» » Әлемге танылудың төте жолы – туризм

Әлемге танылудың төте жолы – туризм

Әлемдік экономикада қарқынды саланың бірі – туризм. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, туризм әлемдік экономикадағы табысы төмендемейтін салаға жатады. Ол көп елде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, сыртқы сауда балансының белсенділігіне ықпал етуде. тіпті соңғы жылдары туризм әлемдегі ең табысты бизнестің біріне айналып үлгерді. Осы ретте мемлекет басшысы сондай дәрежеге жетуді қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру атты жолдауында нақты тапсырды.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолын бойлай орналасқан Сыр өңірі – жер кіндігі Байқоңыр мен түркі халықтарының әйгілі абызы Қорқыт ата ескерткіш кешенімен ерекше. Ақмешіт атырабының рухани айнасына айналған киелі жер, өзге елден саяхаттап келушілердің жиі ат басын бұратын мекеніне айналған. Мемориалдық кешенді көруге асыққан туристердің қарасы қалың. Алыстан төрт құлағы күнге шағылысып көзге бірден көрінетін кесене табалдырығын аттағандарға қобызшының өміріне қатысты тарихтан сыр шертіп тұр.
Бүгінгі таңда облыс, елдің туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес «Ұлы Жібек Жолын жаңғырту» кластеріне енгізілген. Оның ішінде ауданда орналасқан тарихи-мәдени мұра болып табылатын «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен туристік әлеуеті жоғары Байқоңыр ғарыш айлағы Сыр өңірін басқалардан ерекшелейтін символға айналған. Сондықтан туризмді табыс көзіне айналдыруға мүмкіндік көп. Шет елден келіп бас сұққандар қаншама? Әсіресе Еуропа мемлекеті, Азия елдерінен келушілер көбейген. Осыдан кейін Сыр өңірінде аталмыш саланы дамытуға толықтай негіз бар. Мәселен, аудан аумағында Сортөбе қалашығы бар. Ықылым заманның құнды жәдігері. Сыр бойындағы басқа да мәдени мұраларды қоса насихаттаса, туристерді тартуға мол мүмкіндік болар еді. Ол үшін не істеу керек? Сол кереметті қалай насихаттаймыз? Қарапайым мысал монғол еліне туристер көп саяхаттайды екен. Неге дейсіз ғой? Ол жақта пәлендей дүние жоқ. Бар қызық мынада. Монғолдар глобализацияға ұшырамаған, өз дәстүрін, ұстанымдарын жақсы сақтаған ел. Олар бұрынғы ата-бабаларындай атпен жүреді. Халқының тең жартысы киіз үйде тұрып, мал ұстап, сүтін ішіп, ет жейді. Онда барған қонақ таза табиғатты көріп, таза ауасымен тыныстап, қымыз-қымыранынан дәм татады. Тіпті ол жақтың тұрғындары өзге елден келген мейманды туысындай қарсы алып, киіз үйіне кіргізіп, ет жегізіп, сусынды күміс тостағанмен ұсынып, жақсы құрметтейді.
Осылайша Монғолия – саяхатшы туристердің көңілін аударған ел болған. Оған мысал, әйгілі саяхатшы Потанин, Прижевальскийлер сол кезден-ақ бұл елдің табиғатына қызығып, ел тарихында іздерін қалдырған. Әрине осындай салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтаған, қонағын құшақ жая қарсы алатын елге турис- тер қалайша қызықпасын?! Одан бөлек Түркияны әлем қалай таныды? Туризмнің арқасында білді емес пе? Тіпті олар туризмнің барлық ресурсын пайдалана білді. Теледидардан жарнамалады. Әлгі көкжәшік алдында «Сұлтан Сүлеймен» атты тарихи сериалды көргендер әлемнің түкпірінен осы елге ағылды. Бұл дегеніміз – туристердің тарихқа қызығушылығы жоғары деген сөз. Осыдан кейін неге бізде ел мәдениетін осылайша насихаттап көрсетпеске?
Қазір сырттан келген туристерге биік-биік зәулім қалаларды көрсеткеннен оларға тарихы терең Түркістан мен Қорқыт ата қызықтырақ. Сөз орамын басты қазыққа оралтайық. Сыр өңірін әлемге та- ныту үшін қолда бардың қадіріне жетсек, небір назар аударарлық дүниелер біздің жерде де аз емес. Мәселен, Сортөбе оғыз дәуіріндегі қалашық. Бір қызығы, қазба жұмысы кезінде тастан жасалған қобыз мүсіні табылған. Оның өзі көрген адамды ерекше күйге бөлейді. Тіпті Қорқыт ата кесенесіне жақын. Міне осыларды біріктіріп жүйелесе, ол жерлер қорық болып сырттан келгенге демалыс аймағына айналса, туристерден басқа кім келер еді? Бәбіш молла, Шірік-Рабат, Алтын асар олар өз алдына үлкен тарих. Жалпы туризм – елдің экономикалық дейгейінің өсуіне ғана емес, ел мәдениетін, тарихын әлемге танытуға үлкен әсері бар индустрия. Туризмді дамыту үшін мемлекет тарапынан да үлкен қолдау қажет. Өйткені ол шағын бизнесті көтеруге, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризм жақсы жолға қойылса – мемлекетке пайдасын әкелер тұрақты қаржы көзіне айналады.
Туризмді көтерудің тағы бір сатысы – ол тілді дамыту. Бүгінде Қорқыт ата кешеніндегі мұражай қызметкері Мағауия Әлиев осы жағын бірінші кезекте алға тартады. «Сырттан келген шетелдіктерге өз аймағыңды, тарихыңды еркін таныстырып жеткізе алмау үлкен қателік» дейді ол бастан өткен қызықты оқиғасымен бөлісіп.
Бұрнағы жылы АҚШ-тан ерлі-зайыпты екі турист келді. Олар бірінші Қарағандыға ұшып келіп, сол жақтан карта арқылы тарихи орындарды іздей келе Қорқыт атаны тауыпты. Әлгі туристермен бірге аудармашы қазақ қызы да жүр. Содан мен мықтап тұрып Қорқыттың тарихын таныстыра бастадым. Бір кезде аудармашы қыз туристерге қарап кідіріп қалды. Маған жәйлап қарап «ағай түйенің аудармасын таппай тұрмын» дегені сол еді түйенің суреті бар темекі қорабы есіме түсіп «Camel» деп айтып тығырықтан шыққанымыз бар, – дейді ол күліп.
– Міне осыдан кейін айтарым, бүгінгі ұрпақ ағылшын тілін мектеп қабырғасынан бастап үйрену керек. Туған жердің тарихын, топырағын, әрбір өсімдігін білу қажет. Біз сонда ғана туризмді дамыта аламыз, – дейді М.Әлиев. Қазір әлемдегі пандемияға байланысты туризм саласы кідіріс үстінде. Өзге елге саяхат құру уақытша тоқтап тұр. Десек те, шекара асып, сыртқа демалып өзге елдің қоржынын қомпайтқаннан, өз еліміздің ұлттық туризмін көтергеніміз сан артық емес пе? Ал сіз не дейсіз оқырман?

Ерсін СӘДУҰЛЫ
06 желтоқсан 2022 ж. 372 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 379

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 458

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930