» » Бүгінгі балалар ойнай ма?

Бүгінгі балалар ойнай ма?


Бала күнімізде қатарластарымызбен түрлі ойынның көрігін қыздырдық. Қолдан сызып алып «петка» ойнап, секіргішпен секіріп, допты да қуаладық. Ол кезде ойынның да түрі көп еді. Әйтеуір ұйқыдан тұрғаннан қара кешке дейін ойын қудық. 12-13 жаста болсақ та, ойынның қызығын қимаймыз. Мектептегі сабақ арасындағы үзілісте де секіргішімізді (скакалка) алып, далаға жүгіреміз. Жердің шаңын шығарып, жарыса жөнелеміз. Осындай бір күні математикадан сабақ беретін мұғалім жанымызға келіп «Мына ойындарыңды енді қойыңдар. Айналаны шаң қылдыңдар демеймін, көрген адамға ерсі көрінеді. Қазақ қызы етегін желпілдетіп ойнамаған. Қызға салмақтылық тән» деп бізді жөнге салды. Басында бұртиып ренжігенімізбен, оның мәнін кейін түсіндік қой. Ұстаздың есті сөзінен кейін қимасақ та ойыннан алшақтап, бой түзедік.
Ал қазіргінің баласы дәл бұлай асыр салып ойнамайды. Бұрынғыдай ағашты ат қып мінбейді. Ертегі тыңдап өспегеннен кейін ертедегі батырларға еліктемейді. Қатарластарымен доп қумайды. Есесіне есіл-дерті – теледидарға телміру, гаджетке үңілу. Бүгінгінің қала баласы да, дала баласы да сондай. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 6-9 жас аралығындағы балалар күніне орта есеппен кемі 3-4 сағат белсенді дене қимыл ойындарымен айналысуы керек. Ал қазақстандық 70,66 процент өспірімнің далада ойнау уақыты бір сағатқа да жетпейді екен. Бұл өте төмен көрсеткіш.
Балалар арасындағы артық салмақтың, көз ауруларының көбеюі, бүлдіршіндердің сөздік қорының аз болуы, кез келген ортамен тіл табыса алмай тартыншақтауы – ойынның кемдігінен. Бұл технологиясы дамыған қоғамның кемшіл тұсы. Әлем елдерінде де осы жағдай. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан, Латвия, Грузия, Чехия және басқасында жас балалардың 82-98 проценті күніне 1 сағатқа жетер-жетпес ойнайтынын айтады. Сондай-ақ Португалия, Мальта және Ирландияда шәкірттердің небәрі 20 проценті ғана қозғалыстың белсенді тәсілдерін пайдаланатыны көрсетілген. Ал балалардың дене қимыл-қозғалысымен айналысу деңгейі бойынша рейтинг жариялаған мамандар Тәжікстан балаларының 94 проценті жаяу көп жүретінін анықтаған.
Қазақстандық жеткіншектердің біршама бөлігі бұрын мектепке велоси­педпен немесе жаяу келсе, қазір отбасыларда жекеменшік көліктердің көбеюі мен мектепке автобустардың сатып алынуы бұл көрсеткішті едәуір төмендетіп жіберіпті. Сонымен қатар, қазақстандық балақайлардың ішінде ешқандай спорт түрімен шұғылданбайтын балалар да көп екен. Осы ретте мамандар әрбір ата-ана балалардың дұрыс тамақтануын қадағалап қана қоймай, дене қимыл-қозғалысымен белсенді шұғылдануына, таза ауада көбірек серуендеуіне ерекше көңіл бөлуге кеңес береді.
Балалардың компьютер ойындарына тәуелділігін зерттеп жүрген белгілі психолог Лимана Қойшиева ойын баланың өмірінде ерекше орын алатынын айтады. «Қазақ халқы балалардың ой-өрісін, қоршаған орта туралы танымын кеңейту үшін мән-мағынасы терең көптеген ойын түрін ойлап тапқанын тарихтан жақсы білеміз. Ойын жеткіншектің шығармашылығын шыңдайды, жеке қасиеттерін ұштайды, мінез-құл­қын қалыптастыруға жол салады. Басқалармен тіл табысуға үйретіп, бәріне ортақ қағидаттар мен ережелерге бағынуға икемдейді» дейді психолог өзінің зерттеуінде.
Кішкентайынан ойнап өспеген балалардың мінез-құлқында өзгеше­ліктер болады. Мысалы, ата-анасы баласымен бірге ойнамауы былай тұрсын, оларға қаталдық танытып, ашық сөйлеспей, үнемі ұрсып, зекіп отырса, ондай бала жасық, өз-өзіне сенімсіз болып өседі. Өзімен-өзі болып өскен жеткіншек адаммен араласа қоймайтын томаға-тұйық, агрессивті келеді. Баланы дер кезінде қолға алмаса, мұндай бұйығы мінез жасөспірім шақта өшпенділікке, қаскөйлікке ұласуы мүмкін.
Иә, ойын балаға ауадай қажет. Бірақ қазіргі баланың ойыны бұрынғы­ға ұқсамайды. Бүгінгінің баласы асық ойнамайды, асыр салып далада жүрмейді. Қазіргі балалар компьютерге телміріп, ғаламторға шырмалып, үйде отырғанды тәуір көреді. Соңғы кезде ғалымдар ғаламторға тәуелділікті аурудың қатарына жатқызуды ұсынып жүр. Әлемнің көптеген елдерінде тәуелділік синдромы ауру ретінде зерттеле де бастады. Психологтің айтуына қарағанда, ғаламторға, компьютерге тәуелділік те – ауру. Өйткені оған берілген адамның бойында мазасыздық, агрессия, депрессия секілді психикалық ауытқулар байқалады. Бұл жерде ата-ананың аңғарымпаздығы керек-ақ.
Әрине, компьютер ойындарын ойнауды мүлде тыйып тастауға бол­майды. Тыйым салу мәселені шешпейді. Ең бастысы ақылмен шешім қабылдау. «Ойындарды баланың жас ерекшелігіне сай сауатты іріктеу керек. Кейбір үлкендер жан тыныштығын ойлап, баласының компьютерде отырған уақытын шектей бермейді. Бұл – ең үлкен қателік. Компьютерді уақытымен, орнымен қолданғанда ғана оған тәуелділік болмайды. Ол үшін баланың күнделікті уақытын тиімді өткізуін назарда ұстау қажет. Белгілі бір мерзімде компьютерде отырсын, одан кейінгі уақытта басқа іспен шұғылдануына баса көңіл аударған жөн. Әсіресе, қимыл-қозғалысты қажет ететін ойындар баланы сергітеді, көңіл күйін көтереді. Қатарластарымен желіде тілдескеннен гөрі аулада ойнағаны, серуендегені жеткіншекке әлдеқайда тиімді» дейді психолог.
Ертеңіміздің жарқын болуы балаларымыздың тәрбиесіне, санасына көп байланысты. Сондықтан әр ата-ана ұрпағының ұлағат­ты да көргенді болуына барын салуы қажет. Ұрпағыңыздың дені сау, келешегі кемел болсын десеңіз, балаңыз өзін физикалық жағынан сергітетін ойындар ойнасын.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
13 шілде 2022 ж. 576 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (10300)

04 мамыр 2024 ж.

№34 (10299)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (10298)

27 сәуір 2024 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру!

Хабарландыру!

29 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031