» » Ерлер ет жіліктеп жүр ме?

Ерлер ет жіліктеп жүр ме?

– Сендердің шынымен қолдарыңнан келмей ме...?
Әңгіменің әлқиссасы осыдан екі ай бұрын нағашымның ауылында болған. Аптаның аяғы келсе жол жүріп кететін әдетіміз бар. Бұ жолы нағашыға тарттық. Көп болды ауылға келмегенімізге. Әжеміз түйе қарап кеткен шалының артынан кеткелі осында келуді сиреттік. Қандай құдіреті бар деймін де іштей? Әжелерімізді айтамын. Осы немерелерін қарсы алудан шаршамайды ғой тегі. Апта сайын барып тұрасың. Бір жылы құшағы мен ыстық аялы алақаны тартып тұрады әйтеуір. Қазір ше?
Қазір сол үйге қарап отырған нағашы көкем. Ол кісі де әжеме тартқан. Кез келген уақытта бара қалсаң «Әй, кемпір, жиендер келді, қазанға ет сал. Бұлар күнде келе бермейді» деп қорасындағы бір қойды арнайылап соятынын қайтесіз?
Осы жолы да жиендерге құрметін аямады. Бірақ бір қуанышқа тағы бір қуаныш қабаттасып жатыр. Көкем ауылдың әкімінен алғыс хат алғалы жатыр екен. «Сендер дәл келдіңдер айналайындар. Мен әкімшілікке тез барып келейін. Өздеріңді көріп қуанып та тұрмын. Келмей кетіп етіңдер. Нағашыларыңа жасаған бір жақсылықтарың болсын. Қорада қара қой тұр. Мен келем дегенше сойып қоя берсеңдер. Кешке жақсылап тұрып ет жейік» деді қуанышы қойнына сыймай. Қолымызға пышағымыз бен жібімізді алып қораға тарттық. Жабылып жүріп үш жігіт қораның ішін бұрқыратып қойды ұстадық. Ебіміз бар біреуіміз жерге жығып, аяғын мықтап байладық. Ал енді сой. «Кім сояды? Кім сойған несі, сен соясың да. Ойбай-ау ебің бар, жықтың емес пе? Жыққанның бәрі қасапшы деп пе дің?». Осылай айтыстық та қалдық. Ауылдан көшіп қалаға келген бізде не икем болсын. Ара-тұра әкеміз мал сойғанда терісін сыпырысып, жіліктегенге көмектескеніміз болмаса, арнайылап мал сойып көрмеппіз. «Ау, болыңдар енді, көкемізден ұят болады». Ауылдың жігіттеріне сенгенім бар болсын. Жарты сағат өтті.
Ескі жигулиін дырылдатып, алып ұшып көкем де келді. «Қане болдыңдар ма?» деді есіктен кіре. Мына тұрысымызды көріп көңілі құбылды. «Әй, мынаусы несі, әлі қой соймағансыңдар ма? Сендердің шынымен қолдарыңнан келмей ме?» деді таңқалып. Ұят болды. Төмен қарап ұялғаннан, аузымыздан сөз шықпады. «Қаланың баласы болып, әбден қағаз ұстап үйреніп қалғансыңдар. Ауылға жиі келіп тұрсаңдар ғой, бұлай болмас еді. Міне, қарап көріп алыңдар» деп пышағын қойға тақап, бір тартып жіберді. Бойындағы қанын ағызып, терісіне із салып берді де, екі аяғынан асып «Ал енді терісінен сылып, жіліктеңдер» деді қалғанын бізге қалдырып. Үш жігіт көкемізден ұялып жүріп, әйтеуір обалаңын шығардық. Арасында дұрыс істемей жатсақ жөнін көрсетіп, үйретіп жатыр. Мұндай да қателесуге болмайды. Осындайда бір қызық әңгіме еске түседі ғой. Өзге ауылда бір жігіт үйіне Құран оқытпақ болып, мал сойыпты. Содан үйге ауыл ақсақалдарын шақырса керек. Қонақтарға ет тартылып болғаннан кейін артынан асату бас­талыпты. Төрде үлкендеу келген қария «Мына қойды кім сойды, сол келсінші" депті. Үй иесі жетіп келіп әлгі кісіге жақындап «Құлыға» деп аузын ашады ғой. Қолына еттің кесегі мен қамырын жинаған қария «Мә, асап жібер» деп аузына етті итеріп жіберіп «Бұдан кейін малды дұрыстап сойып үйрен» депті. Жігіт ойланып, былай шығып, аузындағысын шығарып қараса малдың керек емес жемейтін етін алып тастауды ұмытып кеткен екен.
Өзгеге күлеміз-ау. Қазір уақыт көшінен озғалы жігіттер әкенің мектебінен тәлім алуды азайттық. Бұрынғының батырлары секілді қолға найза ұстамасақ та жігітке тән қасиетімізден алыстаудамыз. Атқа отырып, аңға шығып, мылтық ату ерге мінез қалыптастырса, қазір соның орнын керексіз дүниелерге алмастырып, ақсаусаққа айналып жатыр. Одан қалды мал союды білмей жаттың қолына жаутаңдайтындай күйге түстік. Ат арытып көрші ауылдан қасапшы әкелетіндерді көз көріп жүр. «Қараш-қараш оқиғасында» Рысқұл ен далада жүріп, бір өзі жылқыны жығып, со­йып алатын ыспа болған. Қазір мал бауыздай алмау қазақ деген қанымызға ұят жағдай. Қаланың қазақтары Құрбан айт мерекесінде қасапханаға барып кезек күтіп, қасапшыға малын сойдырып алады. Мұндайда малды шошытып алады. Одан бөлек дүкендегі дайын етке иек артамыз. «Қолда барда алтынның қадірін білмесек» ертең ұлттық құндылықтарымызды жоғалтып алып, өзгеге жәутеңдеп жүрмесімізге кім кепіл?
Ерсін СӘДУҰЛЫ
01 наурыз 2022 ж. 534 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031