Көршісі жақсының көңілі кең
qarmaqshy-tany.kz ҚАЙБІР ЖЫЛЫ БАСПАНАСЫН САТУҒА ШЫҒАРҒАН ДОСЫМЫЗДЫҢ ҮЙІН БІР КІСІ САУДАЛАП КЕЛДІ. ҮЙДІҢ ЖАҒДАЙЫМЕН ТАНЫСЫП, ЕСІК АЛДЫНДАҒЫ БАҚША, САРАЙЫН ТҮГЕЛ ҚАРАП ШЫҚТЫ. КӨЗ ТАНИТЫН АДАМ ЖЫЛЫ КӨНЕЛЕУ ДЕМЕСЕ ҮЙДІҢ ЕҢСЕСІ КЕТЕ ҚОЙМАҒАН. ӘРІ КЕНТТІҢ ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ БАСТЫ КӨШЕДЕ ОРНАЛАСҚАН.
Әлгі кісі өз жұмысын бітірген соң жанымызға келіп сөзін бастады. «Бұл жердің көршілері қалай?» деді нақтысын сұрап. Айналасындағы қоңсысын бес саусақтай білетін үй иесі «көршілерім жақсы адамдар» деп таныстырды. «Үйді анама іздеп жүрмін. Біраз жыл бұрын ауылдағы жылы орнынан қозғап қаланың орталығына көшірген ем, енді қайта әкелмекпін. Ол жаққа үйренісе алмады, «елге қайтам, ауылдағыдай ағайын-туыс, жақын көршілерім керек» деген соң сөзін екі етпейін дегенім. Қаланың адамдарын білесіз ғой» деп үйді алатынын айтып, саудаға кірісті. Қазақ өзі көршіге қатысты мақалында «Сапарға шықпас бұрын серігіңді сайла, үй алмас бұрын көршіңді ойла» демей ме?!. Жалпы ислам діні көршімен қарым-қатынаста ерекше көңіл бөлген.
Қош. Айтар әңгімеміздің төркінін әріден бастағанымыз ғой. «Адам күні – адаммен» демекші, күнделікті өмірде әркім-ақ көршіні қажетсінеді. Өйткені бір іс туып қиналғанда, бір нәрсе қажет болғанда ең алдымен көршіден көмек сұрайды. Осындайда көршің жақсы болса қуанышыңды бөлісіп, қайғыңда ортақтасады. Газетімізде көршіге қатысты «Біздің көшенің тұрғындары» атты айдарымыз татулығы ұйысқан бір көшенің қоңсысын көпке үлгі етуді дәстүрге айналдырған. Сол ізбен кенттегі темір жолдың арғы беті саналатын аймақта орналасқан Әлия Молдағұлова көшесі тұрғындарының ауызбіршілігін оқыр- манға жеткізуді жөн көрдік. Бір күн төбе көрсетпесе іздеп баратын қоңсыластардың осындай тату-тәтті, ауызбіршілікте болуында үлкен кісілердің салған сара жолы жатыр.
– Бұл көшеге Қуаңдария ауылынан 1996 жылы көшіп келдім. Ол кезде үлкендердің біразы бар. Жақсыбай, Қаржаубай, Төлеп, менің әкем бәрі әзілдесіп отыратын. Қазір ол кісілердің көбісі жоқ, көшенің үлкені болып Төлеп ағамыз қалды. Содан кейін жастар. Бұл жердің тұрғындары екі көшеде орналасқан. Бірі – Молдағұловада тұрса, бес-алты үй Әуезов тұйығына қоныстанған. Қандай жиын той, іс-шара болмасын осы екі көшенің көршілері бас қосып бірігеді. Ал енді ұйымшылдығында шек жоқ. Той-томалақ, өлім-жітім атқарысуда қазан көтерісіп, қуаныш-қайғысын ортақтасудан еш аянып қалмайды. Тіпті жаңа үй салып, құрылысын бастасаң асарға қатысып, бір жағыңа қолғабыс болады. Бұл жердің көбі жастар болғанымен бәрі үлкендердің тәрбиесін көріп, ізін жалғап отырғандар. Қай кезде көре қалсаң ерлері елпеңдеп аға деп екі қолмен амандасып, келіндері иіліп сәлем беріп тұрады, – дейді көше ақсақалы Шегебай Құндақбаев.
Әр елдің өз салты бар демекші, Молдағұлова көшесінің өз ұстанымы, дәстүрі бар. Қандай дейсіз ғой? Жылына бір келетін Рамазан айында міндетті түрде бір-бірін ауызашарға шақырып, жақсы көңіл күймен өткізеді. Сосын соңғы үш күн Ораза айт мерекесінде анау шеткі үйден бастап бір адам қалмай айттап шығады. Осыны қағида ұстанған әрбір көрші дастарқанын жайып, айттығын дайындап отырады екен. Бір қызығы, әр үйден берілген айттықты жинап отыру бір адамға бекітілген. Сөйтіп түгел көршіні аралап соңғы үйге келгенше түсте қайтып қалады. Соңғы баратын үйді де өзара ақылдасып белгілеп қояды екен. Сол үйге аяқ созып отыруға кең дастарқан жайылып, бағанағы жиналған айттықты сол жерде үлкені кішісіне батасын беріп таратады. Келесі жылы Ораза айтқа аман-есен жетуді тілеп, Құран оқылады. Одан бөлек көршілер бір-бірінің жағдайын біліп отыруға Whatsapp желісі арқылы ортадан «чат» ашып қойған. Сол арқылы жоғын сұрап, жаңалық болса бөлісіп отырады екен. Көше тұрғындарының басын қосып, үлкендік ақылын айтып отыратын Төлеп Бөрібаев ақсақал бүгінде сексеннің үш-төртіне келген. Ол кісі кезінде Қармақшы ауылында атақты шопан болған. Ал келіндерге жол көрсетуде Ақкүріш апамыздың тәрбиесі мен тәжірибесі өнеге. Батыр атындағы көше тұрғындарының тағы бір ерекшелігі бауырмашылдығында. Бұл жердегі тұрғын екі-үш көше әрі көшіп кетсе де жиындарға келіп қатысып тұрады. Жаңадан қоныс келсе бауырға тартып, тез араласып кетеді.
– Бұрын бұл аймаққа ел қоныстанғанда Жастар аталған екен. Кейін көшеге батыр аты беріліп, көшенің аяқ жағы Жастар атанып кетті. Оның да бір себебі бар. Үйінен енші алып, бөлек шыққан жас отбасылар сол аймаққа көп орналасуда. Дегенмен өздерінің әдептерінен танбай үлкендермен араласып тұрады, – дейді көшенің тұрғындары.
Тұрғындармен кездесуде осындай ерекшеліктеріне тәнті болып, жақсы дүниелерді санаға түйдік. Енді олардың бір ғана тілегі көшеміз батыр атына сай тегіс таза, әрі жарық болса дейді.
Ерсін СӘДУҰЛЫ