Еңбек пен ермек
Жақында Facebook әлеуметтік желісінен №250 мектеп-лицейде «эко-био» жәрмеңкесі ұйымдастырылғанын көз шалды. Нағыз бау-бақшаға көкөніс отырғызар тұста түрлі көшетті сатуға шығарған оқушылардың саудасы қыза түскен. Бар-жоғы 10 минуттық үзілісте қызанақ, тәтті бұрыш, баялды мен бірнеше гүлдің көшетін сатқан жеткіншектердің жасыл-желек отырғызып, оны күтіп баптауға құлшына түскендері байқалады.
Бұрын балалар, мектеп оқушылары жасынан еңбекке тартылып, егістікке жіберілетін. Кент пен қала былай тұрсын қазір ауылдық жердегілердің өзі ауласына ғана болмаса арнайылап жер алып, бақша екпейтін болды. Бұл өз кезегінде жалқаулыққа, табиғатқа деген жанашырлықтың азаюына әкелуде. Қарапайым көкөністің көшетін ажырата алмау ізденістен алшақтықты аңғартады.
Аталған мектеп-лицей ауласынан салынған жылыжай 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Жылыжай жұмысы директордың бейіндік білім беру жөніндегі орынбасары Жұлдызай Бекбаева мен биология пәні бойынша үйірме жетекшісі Айвелюк Шигенованың жауапкершілігінде. Үйірме жұмысына 7-8-9 сынып оқушылары қатысады.
– Негізінде әр мектептің жанында биологиялық бұрыш болуы қажет. Ол жерде оқушылар практикалық сабақ барысында өз қолдарымен тұқым сеуіп қана қоймай, оны өздері баптайтын болады. Көптеген білім ордаларында биологиялық бұрыш кездесе бермейді. Бірді-екілі ғана болуы мүмкін. Сабақ процесі барысында практикалық тұрғыдан оқушы өз қолымен жасап көруі қажет. Оқушылардың көкөніс өсіру дағдысы қалыптасып, еңбек етуге үйренеді. Сондай-ақ мұғалімдерге де сабақты практикамен ұштастырып өткізуге мүмкіндік туатыны бесенеден белгілі. Сыныпта алған теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, тұқым егіп, оны күтіп-баптап, өнім алу мүмкіндігін бағамдаған оқушы сол тәжірибесін өз үйінің ауласында да іске асыруы бек мүмкін. Сондықтан, қалай болғанда да жылыжай жобасы дұрыс жолға қойылса, жақсы нәтиже берері сөзсіз, – дейді мектеп-лицей директоры Гүлжахан Мұнарбаева.
– «Эко-био» жәрмеңкесі биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Түскен қаражат қайта өнім көшеттерін жасайтын тұқым мен топырақ алуға жұмсалады. Енді бұл бастаманы жыл сайын ұйымдастырсақ па деп отырмыз. Оқушылардың қызығушылығы жоғары. Бұрын тұқымды айыра алмай, шатасатын. Қазір ізденіп, үйреніп, басқа да гүлдердің түрін отырғызуға ұсыныс айтып отырады. Әрбір өскінге жанашырлық танытып, аялап, күтіп баптайды. Олардың қызығушылығы бізді қанаттандыра түседі. Жылыжайға ақпанның аяғына қарай алғашқы тұқым себіледі. Бұрын көбірек гүл көшеттерін егетінбіз. Сәуірдің соңғы күндерінде мектеп ауласы жылыжайда өсірілген гүлдермен көмкеріледі. Биыл көкөніс, гүл көшеттерінің 500-ден аса данасы егілді. Бір рет жәрмеңке өткіздік, енді осы дайын көшеттермен екінші рет ұйымдастырамыз, – дейді биология пәнінің мұғалімі Айвелюк Сұлтамұратқызы.
Мектеп директоры жылыжайдан көл-көсір пайда таппаса да, қажетті құралдарына жұмсайтын өнім алатындығына, оқушылардың танымы арта түсетініне сенімді. Сондықтан жылыжай ісін қолға алып қана қоймай, оны жолға қою қажет-ақ. Тағы бір айта кетерлігі, оқушылар қол еңбегіне тартылады. Оларға «екінші үйлері» гүлдерін баптап, талдарын суаруға көмектесу жұмыстары тапсырылмақ. Бір сөзбен айтқанда білім ордасында балаларға экологиялық тәрбиені сіңіруіне мол мүмкіндік жасалған.
Еңбек пен ермек. Екеуін ұштастырған оқушылардың қоғамға көп пайдасы тиетіні анық.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА