Ғұлы-ғұлы

Көршім Айбек екеуміз көше бетке төгілген құмның үстіндеміз. Таң атып, күн жылт етсе болды, тоғысатын жеріміз осы. Ол кездегі қолымыздағы ойыншықтар қазіргі бала қызығатын дүние емес. Бір жапырақ жалпақ ағашқа қағылған «рама» майдың төртбұрышты қауашағы, қаңқасы қалған ойыншық мәшине, сымнан жасалған трактор. Оның өзін көшенің арғы бетінде тұратын Батырханнан екі-үш асыққа айырбастап аласың. Тек сол ғана жоқтан бар етіп, әлумин сымнан түрлі мәшине жасап, асыққа пұлдайтын. Ол кездегі ойыншықтың қызығына қанып өскеннің соңы біз шығар.
Ылғалы кеппеген шеге құмнан қараша үй жасап Айбек отыр. Бір қолын білегіне дейін топыраққа көміп қойған. Екінші қолымен оның үстіне құм үйіп, төмпешік жасап, өзінше күбірлеп бірдеңелер айтып қояды. Бір сиқыр сөзі бар. Не дейтін еді құдай-ау... А, есіме түсті, «қараша үйім бұзылмашы, май берем, сүт берем!». Иә, осылай. Ана төмпешік нығыздалып ұстасқанша қайталап әлі отыр. Бір кезде қолын жәйлап суырып шығарды. О тоба! Сиқырлы сөз шынымен әсер еткендей, аюдың апанындай болып тұра қалдыей! Өзінше мақтанып ыржиып қояды. Не керек ойынның қызғанынан үюлі топырақты жерге шашып, жайып біттік. Ойыннан жалықтым ба, бәрін тастап отыра кеттім. Енді не істесем екен? Анадай жерде ұйық болып тұрған кішкене шұңқырға көзім түсіп кетті.
– О, ғұлы-ғұлы!
– Қане?
Айекең де бір ойыншықтан жалыққан-ау, орнынан атып тұрды.
– Келсей бері, міне! – дедім жерден жеті қоян тапқандай.
– Басып кетерсің, әрі тұршы.
Ғұлы-ғұлының хикаясын екеумізде білеміз. Осыны ұстап алсақ «көшенің желаяғы боламыз ба» деген бір ой әйтеуір. Бірақ ол жүгіргенде менен озып кетіп жүр. Сондықтан «табаныма мен бірінші жағып алсам» деген іштей қызғаныш түртіп қояды. Қызғанған не теңім, қарап тұрмай олда үш ұясын тауып алды. Әйдә-ә, тең болсын деп екеуден бөліп алдық. Бірінші мен бастап ұзын жіңішке таяқпен ішін айналдыра шұқи бастадым. «Ғұлы-ғұлы әке-шешең өлді, кетпен алып жүгір». Інінен оятып шығарған түрім ғой. Мұны сол кездегі ойнағандар біледі. Ол қапты ма, қаппады ма шаруамыз жоқ. Сояудай тырнақ өскен саусақтарыммен ұясын түбінен қопарып, күс-күс табанға баттастырдым кеп.
– Ал, жүгірем Айбек, қарап отыр, – дедім мен.
– Иә, көрейік...
Көшені бұрқыратып, шарбақты айналдым. Өзімше «қатты жүгіріп келемін» деп іштей көңілімді көтеріп қоямын. Бірақ өкпені қинап, өзімді зорықтырып келе жатқанымды қайдан білейін. Бар екпінмен келіп тоқтадым.
– Қалай? Қатты жүгірдім бе?
Әрең демалып, ысылдап тұрмын.
– Иә, шәмәлі өзгеріс бар.
Құрсын көңілім үшін айта салды-ау.
– Енді мен көрейін, сен қара, – деді орнынан қозғала. Ол да мен жүгірген ізбен жүріп, өкпесі өшіп ентелей жетті. Әйтеуір бірімізді алдағандай желаяқ болдық. Оны қоя берші, ана байғұс ғұлығұлының ұясын быт-шыт қылып қопарып тауысып біттік. «Бүгінге осы да жетер» дегендей үйге тарадық.
Кешқұрым уақытта үлкен ағам, менің есік алдында сенделіп жүргенімді көріп, «жүр-әй, кеттік» деді мал қорадан шыға сала.
– Қайда барамыз, көке?
– Бүгін өріске қорадағы қой-ешкілерді қостым, алдынан шығып, күтіп алайық. Сен танисың ғой?! Құлағы жырық қара тоқты, ақ туша...
Жолшыбай әлі түсіндіріп келе жатыр. Көшеде ойнауға бала таппасам, мал қораға кіріп, өсіп қалған қозы-лақпен құтырынып ойнайтыным бар. Түрлерін жаттап алғансың деп қасына серік қылғаны ғой.
Ауылдың шетіндегі балажармаға жақындадық. Өрістен қайтқан мал міндетті түрде каналдан су ішіп, ауылға кіреді. Көкем анадай төбенің басына шығып, шаң көріне ме дегендей алысқа көз салып тұр. Қарап тұрмай менде қойды қайтаратын таяқ іздеп жүрмін. Таптым. Ағам тұрған төмпешікке жақындап жайғастым. Бір кезде ермек болсын деді ме:
– Ерсін, мынаны көрдің бе? – деп оншақты ғұлы-ғұлының шұқырын көрсетті. Ананы көріп, мен мәзбін.
– Мә-ә, мынаны ұстап табаныма жақсам, төшні Чапайдың балдарын басып озам.
– Ешкім көрмей тұрып қимылды бастайын, – деп қоям іштей. Құдай оның ешкімге керегісі жоқ. Ай далада толып жатқан ұяны біреу көрмейді дейсіз бе? Мен сияқты бала қиялға ерік беріп жүргендер көп қой бұл ауылда. Өсіп тұрған жыңғылдың жіңішке бұтағын сындырып, біреуін шұқи бастадым. Икемсіз ісіме қарап бажайлап отырған көкем «не істеп жатырсың?» деді шыдамай.
– Ғұлы-ғұлыны ұстамақпын.
– Е-е, ақымақ! Оны олай шақырмайды. Қара, көріп ал.
Жерді тінтіп, жыбырлаған нәрсені іздеп жүр. О! Құмырсқаны тапты. Жазықсыз байғұсты әкеліп әлгі ұйыққа тастады. Құмырсқа өлерін сезді ме, шұңқырдан шыға алмай жанталасып жатыр. Кенет жер астындағы бәтшағар жыбыр етіп қарасын көрсетті. Мұндай көріністі алғаш көріп, аң-таң болып мен тұрмын. Кетті, тартыс басталды. Құмырсқа жоғарыға шығып әлек, анау құбыжық тартып әлек. Осы сәтті күткен ағам екеуінде уыстай, қазып алды. Топырақты саусақтарының арасынан елеп, ғұлы-ғұлының нақ өзін көрсетті.
– Міне, мынадай болады. Ал енді табаныңа жақ, – деп қолыма салды. Бағана түске дейін ұстадық деп мәз болып жүргеніміз далбаса. Мынаны көріп езуім жыртылып кетуге шақ қалды. «Ғұлы-ғұлы болсаң, көрсетші қане» деп, ай табанға әдемілеп жақтымау бейшараны. Енді Айбекке тез жету керек. Қалай ұстайтынын көрсетуім керек қой. Өзім бір жаңалық ашқандаймын. Малды қайыру қызық болып тұрған жоқ. Олар да жамырап келді. Қойларды үркітіп, жағаласып үйге қарай жүгіріп келем. Сылтаумен көршімнің малдары менен қашып қорасына тез жетіп алды.
– Айбек, қайдасың? Шықсай үйден, қызық көрсетем. Қолында наны бар шайнаң етіп, киіз үйден ол да атып шықты. Сірә, тамақ ішіп жатса керек. Ар жағынан «жетпегір, отырып шәйіңді ішсей» деген Нағимаш әжейдің ұрысқаны қамшы боп маған да тиіп жатыр.
– Не ол? Көрсетші? – деп ол да қызықтап әлек.
Бағанағы көргенімді айтып, тауыса алмай жатырмын. Ол да көзі шарасынан шығардай көргенше шыдай алар емес. Екеулеп ғұлы-ғұлы іздеп кеттік. Қаңқалап жүріп әрең таптықау. Көшеде жүрген көрші балалар бізді көріп қасымызға үймелей кетті.
– Не істеп жатырсыңдар?
– Бізде көрейікші!
Жан-жақтан миды ашытып жатыр.
– Шуламаңдаршы! Қазір көресіңдер! Ағамнан көргенімді бүге-шүгесіне дейін көрсеттім. Мәссаған! Мыналарың жүгірмей жүр екен. Шетінен желаяқ болып кеткен бе?
Бұл бала күнгі қызық қуған ойындардың бір парасы ғана. Одан бөлек, жыңғыл ағаштан ат мініп, дарақ бұтағын жерге сүйрей, талай көшенің шаңын сыпырдық қой. Ол күндер де естелік болып қалады деп кім ойлаған? Дегенмен ғұлығұлыны іздеп, біз секілді қиялға сеніп, ойын қуып жүрген осы кезде ауыл баласы бар ма екен?
Ерсін СӘДУҰЛЫ
03 қазан 2020 ж. 3 415 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 031

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031