» » Молдахмет жырау

Молдахмет жырау

Тарихта суырыпсалма ақындық-жыраулық, жыршы-қиссашылдық, термешілік-әншілік сынды өнер түрлерін бойына жиған шығармашылық тұлғалардың бірі – Молдахмет Дабылұлы. Ол ақындық пен әншілік, жыршылық өнері бір бойына тоғысқан өнер иесі.
1893 жылы Ақтөбе ауылында дүниеге келген Молдахмет Дабылұлы жас кезінде Ораз ахуннан діни сауат ашып, өлең-жырға құштар болып өседі. Тасберген, Кете Жүсіп, Тұрымбет пен Шораяқтың Омары, Тұрмағамбеттің термелерін жоғары деңгейде орындаған. Оның жырау болып қалыптасуына даңғайыр ақын Даңмұрын әсер еткен екен.
Елге жырау-термеші ретінде танылған Молдахмет Дабылұлы тек жырау ретінде ғана емес, халық арасында ақындық қасиетімен де танылған. Ақынның «Қазақстан тойына», «Өнегелі іс», «Қашқансу туған ауылым», «Торы жорға», «Жаңа ауыл Ақтөбем», «Кемді күн» және басқа да өлеңдері халық жүрегінен орын алды.
Даңқты батыр, халық арасында Келте тонды Келмембет есімімен ел-жұртқа танылған Келмембет батыр жайлы жазған «Сарықасқа атты Келмембет», Кете руының Ақкөбек аталығының Шыбық есімді аруының өмірі. Оның баласына айттырып келген Тапбай деген сол аймақтың болысымен қақтығысын, қайсар қыздың батырлығы мен сөз тапқырлығын, махаббатқа деген адалдығын суреттеген «Шыбық қыз» бен досы Серәлі екеуінің басынан өткен оқиғаны суреттеген «Жастық шақ» және басқа да дастандары да тыңдармандар тарапынан үлкен қолдау тапты.
Лирикалық және эпикалық шығармаларды өзіндік мақамдармен орындау мәнерімен «Молдахметтің боздамасы» атты әуендік-саздық үлгісімен танылады. Ақын-жырауларды үлгі тұта жүріп, өзінің де өнер айдынына құлаш ұрғанын жырлайды. Жыраулық өнермен 20 жасының шамасында-ақ айналысып, Сыр саңлақтарының таңдамалы шығармаларын жазып алып, жаттап, мәнеріне келтіріп, әдемі әнменен домбыраға қосып жырлайтын атақты әнші, домбырашы жыраулардың бірі болған.
Молдахметтің өзінің де өлең жазарлықтай қабілеті болған. Ол қазалылық Дастан Кенжеұлына жай-жағдайын өлеңмен білдірген. Ақмешітте Асқар қожа деген жыраумен де өлең жазысқан, ақын Қуаныштың да жазған бір өлеңіне өлеңмен жауап қайтарған.
1945 жылы аудандық, облыстық ақындар айтысына қатысып, тиісті бәйге алған. Сол жылдарда колхозаралық айтыстарға да қатысып, Ленин атындағы совхоз ақыны Наурызбаймен, «Бозарқаш» колхозының ақыны Машараппен айтысқан.
Молдахмет Дабылұлының жыршылық репертуарында сөз өнері тарихына мәлім ірі-ірі эпикалық туындылар көп болған. Мысалы, «Көрұғлы», «Мұңлық-Зарлық», «Ақтам Сайын», «Жүсіп-Зылиха», «Қысырауын», «Қыз Жібек», «Алпамыс» т.б. дастандарды күні-түні жырлайтын болған.
Молдахмет шығармашылығының негізгі арнасы – ақындығы. Ақынның лирикалық өлеңдері, дастандары, айтыстары бәрі де оның шығармашылық өнерін айқындайды.
Ақынның дәстүрлі ақындық-жыраулық әдебиетті жалғастырған жолын танытатын шығармалары – терме-толғаулары. «Бұл сөзіме кім тоқтар?», «Тексізден текті шықпайды», «Өсиет», «Өнегелі іс», «Өткіздік бұл дүниені» және т.б. терме-толғауларында адамзаттың осы фәни жалған дүниедегі жақсылық пен жамандықтың жарыса, текетірес жағдайындағы арпалысты өмір мазмұны жырланады.
Азаматтық, адамгершілік тұлғасымен халқының тарихында өшпейтін мұра қалдырған Молдахмет Дабылұлының есімі ұрпақтарымен бірге жасай береді.
Өзінің өлең-жырларымен кедей-кепшіктен қолдау тапқан Молдахмет Дабылұлы большевиктер партиясы үкімет басына келген соң, елді еңбек етуге шақырып, ұжымдастыру жұмысына белсене араласты. Ол «Екпінді» ұжымшарының төрағасы қызметін атқарып, өңірде алғашқы серіктестіктер мен қосшы ұйымдарын ұйымдастыруға атсалысты.
Жырау, қайраткер Молдахмет Дабылұлы 1941-1945 жылдары қарттар мен әйелдер, кәмелетке толмаған балалармен бірге жеңісті жақындатуға үлесін қосты. Ол аудан, ауыл өнерпаздарымен бірге халықтың рухын көтеруде концерттік бригада ұйымдастырып, халықты еңбек етуге үндеді. Сонымен бірге, сол жылдары ұйымдастырылған айтыстарға қатысып, елдегі, оның ішінде ауыл шаруашылығында орын алған кемшіліктерді ақындық тілмен өткір сынға алады. Молдахмет жыраудың жалағаштық ақын Төлеубай Үркінбаевпен, қармақшылық ақын Машарап Оспановпен айтыстары аудандық, облыстық газеттерде жарияланды. 1942-1943 жылдары Молдахмет Дабылұлы облыстық, республикалық айтыстарға қатысып, марапатқа ие болды.
Молдахмет Дабылұлы ұлттық мұраны жинап, оны келешек ұрпаққа жеткізуде үлкен еңбек сіңірген фольклоршы.
«Халқыма қалтқысыз еттім қызмет
Жырладым туған елдің атырабын,
Сүйемін қасиетті топырағын.
Мен – жылға, халық – теңіз соған қарай,
Құйылып жүрегіммен жатыр ағын.
Еліме жастайымнан еттім қызмет,
Елбеңдеп өз әлімше жасап ізет.
Тисін деп қолғабысым ағайынға,
Ерінбей ертеңді-кеш жүрген біз ек.
Шақырса ел: «Молдахмет жырласын!» деп,
Жүгіріп екі айтқызбай келетін ек.
Қырық жыл халық алдында шырқасам да,
Еңбегім сіңбегендей әлі де көп.
«Батамен көгереді адам» деген,
«Халық айтса қалт айтпайды» соны білем,
Ығында көпшіліктің болып әркез,
Салса да қиындыққа соңына ерем.
Жемісін жұрттың еккен тынбай терем,
Жинаймын сөз мәйегін мәні терең.
Шыққан соң белді буып осы жолға,
Жазғаның пешенеге көре берем.
Жыр жырлап халық алдында создым әуен,
Алдымнан ашылады алтын сәулем.
Алғысын алып әркез жақсылардың,
Көңілім көтерілді болмай тәуен.
Мақамын ата-бабам салып кеткен,
Киелі жыраулардан қалған өткен.
Жиналған қордаланып талай ғасыр,
Жаңғырттым қазынаны тозбай жеткен.
Құйылған күн нұрындай әсерлі әуез,
Көтерді көңілін көптің шалқып әркез.
Желпініп жабырқау жан жадырады,
Құтырып уайымнан болған шәркез.
Қарттардың жастық көңілі келді қайтып,
Шырқатып жібергенде жырымды айтып.
Талайды тамсандырған қоңыр әуен,
Болды риза кемпірлер де бойы балқып.
Құйқылжып көтерілсе құстай ұшып,
Әуенім аспандағы айды құшып.
Тыңдаушым тамсанатын болып риза,
Шайына қант қосқандай ауызы тұшып.
Жастардың бойында қайнап асау қаны,
Мақамның ырғағымен кіріп жаны.
Майысып қыз-келіншек отыратын,
Атқандай ақ жырымен арай таңы.
Жырменен жадырайтын келіп шағы,
Ашылып алдарынан иран бағы.
Көңілдің кірі кетіп қуанбаса,
Қалмайтын ешбір жанның сынып сағы.
Түнімен отыратын жұрт ойын бөлмей,
Ұмытып дүниені есін білмей.
Жұмыстан шаршап келген шаруалар да,
Тыңдайтын жыр мәнерін көзін ілмей.
Қырық жыл дәл осылай келем шырқап,
Көтеріп көңілін көптің жасымнан-ақ.
Халыққа қызмет ету мұратым ед,
Ғибрат алсын  деймін  келер ұрпақ!» деп жырлайды ол.
1993 жылы сол кездегі аудан әкімі Жақай Бодықбаевтың Жосалы кенті мен аудан аумағындағы барлық елді мекендегі әлеуметтік нысандар мен көше атауларын заман талабына сай өзгертуге байланысты №7 шешімімен Гоголь көшесі Сыр сүлейі Молдахмет Дабылұлы атымен аталды. Басы Омар Шораяқұлы атындағы №30 орта мектептен басталып, аяғы «Жалағаш-Жосалы» автожолымен шектесетін көшеде қырыққа жуық отбасы тұрады және «Сардарбек» жеке балабақшасы тұрғындарға қызмет көрсетеді.
Дүлдүл жырау ҚазКСР Жоғарғы және облыстық атқару Кеңестерінің құрмет грамоталарымен, басқа да марапаттарына ие болды. Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестерге депутат болып сайланды. Даңғайыр ақын, жырау Молдахмет Дабылұлы 1946 жылы 53 жасында өмірден озды.
Айнұр ӘЛИ
21 шілде 2022 ж. 579 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031