» » Туған жердің талантты түлегі

Туған жердің талантты түлегі

qarmaqshy-tany.kz «Туған жердің торғайы Тұрымтайдай көрінер. Құлыны тайдай көрінер, Қыздары айдай көрінер», – деген ұғым бар қазақ даналығында. Адам баласы бұл фәниге пенде болып келген соң, міндетті түрде өзі туып-өскен елінің көркейіп, гүлденуіне еңбек сіңіруі тиіс. Туған халқына өнегелі ісімен әлеуетінің артуына қызмет етіп, перзенттік парызын өтеу керек.
Киелі Қармақшы өңірінде дүние дидарын ашқанымен өзі өзге өңірде еңбек жолын жалғастырып, ел экономикасының дамуына сүбелі үлесін қосып жүрген жанның бірі – Бауыржан Елеусінов.
Әрбір қазақтың арманы – өсе келе балалық мақсатының орындалуы. Армандар арқылы туған елінің өркендеуіне үлесін қосу. Бұл мақсаттар Бауыржан Тәжімағанбетұлының жоспары болатын.
Арада жылдар өтті. Талай дарын иелерін қоғамнан өз орнын табуына жол салып берген киелі Иіркөл ауылында туып-өсіп, мектепті тәмамдаған Баукең еңбек жолын комсомолдық жолдамамен ауылдағы құрылыста бастайды. Жалынды жас білімін шыңдауда 1979 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсіп, оны бітірген соң Т.Шевченко атындағы Киев Ұлттық университетінің физика факультетінің стажер-зерттеушісі, Киев Ұлттық университетінің аспиранты, сол оқу орнында «Теплофизика және молекулалық физика» мамандығы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесіне диссертация қорғайды.
Жас ғалым туған жерге оралып, еңбек жолын Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде ректордың көмекшісі ретінде жалғастырған. Одан әрі аға оқытушы, доцент, факультет деканы және оқу-ғылыми комплексінің директоры қызметтерін абыроймен атқарады. Жылдар өте ол қызметін Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті Қызылорда филиалының директоры, «Болашақ» университетінің ректоры ретінде жалғастырады.
Ал, 2008 жылдан бастап Бауыржан Тәжімағанбетұлы облыстық білім басқармасы басшылығының ұйғарымымен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры болып тағайындалады.
Ғалым ұзақ жылғы жүргізген үздіксіз ғылыми зерттеулері мен жұмыстарының арқасында халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі атанады. 535 ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақаланың, оның ішінде 5 оқу құралының, 6 монографияның, 7 кітаптың және ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынысымен шыққан «Физика және астрономия. 9 сынып» оқулығының авторы атанды. Жерлесіміздің мақалалары АҚШ, Германия, Франция, Италия, Испания және басқа да шет елдер мен еліміздің басылымдарында жарық көрді.
Ғалым ел экономикасының дамуы мен білім саласының өркендеуіне қосқан елеулі үлесі үшін Қызылорда облысының 70 жылдығына арналған, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ы.Алтынсарин, «ҚР тәуелсіздігіне – 20, 25 жыл», Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты», «Қызылорда қаласына – 200 жыл», ҚР Қызыл Ай қоғамының «Құрмет белгісі», «Қызылорда облысы білім беру ісінің үздігі», Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыт ата атындағы» Алтын медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар, Байқоңыр аймағы мемлекеттік және әскери қызмет еңбек ардагерлері бірлестігінің «Ұстаз ұлағаты», Қорқыт ата атындағы ҚМУ-нің «Үздік түлек», дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының «Тоғызқұмалақ қайраткері» және «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері атанды. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатының, Қызылорда облысы әкімінің және облыстық мәслихатының Құрмет грамотасының, «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері.
Сондай-ақ, негізгі қызметімен қоса қоғамдық жұмыстарда белсенділік танытып жүрген жерлесіміз «Қазақ тілі» Халықаралық қоғамы облыстық филиалы және ҚР Қызыл Ай қоғамы облыстық филиалы президиумдарының мүшесі, республикалық «Ұстаз мәртебесі», «Кәсіптік білім көкжиегі» газеттері ақылдастар алқасының мүшесі, Қызылорда облыстық тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті қызметтерін атқарады.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары», – дейді даналар. Расында да туған жерден алыс-жақын жерде жүрген қандай да болмасын перзент Отанын сағынады. Қолдан келгенше көмегін аямайды. Бауыржан Тәжімағанбетұлының да басты мақсаты осы. Ол әрдайым өмірінің інжуі атанған Иіркөлді сағынып, оның болашағы үшін өмірінің бір бөлігін арнап келеді.
«Мен қасиетті Қармақшы табанындағы «Октябрь» әскери кеңшарында дүниеге келіп, No106 сегіз жылдық мектепті бітіргеннен кейін аудан орталығындағы No183 орта мектепте білім алдым. Жалпы, адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғымның бірі – туған жер екені анық. Әрбір адамның дүниеге келгеннен кейін түрлі қиыншылықтардан, асулардан өтетіні рас. Алдымен ата-анасы, содан кейін қоршаған ортасы, одан әрі алғаш әріп танытып, өмірдің сан қилы құбылыстарын терең түсінуге ықпал жасаған, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулитын туған жер де қалған ағалардың бейнесі көңіл төрінен орын алары анық. Сонымен бірге, өмірдегі ұстанымыңды қалыптастыруда, бағытыңды таңдауыңда, адамгершілік-рухани жағынан бай тұлға болып қалыптасуыңда өшпес із қалдырған жанды ғана ана деп айтуға болады. Маған өмірімде көптеген керемет жандар адам болып қалыптасуыма қолдау көрсетті. Оларды әлі күнге дейін айырықша сезіммен еске аламын. Әлі күнге дейін сол қымбаттыларымның маған сіңірген еңбектерін қалай ақтаймын деп ойлап қоямын. Ертеректе Шығыс ғалымы Бируни: «Ақыл мен ғылымның неше алуаны Үндістанда екен, онда шыққан кітаптың саны есепсіз. Бәрін қамти алмадым, бірақ «Панчатантраны» аударуға өте құштарлықпен кірістім» депті. Сол құнды сөздердің бірінде Тәңірдің адамға берген сыйының ішінде ең баға жетпейтіні – ақыл, өмірдегі барлық нәрсеге қол жеткізетін күш осы. Ақыл – бар игіліктің негізі, әрбір талаптың кілті. Ол тәжірибе мен білім арқылы келеді. Ақыл адамның бойында байқаусыз жатады, көрінбейді, бетін ашпайды. Парасатты ақыл мен оқымыстылықтан артық ешнәрсе жоқ. Кімге Тәңірі ақыл беріп, оны білімге ынталандырса, өзі талаптанып, соларды жетілдіруге тырысса, табыс кілті сонда делініпті әлгі ақылдың інжу-маржаны жинақталған сол кітапта.
Сондықтан, мен білім саласының тәжірибелі маманы, азамат ретінде егемен еліміздің жастары терең білім алып, өздері қалаған мамандықтарының кәсіби шебері ретінде тұғыры биік Отанымыздың дамуы жолында күш-қайратын жұмсаса игі болар еді. Мен үшін киелі Қармақшы өлкесі анамнан кейінгі ең ыстық та әрі жақын ұғым», – дейді ғалым жерлесіміз Бауыржан Тәжімағанбетұлы.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
17 қаңтар 2023 ж. 947 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 370

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 449

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930