Ардақты қария
БҮГІНДЕ 5 МЫҢНАН АСТАМ ТҰРҒЫНЫ БАР АҚАЙ АУЫЛЫ АУДАНДАҒЫ ЭКОНОМИКАСЫ НЫҒАЙЫП, ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТҰРМЫС-ТІРШІЛІГІ АРТҚАН АУЫЛДАР САНАТЫНДА. АЛ, СОЛ ӨҢІР ХАЛҚЫНА ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ БОЙЫНША ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН НЫСАНДАР САНЫ ДА ЕДӘУІР ДЕСЕМ АРТЫҚ АЙТҚАНДЫҚ ЕТПЕС. ОҒАН ДӘЛЕЛ, АУЫЛДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КӨШЕ БОЙЫНА ТІЗІЛЕ ОРНАЛАСҚАН ЗАМАУИ ҮЛГІДЕГІ МЕЙРАМХАНАЛАР МЕН ІРІ ЖӘНЕ ШАҒЫН САУДА ОРЫНДАРЫ, ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАНДАР МЕН ЕЛ-ЖҰРТҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТЕТІН БАСҚА ДА КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАР КІМДІ ДЕ БОЛСА ӘСЕМ ДЕ КЕЛБЕТТІ СӘУЛЕТІМЕН МЕНМҰНДАЛАП ШАҚЫРЫП ТҰРҒАНЫН КӨРЕМІЗ. ӘЛБЕТТЕ, ОСЫНДАЙ БЕРЕКЕСІ МЕН БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН АУЫЛДЫ МЕКЕН ЕТКЕН ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҰРМЫС-ТІРШІЛІГІ ДЕ КӨҢІЛ ҚУАНТАРЛЫҚ БОЛАДЫ.
Елдің ауызбірлігін сақтауда ауыл тұрғындарымен бірге еңбек ардагерлерінің үлесі айтарлықтай. Сан жылдар бойы еңбектегі бейнетінің зейнетін көріп, бүгінде құрметті демалысқа шықса да өздері мекен еткен елдің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек сіңіріп жүрген қариялар қауымына өскелең ұрпақ та үлкен құрметпен қарайды, ал өз кезегінде ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналар болашақтың кілті жастарда екенін айтып, олардың қоғамнан өз орындарын табуларына ақыл-кеңестерін беруден тынған емес.
Міне, сондай ел ағаларының бірі – ел құрметтісі, баталы қария, Ақай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсылық Қыпшақбайұлы.
Ағайымыздың өнегелі өмір жолы кімге де болса үлгі. Ауданға қарасты талай дарын иелеріне құтты атамекен болған киелі Ақтөбе ауылында Ұлы Отан соғысы басталардан жеті күн бұрын өмір есігін ашқан Жақсылық Қыпшақбайұлы өсе келе жүз жылдан астам тарихы бар білімнің қара шаңырағы No26 орта мектепте ұлағатты ұстаздардан тәлім алып, үлкен өмір жолына бағыттанады.
Иә, алғашқы еңбек жолын ауылдық клуб үйінде меңгеруші, киномеханик қызметтерімен бастаған ол жылдар өте ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ауыл жастарының көшбасшысы ретінде комсомол ұйымының хатшысы, шаруашылық бригадирі, агроном, ауылдық кеңестің төрағасы, бас агроном, партия ұйымының хатшысы, шаруашылық төрағасының орынбасары, кәсіподақ комитетінің төрағасы сынды қызметтерде абыройлы еңбек етіп, туған ауылының көркейіп-гүлденуіне өзіндік үлесін қосады. Қосып қана қоймай, өзі басшылық еткен жылдарда тұрғындардың әлеуетінің артуына қомақты еңбек сіңіреді.
«Елім деген ер болса, ерім деген ел де табылар» деген ел даналығында ұғым бар. Осы ретте, Жақсылық Қыпшақбайұлы өзі туып-өскен Ақтөбе ауылы үшін бар саналы өмірін арнаған ардақты жан екенін білеміз.
Расында да еңбек ерді шыңдайды. Міне, өзінің еселі еңбегімен жерлестерінің құрметіне бөленген атпал азаматтың да ел алдындағы елеулі еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, ол екі рет ауылдық кеңестің депутаты болып сайланса, Мәскеу қаласындағы халық шаруашылығы көрмесінде еңбегі еленіп, екі мәрте медальмен марапатталады.
Сонымен қатар, сол жылдардағы еңбек адамдары арасында өткізілетін социалистік жарыстың үш дүркін жеңімпазы атанды. КСРО көсемі В.Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай шығарылған мерекелік медальді иеленді. Және де осындай ерекше құрметінің арасында ағамыз үшін ең қымбаттысы, мемлекеттің оның ерен еңбегі үшін омырауына таққан «Құрмет белгісі» ордені мен Қазақстанның «Алтын кітабына» есімі жазылуы болды. Әрине, мұндай айрықша құрмет екінің біріне көрсетіле бермейтіні бесенеден белгілі.
«Туған жердің топырағы да ыстық» дегендей, өзі өскен өңірде 40 жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққан ағамыз өмірлік жары Дәмелі Әбентайқызы апайымызбен бірге өмірге әкелген 7 перзентін үкілеп өсіріп, олардың қоғамнан өз орнын табуына еңбек сіңірді. Бүгінде сол ұрпақтары тәуелсіз еліміздің әр аймағында өздері қалаған мамандықтары бойынша ел экономикасын нығайтуға азаматтық парыздарымен ата-ана аманатын орындауда қабілеттерін танытуда.
Алайда, Жақсылық Қыпшақбайұлы отбасылық тұрмыс жағдайымен Ақай ауылына қоныс аударып, бір күнде, яғни кезінде әскери «Жұлдызды қалашық» тұрғындарын ет-сүтпен, басқа да ауылшаруашылық дақылдарымен қамтамасыз еткен Ақай ауылының тұрғыны атанып шыға келді. Келіп қоймай ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, бүгінде сол елді мекен әлеуетінің артуына азаматтық үлесін қосуда. Тіпті, ауыл тұрғындары Жақсылық ағамызды бірауыздан қолдап, оған Ардагерлер кеңесін басқаруды сеніп тапсырады. Бүгінде Жәкең ағамызды ауылда атқарылатын жұмыстардың басы-қасынан көреміз. Ақылын айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісуді ол ешқашан артық санамайды. Жастарға аталық батасын беріп, олардың жаңа өмірге бейімделуіне жол көрсетіп, алға қарай нық қадам басуға қолдау көрсетіп келеді. Ауыл ақсақалдарының көшбасшысы ретінде тұрғындар арасында ұлттық дәстүрді сақтауда, ел тыныштығын қалыптастыруда, жастарды сыйластыққа, бауырмалдыққа баулуда ағамыздың еңбегі ерен. Оған дәлел ретінде айтарымыз, қазіргі таңда ауылда мал ұрлығы деген атымен жоқ десек, басқа да құқықбұзушылықтар өзге өңірлерге қарағанда төмен. Жастар арасында ұлттық салт-дәстүрді ұлықтау бұл да ауыл қариялары арқылы шешімін тапқан.
«Ел ардақтысы Жақсылық ағаның кейінгі ұрпаққа көрсетіп жүрген өнегесі өте көп. Ағайымыздың ұйымдастыруымен ауылда көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Оның ішінде, ұрпақ тәрбиесі мен жастар арасында салт дәстүрді ұлықтау, бауырмалдыққа, еңбекке баулу сияқты өнегелі істер қашанда басты назарда. Сонымен қатар, ауыл қарияларын өңір әлеуетін арттырудағы іргелі істерге қатыстыра отырып, олардың өмірлік тәжірибелерін жастар арасында насихаттауда да белсенділік танытуда ағайымыздың еңбегі ерекше. Өнерлі қарттарға да қолдау көрсетуді ұйымдастырушы» дейді ауыл әкімі Эльмира Қазиева.
«Қария – халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың қадірлі қазынасы» дегендей, тек әулетіне ғана емес Ақай ауылы тұрғындарының баталы қариясы атанып отырған Жақсылық ағамыз бүгінде сексенді еңсеріп отырған жайы бар. Қарттың басты арманы ел тыныштығы мен аталар арман еткен тәуелсіздігіміздің көк байрағы аспанымызда мәңгі желбіреп, оның астында қазақ елі үлкен ұлт болып қалыптаса беру. Иә, лайымда ардақты ағамыздың ақ батасы қазақ ұрпағының санасында жатталып қала бергей.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ