» » Жеңге мен қайны қалжыңы

Жеңге мен қайны қалжыңы

Ауылда туып өскесін бе, ауылдың тәрбиесін, әдетғұрпын бойымызға сіңіріп өстік. 3-сыныпта оқып жүргенімде ағам үйленіп, жеңгелі болдым. Ол уақытта үйге келін түсіріп, жеңгелі болу сондай қызық шақ еді. Төргі бөлменің есігінен шымылдыққа сығалай қарап, қасына баруға ұялатынбыз. Сол кезде жеңгеміз де «кел қайным, сығаламай кірсеңші» деп әлден әзілмен шымшып одан бетер ұялтатын.
Уақыт өте жеңгемнің әзіліне үйренісіп, мен де қалжыңдасып ойнауды шығардым. Бір күні кешкілік өрістен келген сиырды қораға қамап, жеңгеме сауып алуды ескерттім. Ол кезде қыс айы, күн суық. Қолына ілешала шелегін алып шықан ол, жолай бөкебайын басына орап әлегі шығып келеді. Күн де батып, қас қарайып қалған. Кенет қараңғы қорада сиыр сауып отырған жеңгеме ойыным қыспасы бар ма? Бұзауды бағанға байлап, «үйден жарық алып келейін» деп қорадан шыққан күйі үлкен есігін сыртынан іліп, үйге жүгірдім. Апама білдірместен қасына отыра қалып, шайына ортақтастым. 1 сағатқа жақын шамада апам да сезді ме «Ау жеңгең қайда? Екі сиырды бір сағат сауа ма?» деді алаңдап. «Білмеймін, көрші келіншекпен әңгіме айтып тұрған шығар» дедім іштей күлкім келіп. Бір кезде сыртқы есік тарс ашылып, ебілдебілі шыққан жеңгем көзі аларып кіріп келді. Оны көрген апам «Құдай-ау барсың ба? Түріңе не болған?» деді шошына. «Қайным ғой апа, жарық алып келем деп сыртымнан іліп кетіп. Есікті аша алмай тұрдым, қорыққанымнан бар екпініммен итердім әйтеуір» деді ентіге сөйлей. Шыдамай жарылдым күлкіден. «Көресің, саған да келтіремін әлі» деп дым ренжіместен пештің түбіне отыра кетті. Қасымда отырған апам «Ойының бар болсын. Адам осылай ойнай ма, қорқып кетсе қайтесің?» дей бере басымнан жұмсақ алақанымен тартып жіберді. Сол кезде жеңгемнің әзілді көтере білгеніне риза болғаным бар. Бұл әдетте жеңге мен қайны арасындағы жарасқан қалжың ойын болатын.
Қазақ «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» демей ме? Болмысында тектілікті сақтап, салт-дәстүр, әдетғұрып, имандылық пен инабаттылық деген қасиетті ұғымды қастерлей білген. Осы қасиеттердің арасында әзіл-қалжың деген кіршіксіз дүние бар. Қалжыңның түбінде арам ниет, өкпе, реніш, бөтен ой болмаған. Алайда күлкінің салмағы да, әзілі де өте ауыр. Оны айта білудің өзі өнер. Қазақта белгілі төрт қалжың бар. Ол нағашы мен жиеннің, құрдастардың, жезде мен балдыздың және жеңге мен қайын інінің қалжыңдары. Бүгінде осылардың ішінде кенжелеген тұстары көп. Әсіресе қайны мен жеңгенің ойыны бұрынғыдай жүре бермейді. Қазір көш ілгерілегелі қалжың көтеретін жеңге, әзілдесетін қайнының қатары азайып бара жатқандай. Кезіндегі ауылдың айтқыштарын тыңдағанда сол кездегі ойынның парқы тым бөлек пе еді дейсің.
– Қалжыңның көкесі біздің кезімізде еді ғой. Ол уақытта жеңгем ренжіп қалады деген ой үш ұйықтасақ та ойымызға келмейтін. Сонда олар да ойынды түсініп дым ренжімейді ғой. Керісінше «сен де бір күні бір отырыста қаларсың, сонда көрсетермін» деп айтып күлетін. Сөйтіп жүріп талай жеңгеміздің қолына да түстік. Өзі әзілдесетін, сенің жағдайыңды баққан жеңгелер болады. Кез келген ағаңның әйелін жеңгем екен деп ойнай бермейсің. Оны көтере алатын бар, көтере алмайтын да бар, – дейді ауыл тұрғыны Бексұлтан аға.
Мұндайда жеңгелеріміздің де қайнысына деген ерекше ықыласы мен әзіл-қалжыңы басым тұрады.
– Өзім қайныммен қатты ойнамасам да әзілкеш абысындарым болды. Олардың қалжыңында шек жоқ болатын. Талай сабақтан қайтқан қайнысын жолдан күтіп алып, ішкі киімі қалғанша шешіндіріп үйіне сөмкесімен жіберетін. Келесіде ол байғұс басқа жолмен жүрсе де артынан жүгіріп, қуып жетіп алатын. Сонда ызаланып жыламайды ғой шіркін. Ренжиін десе жеңгесі шын жақсы көріп ойнап жатыр. Қазір ол кездегідей әзілді түсіну жоқ қой. Жеңгесімен қалжыңдасып жатқан қайныны көрмейсің. Кейде еске алып сағынасың, – дейді Зәуре апамыз.
Сол кездегі үлкендерің зілі жоқ әзіліне қарап қызығасың-ау. Астарында бөтен ой жоқ, салт-дәстүрді нық ұстанып, қалжыңның шегінен аспаған. Қазір де сол қалжыңмен жеңгелерімізге қайны боп бір еркелесек әзіл деп қабылдар ма екен?

Ерсін ӘБЛӘКИЕВ

27 қараша 2021 ж. 4 812 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 276

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 373

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930