» » Әр баланың қолында "Хаги Ваги"

Әр баланың қолында "Хаги Ваги"

Қазір бала көрсең, қолында көк құбыжық жүреді. Матасы жұмсақ болғанымен тісі ақсиып, көзі бадырайып, денеңді тітіркендіреді.  Бір сәтте балалар арасында хит болған бұл ойыншықтың қандай кереметі бар?
Құбыжықты әлеуметтік желіден іздей бастадық. Енді ғана танымалдыққа ие бола бастаған соң ба, қазақ тіліндегі мәлімет жоқтың қасы. Шетелдік ақпараттарды ақтара келе, ойыншықтың смартфондағы ойыннан бастау алғанын ұқтық. Солай Плэй маркеттен былтыр қазан айында пайда болған Poppy Playtime хоррор-ойынын жүктедік. Басталғаны-ақ қорқынышты. Аурасы, бейнелері, дыбысы құлаққа тіпті жағымсыз. Ойынның сюжеті былайша өрбиді.
Басты рөлдегі кейіпкер – ойыншық зауытының бұрынғы қызметкері. Жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен қызметтестерін іздейді. Ол қараусыз қалған зауытты шарлай жүріп VHS кассеталарын жинайды, өткеннің суреттерін қалпына келтіреді. Солай жүргенінде ізінен біз айтып отырған Хаги Ваги қалмай, қуалайды. Ол – зауыттың ең танымал болған  ойыншығы. Егер одан қашып үлгермесе, ұстап алады да жеп қояды. Бірнеше сатыдан өткенде ғана ойын жеңімпазы бола аласыз. Осы ойыннан кейін Ютуб арнасында анимациялық фильм пайда болды.  Онда құбыжықтың қалай пайда болғаны баяндалады. Анимацияда Хаги Вагидің денесі Playtime зауытының бұрынғы қызметкері Вадзен мырзаға тиесілі. Ол жұмыста көтеріліп, отбасын құруды армандаған. Бірақ бір ғана түн барлығын өзгертіп жібереді. Сюжет бойынша зауыт шынайы құбыжық ойыншық ойлап табады. Құрылтайшыларға көп пайда әкеледі деп болжанған жоба өкінішке орай сәтсіз аяқталады. Бұл видеоны ойынның жанкүйері жүктеген. Қаралымы 10 миллионнан асып жығылады. Кейін Тик Токта тренд пайда болды. Вирус секілді балаларды баурай бастады. Ойыншығын алып бер деп ата-анасына қиғылық салғандар көбейді.
Бағасы қалтаға салмақ түсірсе де оның түр-түрін баласына алып бергендер жетерлік. Түрі көп демекші, Хаги Ваги танымал болған жалғыз кейіпкер емес. Оның күлгін түсті қалыңдығы – Киси Миси, апельсин түстес – Ван Панк, жасыл түсті – Сили Били, қызыл түсті – Скари Лари, сұр түсті – Грисс Висс және  түрлі-түсті –  Лили Милли деген түрлері бар.
Жалпы елде бала психологиясына зиян келтіретін қорқынышты ойыншықтар көбейді. Адам өлтіруді үйрететін, қолына қару ұстатып, қатігездікке итермелейтін мульфильм кейіпкерлерін жәй ойыншық деп қарайтындар аз емес. Шындығында сол ойыншық бала психологиясын улап жатқанын білеміз бе?
Айжанат есімді келіншек –  екі баланың анасы. Оның 6 жастағы үлкен ұлы қоярда қоймай Хаги Ваги ойыншығын алдырған. Ол қандай кейіпкер екенін түсінбесе де, ойнауға рұқсат еткенін айтады.
– Соңғы шыққан ойындар, мультфильмдерден көріп жүрген ойыншықтарын сұрай бастады. Басында мен мән бермей, жарайды деп жүре бердім. Ұлыма көк, қызыма күлгін түстісін алып бердік. Кейін түнде балаларым шошып ояна бастады. Үлкен балам шошып оянады, одан кейін кішкентай балам шошып оянады. Қысқасы әкелері екі ойыншықты қоқысқа апарып тастай салды, – дейді ол.
Дүкен сөрелерінде жайғасқан қызылды-жасылды ойыншықтардан көз сүрінеді. Солардың арасында бала денсаулығына, психологиясы мен дамуына кері әсер ететін заттар да жетерлік. Арнайы мамандар ойыншықтардың тек сыртқы материалын ғана тексереді. Яки, «Аллергия тудыра ма, құрамында қауіпті қоспалар бар ма?» деген сауалдарды назарға алады екен.
– Алдымен органолептикалық көрсеткіштеріне, одан соң токсигонетикалық көрсеткіштерге, саниториялық, микробиологиялық көрсеткіштерге, физикалық факторларға, сонымен қатар, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге және радиациялық көрсеткіштерге таңбалау талаптарына сәйкестігіне зертханалық зерттеулер жүргізіледі, – дейді мамандар.
Демек ойыншықтардың бала психологиясына әсеріне ешкім бас ауыртып жатқан жоқ. Ол тек ата-ананың ғана жауапкершілігінде. Ал психолог мамандардың айтуынша, бала психикасына теріс әсерін білдірмей, ақырындап тигізетін, оның салдарлары қазір емес, адам үлкен азамат болып өскеннен кейін көрінетін ойыншықтар бар. Оны ата-аналар дұрыс түсіне алмайды. Бала сол ойыншықты таңдап жатқанда, тіпті, ата-ана сұрамайды дейді.
Қызылорда қаласындағы Babу show аниматорлары кейіпкерлерінің қатарын осы көк түсті құбыжықпен толықтырыпты. Жас кәсіпкер Жаңабай Сақтағанұлының айтуынша, бастапқыда кәстөмін алмас бұрын екі түрлі ойда болған.
– Хаги Ваги – балалар арасында кең танылған ойыншық.
Алғаш киіп шыққанымызда барлық бала қызығып жанымызға келді. Олар үшін ғажап дүниедей көрінді. Ата-аналарының пікірін сұрағанымызда бұл ойыншықтан хабары жоқтары көп. Тек мұны жәй ғана мультфильм кейіпкері деп қабылдайды екен, – дейді ол.
Көздің жауын алатын ойыншықтардың басым бөлігі – шетелдік тауарлар. Деректерге сүйенсек, елге келетін ойыншықтардың 73 проценті Қытайдан, 16 проценті  Ресей мен Белорусь елдерінен келеді екен. Ал әлеуметтік желілердегі ойыншықтың жарнамасы жер жарады.
«Танымал құбыжық Хаги Вагидің сүйкімді жұмсақ ойыншығы. Poppy Playtime кейіпкерінің келбеті – сүйкімді, ыңғайсыз жаратылыс, екінші жағынан, бұл түкті және тісті құбыжық. Хаги Вагидің қолында – Velcro, оның көмегімен ол ұзын қолын созып, ұстай алады. Бағасы қолжетімді. Балаңызды қуантыңыз» деген сарында жазылып тұр. Бала бақыты – оның  қуанғанында болса, ойыншықты көріп қуанған бала құбыжықтан бақыт тауып жүр ме деген ойға қаласыз. Қазір кез келген баланың қолынан смартфон түспейді. Түрлі мультфильм кейіпкерлерімен танысады. Олардың арасында адам өлтіруді насихаттайтындары да аз емес. Осыдан хабардарсыз ба? Сұраған ойыншығы қандай кейіпкер?
Айнұр ӘЛИ


14 шілде 2022 ж. 2 000 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (10297)

23 сәуір 2024 ж.

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930