» » » АСЫҒЫҢ АЛШЫСЫНАН ТҮССІН

АСЫҒЫҢ АЛШЫСЫНАН ТҮССІН

Менің қызыл сақам болатын. Бала күнімде әкем алыстағы жамағайындарға қы­дырып келгенде «балам, мынау, арқардың асығы. Тәуір сақа қылып аларсың» деп әкеп берген. Арнайылап тесіп, қорғасын құйып алдым. Кейіннен үлкен қазанға апамдар жүн бояп жатқанда қызыл түске бояп алып едім. Асықты асық көрмеуші еді, шеңбердің ортасында тізіп қойған асықтарды дөп тисе, жан-жаққа бытырататын. Қылжақбас Олжас болса, өзінің қой асығынан жасалған сақасын «қой асығы демеңіз, қолға жақса сақа тұт» деп, мергендігін танытады. Оның арғы жағында «сенікі құлжанікі болғанмен, мендегі қой асығы да мықты» деген ой астарланып жатушы еді. Бәлки, біз көрмейміз бе, әлде шынымен солай ма, бүгінгі бала асықтан «адасып» қалған тәрізді. Әлбетте, біз үшін көңіл түкпіріндегі балалықтың жарқын бейнесі шығар, бірақ бұл ойынның арғы жағында терең мағына жатыр.
Асықтың «төркіні» қай тұста басталғаны белгісіз, бірақ қазақ тарихымен тұстасып келе жатқан ұлттық ойынның түрі. Күндіз де, түнде де ойналып, күндіз мергендікке, түнде ептілікке баулыған. Ойнаған са­йын тұла бойың қозғалысқа түсіп, сай-сүйегіңе бір жаттығу тәрізді. Бұл – физикалық тұрғыдан алғанда. Компьютердің алдында бүкірейіп отырып, саусақты ғана қимылдатып, плейстейшнмен көзқарасы қалып­тасқан бүгінгінің балаларының қасында ол кездегілер ширақ қимылдап, діттеген мақсатқа жетуге тырысатын еді. Сондықтан көреген қазақ бұл ойынды тәрбие құралы ретінде пайдалана білген. Алайда бүгін сол пайдалы іске ақырға тартса тақырға қашатын қайран ел үйір болмай қалды. Көкпарды қалай жабылып жүріп ұйымдастырсақ, асықты да дәл солай маңдайымыз терлеп өткізетін болдық. Тіпті облыстан бұл ойынға құрама жасақтау үшін де таздың төбе шашындай ғана қалған бейімдерді аттай қалап тағы жүреміз.
– Өкінішке орай, қазір студент, оқушы балалардан «асық ойнай аласың ба?» деп сұрасаң, тіпті асық ойыны былай тұрсын, қолына ұстап ата алмайды. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін қазір қолға алып, сонау Арал мен Жаңақорғанның арасындағы ауыл балаларын дайындап жатырмыз. Жеткен жетістіктеріміз де бар. Бірақ бір кездері күнделікті қолданыста болған ойыннан бұл күнде пәленінші орын алдық деп масайрау – ұят. Сондықтан ұлттық ойынның ұлылығына бойлау әрбір отбасынан басталса екен, – деді облыста асық ойынын ұйымдастырушы Райхан Наукеев.
Асықтың алшысы қайсы, тәйкесі қайсы, бүк пен шік қандай болады? Мұны білетіндер де санаулы. Шеңбер ойнау кей жерлерде табан деп те аталады. Бұл ойынның қай түрі болмасын, баланы еңбекке, өтірік айтпауға дағдыландырады. Кімнің мықты, кімнің осал екені айқын көрініп тұратын ойынды ойнаған ауыл балаларының әділдікке жаны құмар болып өседі. Мұны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналған десек те болады. Дей тұрғанмен, қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрғанда біз ұлтқа қатысты ұлықтың біразынан айырылып қала жаздадық. Тіпті «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де мал бағып, құйрық жеген озар» деген де шумақ қалыптасты. Өйткені, асық ойынын еріккеннің ермегіне балады. Сұрқия саясат еңбектеген баладан еңкейген қарияның тірлігіне дейін араласты. Ойынның мән-мағынасы өзгеріп, алғашқы болмысын жоғалтты. Қазір асық ойынының әдепкі формасы мен ережелерін білетін адамды шам ұстап жүріп іздейсіз. Табылса, жақсы әрине. Табылмаса тағы тауыңыз шағылады.
Қазір асық ойнауды былай қойғанда, ет жіліктейтін, аттың құлағында ойнайтын жан некен-саяқ. Ес жиып, етек-жеңді жиғанымыздан ұлттық ойындар жаңғыру үстінде. Бұл әрине, қазақы қазығымызға бағыт алғанымыз. Асық ойыны да ортаға оралып, ойыншыларын табатыны анық. Бірақ сол үдерісті жеделдету – өз қолымызда екенін естен шығармайық.
P.S.
Жасы екіге енді толатын ұлым асыққа құмартып өсіп келеді. Бала күнімде анам маған асық жинайтын. Енді немересіне жинап жүр. Сырттай қарап, көңілімді бір керемет күй биледі. Алла бұйыртса, балаларымызбен бірге асық ойнайтын күн де алыс емес екен ғой.
Аян СПАНДИЯР.


17 қыркүйек 2018 ж. 3 438 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031