Халық қызметшісі
qarmaqshy-tany.kz Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез келген саласының дамуы – бірінші кезекте мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты. Олардың басты мақсаты – ел мүддесін алдыңғы орынға қойып, тез әрі дұрыс шешім қабылдай алуы.
Мемлекеттік саясаттың халық арасында белсенді жүргізіліп, насихатталуында мемлекеттік қызметшілердің рөлі жоғары. Өзіне бекітілген функционалдық қызметтерімен қатар, ел арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде осы саланың жауапкершілігіне жүктелген. Жас та болса мемлекеттік қызметте аянбай тер төге еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметкердің бірі – Жосалы кенті әкімінің орынбасары Бақытбек Жылтыров.
«Мен үшін мемлекеттік қызметкер атану мақтаныш және туған елімнің өсіп-өркендеуін осы қызметпен байланыстыру үлкен абырой», – дейді ол.
Осындай мәртебелі де құрметті қызметті мақтаныш тұтып, ел мүддесі үшін қызметін адалымен атқарып жүрген Бақытбек Омарұлы Жосалы кентіндегі No30 орта мектепті тәмамдаған соң замандастары сияқты Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «инженерлік-экономикалық» факультетін бітіреді.
Еңбек жолын Жосалы кенті әкімшілігінде инспектор болып бастаған ол жылдар өте жетекші маман, бөлім меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарса, бүгінде ол кент әкімінің орынбасары қызметінде.
Бақытбектің лауазымдық міндетіне, атап айтқанда тұрғын үй қорын қамтамасыз ету, жер және тұрғын үй қатынастарын реттеу, өрт және еңбек қауіпсіздігін қорғау, азаматтық қорғаныс, мал жайылымдары мен құрылыс саласы, автомобиль жолдары, көркейту, көгалдандыру, жалпы алғанда 15 функционалдық міндет кіреді екен.
«Мен бұл салаға 2011 жылы келдім. Және бүгінде көзі жоқ болса да қызметімнің қыр-сырын меңгеруге қолдау көрсеткен құрметті ұстазым Әзиз Шоқбаровтан тәлім алдым. Оның ақыл-кеңесімен көп нәрсені ұқтым. Үйрендім. Абзал ағаның өнегелі еңбек жолы маған үлкен сабақ болды. Сонымен қатар, Серік Құлмырзаев, Қайрат Қаниев сынды ағаларым мен Қаншайым Сағаева, Нұргүл Сарыбаевадай апайларыма шәкірт болып, олардың өнегелі жолдарын санама сіңірдім. Үлгі еттім. Ал, бүгінде сол аға-әпкелерден алған тәжірибемді бөлім меңгерушісі Нұржан Тоқшылықов, бас маман Нұрсұлтан Шакенов пен жетекші маман Нұртас Сәден сынды шәкірттеріме үлгі ретінде көрсетудемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дегендей, әрине менің перзенттік басты парызым өзім туып-өскен Жосалы кентінің өсіп-өркендеуіне, экономикасының дамуына үлесімді қосу. Бүгінде заман ағымына қарай өркендеп келе жатқан өлкеме қараймын да қуанамын. Заман талабына сай жерлестерімнің игілігі үшін пайдалануға берілген сұлу да сәулетті әлеуметтік ғимараттар, спорт және ойын алаңдары, денешынықтыру және сауықтыру кешендері мен денсаулық сақтау мекемелері, кәсіпкерлік нысандар кент ажарын ашуда. Асфальтталған, жарық шамдар, жиек тастармен көмкерілген көшелер, түрлі спорттық және мәдени шараларда жоғары нәтиже көрсеткен жерлестеріміздің бейнелері ілінген бильбордтар, тағысын тағылар туып-өскен кентімнің сәулетіне дәулет қосып тұрғаны мені қуантады. Мен үшін бұдан артық бақыт бар ма, сірә», – дейді туған елінің жарқын болашағы үшін еңбек етіп жүрген Бақытбек.
Иә, өзінің іскерлігімен, ізеттілігімен елге танылып, құрмет төрінен көрініп жүрген Бақытбек Омарұлы туған халқының әлеуетінің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін облыс, аудан және түрлі салалық басшылықтардың мадақтамалары мен алғыстарына ие болды.
«Отбасы – адам өмірінің тамаша жақтары жүзеге асатын, адамның ең басты шаттығы болып саналатын балалардың өсіп, өмір сүретін орны» дегендей, Бақытбек мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспеді десек болады. Бүгінде отбасы деген қызықты да қиыншылыққа толы өмірді бірге өткізіп келе жатқан жары Әлиямен бірге Айсана, Шыңғысбектей үкілеп өсірген ұрпақтарының болашағы үшін өмірін арнап келе жатқан Бақытбектің болашағы жарқын десек артық айтқандық емес. «Мен өзімді халықтың қызметшісімін деп ойлаймын. Халыққа жақын, әр істе әділ, әрбір адамның мұң-мұқтажын түсініп, оны орындау, дұрыс жауап беру менің басты парызым. Бұл әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағида болуы тиіс деп білемін», – дейді Бақытбек Омарұлы.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ