Көп ішінде көрші тату

Әлішер БЕРЛІБЕК,
Жосалы кентінің тұрғыны:
– Бала күнімізден көршінің жылуымен ер жеттік. Бір-біріміздің үйімізге барып, түн батқанша ойнаймыз. Кейде қонып қалатын едік. Мұндайда әке-шешеміз «қайда жүрсің?» демейді. Туыстай болған көршінің үйінде екенімізді білген соң олардың уайымы сейілетін. Көрші балалармен бір нанды бөліп жедік. Тіпті киімді ауыстырып киетінбіз. Күнге күйіп, шаң-шаң болып жерге аунап өстік. Ата-әжелер кешкілік жиналып, әңгіме-дүкен құратын. Қазір ауылға келсең, көше тым-тырыс. Кеш батса, адам қарасы көрінбейді. Телехикая, қалтафон бәрін құртты. Енді кімнен көреміз? Мөңке бидің айтқан мына жорамалы рас келді ме деген ойда қаламын кейде. Данагөйдің «Бір-біріне қарыз бермейді, Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді» деген сөзі шындыққа айналғандай.
Гүлнұр ӘЛИЕВА,
Қазалы ауданының тұрғыны:
– Үйге іргелес тұрған құдайы көршіміз болды. Ұлты – өзбек. Қуаныш пен қайғыны бірге еңсердік. Қазақшаға «судай» еді. Баламыз ғой, қызық көріп өзбекше сөйлеуін сұрағанда, қысылатын. Сондағысы ұмытып қалған екен. Сол көршінің үлкен қызы ұзатылды. Қызығы – барлық қазақтың жөн-жоралғысымен өтті. Жиналған өзбек ағайын қазақтың той әніне биледі. Ренжігені болды, әрине. Қазақылық бойына сіңген соң қайтсін? Біздегі той-томалақтан қалмайтын. Қазан-ошақтың басында жүреді. Түрлі тәттісін әзірлеп, дастарқанды жайнататын. Біз де қияға кеттік. Төркіндеп барғанда алдымен қуанып, дәмдісін әкелетін осы өзбек көршіміз. Осыған қарап «Алыстағы ағайыннан жаныңдағы көршің артық» дегенге еріксіз иланасың.
Қуаныш РАЙСОВ,
Қызылорда қаласының
тұрғыны:
– Қалада тұрған соң көршіңнің үйіне бас сұғу қиын. Мүмкін жер үй болса әңгіме басқа болар ма? Аптаның қасиетті жұмасында келіншегім жеті шелпек пісіреді. Кейде күн ұзағына тарата алмай үйге салы суға кетіп келеді. «Есігін ашпайды. Ал көшедегілер құбыжық көргендей қарайды» деп ренжиді. Қазір бір подъезде тұрсақ та жатпыз. Араласудан қалдық. Бәрінің айтатыны – уақыт жоқ, жұмыс көп. Күндіз жұмыста, кешкілік серуен құрады. Осындайда ата-әжеміздің көршімен қалай араласқаны еріксіз көзге елестейді. Қазір ол кездегідей жылылық жоқ... Әттең, дейміз іштен...
Әсел ЗҰЛҚАШОВА,
Байқоңыр қаласының
тұрғыны:
– «Байқоңыр қаласы орыстанған» дегенге мүлде келіспеймін. Себебі бала күнімнен бері көршімізбен аралас-құраласпыз. Көпқабатты үйдің тұрғындары той-томалақта бас қосады. Күнделікті үйге келетіні бар. Ондайда анамыздың асы дайын. Келген қонақ емен-жарқын әңгіме айтып, жастыққа жантая демалады. Мереке сайын бірлесе дастарқан жайып тойлаймыз. «Көпқабатты үйлер бой көтергелі көршілік дәстүрдің тамырына балта шабылды» деген пікірге қарсымын. Оған дәлел біздің аула.
Жансая ӘБДӘЛИЕВА,
Арал ауданының тұрғыны:
– Құдай қосқан қоңсы күнделікті дидарласып, туысқандай шүйіркелесе шай ішеді. Жай ғана мысал, марқұм әжем үй іргесіндегі отбасылар шай сұраса, май қосып беретін. Тіпті «Көршісіз шай батпайды» деп сары самаурынға шоқ салып, оларды шақырып алатын. Керемет еді ғой ол кез... Қазақ қашаннан «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» деп көршісін туғанындай жақын тартқан. Басыңа қиын іс түссе, немесе қуанышқа кенелгенде елден бұрын хабардар болып отыратын осы көршілер. Жырақтағы жақының құстай ұшып жетем дегенше, ауладағы көршілер істің бәрін тындырып қояды. Бұл – пейілі кең, иманы кәміл көршінің адамгершіліктен алыстамағанының көрінісі.
Аяна МАХАНОВА,
Жалағаш ауданының тұрғыны:
– «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген қазақ халқы айналасындағылармен әрдайым тату тұрған. Осындай қасиет бабамызға қайдан келді? Әрине, дініміз Исламнан келген. Исламда көршің қай дінді ұстанса да оның көршілік қақысы бар екенін айтып өткен. Пайғамбарымыз: «Маған Жәбірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты, мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым» деген болатын. Осылайша Ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылманды көршісімен жақсы болуға шақырады. Ол көрші мұсылман немесе басқа дінді ұстансын, бәрібір оның көршілік міндеті бар.
Түйін
Өзіңіз оқығандай пікір әр аймақтың тұрғынынан топтастырылды. Берілген жауап та әрқилы. Бәлкім, бұл көрші туралы ұғымның уақытпен бірге жаңғырып, өзгеріске ұшырағанының дәлелі болар. Ал сіз көршіңізбен қалайсыз?
Пікірлерді топтастырған
Өзіңіз оқығандай пікір әр аймақтың тұрғынынан топтастырылды. Берілген жауап та әрқилы. Бәлкім, бұл көрші туралы ұғымның уақытпен бірге жаңғырып, өзгеріске ұшырағанының дәлелі болар. Ал сіз көршіңізбен қалайсыз?
Пікірлерді топтастырған
Айнұр ӘЛИ