» » АСЫҚ АТҚАН АЗБАЙДЫ

АСЫҚ АТҚАН АЗБАЙДЫ


Бала күнімізде үйімізге қонақ келсе әкеміз қорадағы қойды немесе қошқарды соятын. «Бісміллә» деп қойды сойғаннан, еті терісінен ажырағанша қасынан айналшықтап шықпайтынбыз. Сондағы мақсат – қой союды үйрену емес, жілігіндегі асықты алу. Асық ірі болса соны сақа сайлап, ішіне қорғасын құйып, түрлі түске бояйтынбыз.
Әжеміздің арнайылап тігіп берген кішкене қапшығына талай асықты жинадық. Іргелес көшенің балалары мен жарыса асық ойнап, сақамыздың бағын сонда сынайтынбыз. Кімнің асығы алшысынан түссе сол олжалы қайтатын. Мықты ойнаған бала «қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт» деп сақасы мен мақтанатын. Ол кездің жастары үлкен мен кіші болып ойнаса да жарасатын. Жүгіресің, секіресің, көздейсің, тигізесің, ерегесесің, бірде жеңіп, бірде жеңілесің, асыққа «бай» боласың, кейде асықсыз қайтасың. Сол шақтың таза тәрбиесі еді. Бәлкім балалықтың жарқын бейнесі шығар, бірақ бұл ойынның ар жағында терең мағына жатқанын бүгінгі бала білер ме екен?
Қазір көшеде асық ойнамақ түгілі қолына асық ұстаған баланың қарасы көрінбейді. Бәлкім біз көрмейміз бе, әлде шынымен солай ма, бүгінгінің баласы асықтан «алшақтап» қалған тәрізді. Технологияланған жаңа дәуірде ұлттық қасиеттеріміз бен ұлттық ойындарымыз жоғалып бара жатқандай. Бүгінде асық ойнауды қала баласын айтпағанда ауыл баласының өзі ойнамайды деген үлкен алаңдаушылық туындайды.
Алаш ағартушысы Мағжан Жұмабаевтың сөзімен айтсақ «Ойын – бала үшін өмірлік тәжірибе» – дейді. Қазақтың ұлттық ойындарының ең алғашқы сатысы һәм халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде әуелі асықты айтамыз. Асық ойыны балалардың дене қимылының жітілігін, жылдамдығын, оңтайлығын арттыруға, сондай-ақ икемділігін дамытуға көп септігін тигізген. Күндіз де, түнде де ойналып күндіз мергендікке, түнде ептілікке баулыған. Асық ойындарына қой, арқар және еліктің асықтары жарайды. Қазекем көбіне арқардың асығын сақа етіп таңдаған. Ертеде оны бақуаттының балалары ұстайтын болған деседі. Салмақты сақа асыққа тигенде быт-шыт болып жан-жаққа бытырай ұшқан. Асық ойынының түрі көп. Олар – омпа, тас қала, ханталапай, құмар, т.б. Оның ішінде алшыны өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп жеткізген.
Асық ойыны – атадан балаға жеткен асыл мұрамыз деп есептесек, кеңестік жүйені құрушылар айтып кеткен «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деген мақалды өзгертетін сәт келген сияқты. Ендеше қазіргінің балаларына «асық ойнаған азбайды, ақыл-ойды қозғайды» деген тура айтылғандай.
P.S.
Асық ойынын бүгін ешкім ойнамайды деп қам жемеңіз. Технология дамыған заманда тек саусағын ғана қимылдататындар үшін арнайы телефон ойындарына «асық атуды да» енгізіп қойған. Кәнігі шынайы асық атпасаңызда, телефон ойыны арқылы асық атып үйренесіз.
Ерсін СӘДУҰЛЫ,
"Қармақшы таңы"


23 наурыз 2019 ж. 2 014 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 028

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031