» » Көршісі жақсы қандай-ды

Көршісі жақсы қандай-ды

Көршімен жақсы қарым-қатынаста болу жайлы Құран кәрімнің «Ниса» сүресінің 36-аятында: «Аллаға құлшылық қылыңдар. Оған ешкімді серік қоспаңдар. Әке-шешеге, туыстарға, жетімдерге, кедей-кепшіктерге, жақын көршіге, алыс көршіге, жаныңдағы жолдасыңа, қаражаты таусылған жолаушыларға, қолдарыңа қарағандарға (қызмет­шілерге) жақсылық жасаңдар. Алла дандайсыған тәкаппарларды жақсы көрмейді» деген. Алыс-жақын көр­шіге жақсылық жасау өміріңдегі ең жақын адамдарыңа жақсылық жасау міндетімен қатар айтылып тұр. Халқымызда «Көрші ақысы – Тәңір ақысы», «Итің жақсы болса – ырысың, Көршің жақсы болса – тынысың», «Алыстағы ағайыннан алдыңдағы көршің артық», «Жақынның атын мақтама, Көршіңнің ала жібін аттама», «Отты үрлей берсең, өшірерсің, Көршіні күндей берсең, көшірерсің», «Үйіңде не барын көршіңнен сұра», «Жақсы көрші тапқаның, Мол олжаға батқаның» тағы басқа мақал-мә­телдер бар.
Көршімен жақсы болу, етене араласу – Алла Тағаланың әмірі. Бала кезімнен «көрші» деген ұғымды құлағыма сіңіріп өстім. Ауылдық жерде тұрғандықтан да, бір-бірімізбен жиі араласатынбыз. Үйдегі жоқ нәрсені көршіден сұрай тұру, адам жоқ кезде көршінің үйінде қала тұру, көршінің баласымен тату-тәтті ойнау күнделікті өмірімізде қайталанатын құбылыстар еді. Жұма сайын анамыз жеті күлше пісіргенде де буы басылмай жатып көршілерге таратқанша асығатынбыз. Көршінің наны да тәтті, айраны да сіңімді. Өз үйіңде бар нәрсені сол үйден жегің келіп, аңсап тұратын сәттер де көп адамға таныс болар.
Менің балалық шағым өткен көшеде 25 үй болды. Көшеміздің Ы.Сейтенов деген аты құжат пен үйдің сыртында көрсетілгені болмаса, ауыл тұрғындары «25 там» деп атайды. Ауылдың кіреберісіндегі, өз алдына оқшау көше. Тұрғындары тату. Айтулы мерекелерді айтпағанның өзінде, туған күнді де көршілермен атап өту дәстүрі қалыптасқан-тын. Туған күніміз жақындағанда ата-анамыздан: «Көршілерді шақырамыз ғой, иә?» деп бір сұрап алатынбыз. Шақырушының да қажеті жоқ. Манат апа не Кенже тәтеге айтсақ болғаны, көршілер ұйымдасып, айтқан уақытқа келе қалады. Мектептегі жетістіктерді, оқуға түсу, аттестат, диплом алу сәттерін де көршілермен тойлағанымыз есімде. Студент атанып, үлкен қалаға оқуға аттанып, демалыс кездерінде ауылға барғанда құрт, айранын ұсынатын да сол көршілер еді.
Кішкентаймыз. Түстен кейін көршінің үй жағына көз саламыз. Марқұм Алмас ата мен Зағипа апаның ауласы күбір-күбірге толады. Кім барын көре алмайсың, ауласы жасыл-желекке оранған. Ағаш жапырағының көлеңкесінде орналасқан сәкіде буы бұрқырап, екі иығынан дем алып жез самаурын тұрады. 5-тің шайы басталды деген сөз. Ол шай көршісіз ішілмейді. Сылтаумен сол жаққа аңсарың ауып тұрады. Анаң барса, еріп жүресің. Болмаса бір затты беруге, бірдеңе сұрап келуге асығып, ақыры ебін тауып барасың әлгі көпшілікке. Көршілер әңгіменің тұсауын ағытып тастап, жаздың ыстығында терлеп-тепшіп шай ішіп отырады. Көзің дастарқандағы тәттіде. Тәттінің аса қат заманы емес, үйіңде де бар. Бірақ дәл сол дастарқаннан алып жегеннің дәмі бөлек секілді ме, қалай?! Үлкендер де сезеді. Қолыңа ұстата қояды. «Рақмет» деп күбірлеп кете барасың. Жерден жеті қоян тапқандай мәзсің. Тәттіден бөлек даладағы пештен жаңа шығып, қолдың майына шыланған ыстық нанды айтсаңызшы! Көпшілікпен жегенде бір таба наның түк болмай қалады. Сонша үздіккенде тапқан олжаң сол. Әр сәтті бағалай білетін, сәл нәрсеге қуана жөнелетін балғын шағымыз ғой.
Уақыт көші зымырап алға оза берді. Сол көштің керуені біз де есейіп, қанат қақтық. Тұрмысқа шығып, ауылға жұп болып барғанымда да көршілер кезек-кезек шақырды.
Наурыз мерекесі қарсаңында анам ватсап желісі арқылы фотолар жіберді. Балалық шағымның куәгерлері көзіме оттай басылды. Бәрі жиналып, көшенің қақ ортасындағы көршіміздің үйінде Наурыз мерекесін тойлапты. Дәстүр үзілмепті. Үлкен бөлмені жағалай отырған жандардың татулығы, сыйластығы көңілге еріксіз қуаныш ұялатты. Беттерін әжім торлап, жүздері қартаң тарта бастағаны ғана өкінішті. Арасындағы жас келіншектерді аса танымадым, шырамыттым. Бұл – көршілердің ұл үйлендіріп, келін түсіріп, қатарының көбейе бастағанының белгісі. Лайым солай болғай!
Өзім еліміздің үлкен қаласында тұрамын. Көпқабатты үй, көршілерім өзім құралпы жастар. Бұл жақта да дәл ауылдағыдай араласамыз. Баламызды қалдырып, керек затымызды бір-бірімізден сұрап, мерекелерде бас қосып, қуанышымызды бірге атап өтуге асығамыз. Сол қалпымыздан айнымай, ырыс-ынтымағымыз, береке-бірлігіміз арта берсін, көршілер!
Көршісі жақсы қандай-ды,
Ізгілік жолын жалғайды.
Шай ұсынған пейілі,
Көңіліңді аулайды.

Лаура ҒАЛЫМҚЫЗЫ,
Ақтөбе ауылының тумасы
26 наурыз 2022 ж. 1 080 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031