Ұлт санасын оятқан оқиға
qarmaqshy-tany.kz Кеңес Одағының күйреуіне негіз болған тарихи оқиға. Қаралы күндер. Ызғарлы желтоқсан. Алаңдағы аласапыран. Жаншылған жастар жаппай қудалаудың құрбаны болды. Дәл осы жылы сыздаған жараның аузы жарылды. Ұлтымыздың көкiрегiнде шемен болған шер ағытылды. Билiк басынан Д.Қонаевты алып, оның орнына өзге ұлтты сайлағанда ердiң ғана емес, елдiң намысы таразыға түскен шақ едi.
1986 жылдың 16 желтоқсаны. Қазақстан коммунистік партиясының орталық комитетінің кезектен тыс өткен пленумы небәрі 18 минутқа жалғасты. Дәл осы отырыста қазақ елін ұзақ жыл басқарған Дінмұхаммед Қонаев қызметінен алынды. Ал оның орнына қазақ жұрты есімін естімеген Ульяновск облыстық партия ұйымының басшысы Геннадий Колбин сайланды. Орталықтың бұл әрекеті барып тұрған саяси үстемдік пен қазақ халқының мүддесін мүлде елемеу еді. Алайда санаулы сәттерде қабылданған саяси шешімнің салдары үлкен дауылға ұласады деп ойламады.
Желтоқсан көтерілісіне жастар жаман оймен барған жоқ. Алматыдағы Республика алаңына жиналған мыңдаған жас Д.Қонаевтың қызметтен кетуіне наразылық білдірді. ҚКОК-нің бірінші хатшысы болған Колбиннің орнына қазақ азаматын тағайындауды талап етті. Жиналған топтың оңайлықпен тарамайтынын білген Кеңес билігі жастарды алаңнан күштеп қуды. Албырт көңілмен, ақ адал ниетпен бейбіт шеруге шыққан олар, бұл күрестің қарулы қақтығысқа айналарын білмеген де еді. Сол кездегі жалынды жастар ел мен ұлттың намысын жанып, бастарын бәйгеге тікті. Тіпті қатаң жазаланды да. Сонау, "Ақтабан шұбырынды" заманында да ата-бабаларымыз ел мен жер, ұрпақ үшін маңдай терін төгіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен күрескен еді ғой. Ал желтоқсаншылар ел егемендігі үшін жанталасты. Желтоқсан көтерілісінің арқасында ата-бабаларымыз үш ғасырға жуық уақыт бойы армандаған тәуелсіздікке қол жеткізді.
Деректерге сүйенсек, Желтоқсан көтерілісіне 30 мыңнан аса қазақ жастары қатысқан. Құқық қорғау органдары барлығы 8515 адамды ұстап, 2400 адамды қамауға алған. Алматы түрмесі мен абақтыларында орын қалмаған соң, 5 мыңнан астам жасты қала сыртына апарып тастаса, 1722 адам түрлі дене жарақаттарын алыпты. Кейін 99 азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі тәуелсіздік, елдің егемендігі қазаққа оңайлықпен келмегені белгілі.
Бүгінде жүректі тебірентер зұлмат оқиғаның орын алғанына 36 жыл. Біреуге аз, біреуге көп уақыт. Осынша жылды артқа тастағанымен, қаһарлы күннің ызғары қатысушылар санасынан өшпейді. Сол кездері алаңға жиналған жас толқын – бүгінде жөн сілтер аға буынға айналды. Қалай десек те, елім деп егескен, тәуелсіздік үшін күрескен ерлер есімі жадымызда мәңгілік сақталады.
"Мың өліп, мың тірілген" тәуелсіз қазақ өзінің алғашқы демін желтоқсан ызғарымен алды. Бүкіл Кеңес Одағын аяғынан тік тұрғызып, азаттықтың алғашқы лебін төрткүл дүниеге жеткізген Желтоқсан оқиғасы қай уақытта болсын халықтың жадынан өшпейтіні анық. Олай дейтініміз – сол кездегі өрімдей жастар батыр бабаларымызға тән қайсарлық пен өрліктің, ерліктің үлгісін көрсетті емес пе?!
Желтоқсан оқиғасы – тарих. Ал тарихты уақыт сахнасынан сырып тастауға ешкімнің құдіреті жетпейді. Жүрегі "жұртым" деп соққан талай марғасқаның жан әлеміне мұз бүркіген, намысы алмас қылыштың жүзіндей өткір азаматтардың ерен ерлігі ешқашан ұмтылмақ емес. Желтоқсан жаңғырығы көзден де, көңілден де кетпек емес.
"Біздің жүрегіміз темір емес. Бірақ біздің кек оты- мыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз ол – Отанға деген сүйіспеншілік" деп батыр Бауыржан Момышұлының даналы сөзі кез келген адамның өзін елітпей қоймайды. Бұл сөзге бірдеңе деудің өзі артық. Біздің бір білетініміз, Отаннан, Тәуелсіздіктен артық байлық жоқ жер бетінде.
Ақнұр САҒЫНТАЙ