дертке шалдықты. Ол кезде мектептегі баламын. Ағамның апармаған жері жоқ, дәрігер дегенің еш шипасын таба алмады. Қазақы емші де шақырды. Ол да қолынан келмейтінін айтты. Жеңгемнің басын көтергені болмаса тұла бойында әл жоқ. Өзі де жылай-жылай діңкесі кетті. Оған апам қосылып жылап, ағам бәрі басы қатты» деді қолындағы шылымын жерге тастап. Әңгімесін жалғастырайын. Әлгі жеңгесі өліп кетемін деп қорықса керек, балаларын есін жиған сайын жолдасына тапсырып отырыпты. Үйге кім көңіл сұрап келсе, соған кемсеңдеп жылай кетеді екен.
Бірде үйіне үлкен жүк көлігі келіп тоқтапты. Мәшиненің кабинасынан жеңгесінің әкесі, артқы жағынан кемпірі және бір әйел түсіпті. Әкесі өте қатал, түрі сұсты болса керек. Адаммен тіл қатысуы да қиын көрінеді екен. Үйге кірісімен қызының енесімен амандасып, төсекте басын көтерген қызына қарамай төрге шығыпты. Артынан жеңгесінің анасы кіргенде ол жылай кетіпті. Оған шешесі де қызына қосылып елжірепті. Сонда жылаған дауыстың арасында «Әй, жетер» деген әкесінің күркіреген дауысы бәрін жинап алыпты. «Әй, өшір үніңді. Өлетін болсаң, үйіңнің мазасын алмай жайыңа өл. Өмірден кетіп жатқан жалғыз сен емессің» деп тыйып салыпты. Ана жерде азан-қазан болып жүргендер орындарына отыра кетіпті. Әкесі қызының енесіне тіке қарап «Құдағай, қызымды алып кетіп емдетемін. Құдай жар болса жазылып келер. Егер олай-бұлай болып жатса сүйегі сенікі, өзің көмесің» деп күйеу баласына қарапты. Есік аузында отырған күйеу баласы төмен қарап басын изепті. Қазанға салынған етке қарамай әлгі кісі «Ал, бізді ұстамаңыздар, жүрейік» деп орнынан қозғалыпты. Төсек тартқан әйелін көтеріп алған жолдасы көлікке апарып жайғастырыпты. Қасына өзі де отыра бергенде қыздың әкесі «Сен қал, бала-шағаңа ие бол» деп қатулы қабағымен бір қарап, тастап кетіпті. Әкесі қызын ауылындағы бір атақты дәрігерге көрсетіпті. Ол дәрігер мұсылмандық емін қоса жүргізсе керек. Бірақ емін бастамас бұрын қыздың әкесіне «Үш күн күтесіз. Егер болмаса... Құдайдың ісі, көнесіз» деп алдынан өтіпті. Үш күннен соң ағамыздың жеңгесі ауқатқа қарапты. Әкесі үйіндегі сиырын сатып, қажетті қымбат дәрісін алдырған екен. Араға жарты жыл салып жеңгесі үйіне жазылып келіпті. «Сол кезде батыл әрекетке бармағанда жеңгемізден айырылып қалады екенбіз. Қажетінде қаталдық та керек екен. Сендер де үміт үзбеңдер, бәлкім анаң аяққа тұрып кетер, бір Құдайдың қолында» деп қасымдағы ағамның арқасынан қағып, үмітін оятты.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ
26 қаңтар 2023 ж. 332 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 557

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 627

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031