Тәуелсіздіктің басты тірегі татулық
qarmaqshy-tany.kz Қазақстан тәуелсіздік тарихының жаңабеттеріне қадам басты. Дәуірлер көшіндегі ғасырлар тізбегінде қас-қағым ғана сәт саналатын бұл санаулы жылдардың өнегесі аз болған жоқ. Еліміз халықаралық интеграцияға ұмтылған сындарлы ортада өркениеттің өжет ұлындай өз орнын алып үлгерді. Әлемдік қауымдастық мемлекеттер мозаикасынан тұрар болса, біздің еліміз оның кішігірім моделі еді. Ұлт пен ұлыстардың алуандығынан құрылған осы модельдік сабақтастық еліміздің әлемдік ықпалдастық процесінде де үлкен рөл ойнады. Ал оның алтын қазығы – Елбасымыздың төл бастамасы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы болатын.
Тәуелсіздік таңында жүз жиырмадан астам ұлт пен ұлыс өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін этносаралық және конфессияаралық диалогты сақтай отыра, елдің ауызбірлігін нығайту маңызды міндет болатын. Өйткені ыдыраған одақтың мұрасы тоқыраған экономика ғана емес, дағдарған қоғам боп күн тәртібіне шыққан. Ол қоғамның әлеуметтік ұрымтал тұсының бірі – ұлтаралық қақтығыс потенциалында жатты. Ал бұл әлеуетті күш шебер ұқсата білгенге татулық атты игілікті ресурс еді. Елбасының сарабдал саясатының бір векторы – толеранттық пен құқық теңдігі осы татулықтың туына, ауызбірліктің тұғырына айналды.
Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы қозғалған болатын. Бірнеше жылғы сараптаудан соң 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Президенттің Жарлығы шықты. Содан бері қалыптасу, даму кезеңдерінен өткен Ассамблея еліміздегі бейбітшілік пен келісімді қолдаудың тиімді тетігіне айналды.
ХХІ ғасырда туындауы мүмкін түрлі сын-қатердің арасында ұлтаралық кикілжіңдер де бар екенін әлем жұртшылығы жақсы түсінеді. Әлі күнге этносаралық келіспеушіліктің кесірінен мемлекеттігін сақтай алмаған елдер бар. Сонымен бірге кейінгі жылдары ультра оңшыл көзқарастағы топтар да бой көтере бастады. Неофашизм белгілері көрініс беріп жүр. Демек, түрлі этностардың өзара татулығын сақтайтын ерекше институтқа деген сұраныс артпаса, кемімек емес. Ал қоғамдық келісім мен ауызбірлікке бастайтын озық үлгі Қазақстанда ғана бар деп мақтанышпен айтуға лайық.
С.Желдербаев,
Қармақшы аудандық сотының судьясы