» » Тілсіз жауға салғырттық себеп

Тілсіз жауға салғырттық себеп


Жақында айтып келмейтін тілсіз жау кентіміздегі тағы бір отбасының шаңырағын отқа орады. Желдің күшімен құтырған қызыл жалын бір әулетті үйсіз қалдырды. Абырой болғанда адам шығыны жоқ. Мамандар өрттің шығу себебі сырттан келген тоқ сымының тұйықталу әсерінен пайда болғанын айтады. Алайда жалынның толықтай өршуіне жеке үйлердегі өрт қауіпсіздігінің жиі сақталмауы себеп болып отыр.
Бұл тұрғыда құрылым қыз­мет­керлерінің үй-үйді аралап, жеке секторларда өрт қауіпсіздігін сақтау керектігі жөнінде құлаққа құюының кемі жоқ. Жылу беру маусымы басталады дегеннен шалғай ауылдарды, кент іші көшелерін аралап, тұрғындармен кездесуде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуді тоқтатпайды. Жылу пешін пайдалануда өрт қауіпсіздігін сақтау, түтін шығар жолды жылына екі рет тазарту керектігі, сонымен қатар балаларды үйде жалғыз қалдырмау төтеншеліктердің адам өмірін сақтаудағы жыл бойы түсіндіріп келе жатқан басты ескертулері. Алайда тұрғындардың қауіпсіздікті сақтаудағы салғырттығы өрт оқиғасының алып келуіне сеп болуда.
– Өрт қауіпсіздігін сақтау – ең бірінші адам өмірін сақтауды қамтамасыз етеді. Мейлі өрт сөндірушілер үлкен өрт ошағына барсын, олар алдымен өртті сөндірместен бұрын адамның бар-жоғын анықтап, болған жағдайда соны құтқарудың қамын жасайды. Содан кейін өртті ауыздықтауға, оның әрі қарай өршіп кетпеуіне жұмыс жасайды. Жалпы кез келген ғимаратты қарасаңыз өрт болған жағдайда адамның бірінші құтқарылуына, оның тезірек әрекет жасап шығып кетуіне жағдай жасалынады. Қарапайым мысал болсын, адам көп шоғырланған мекемелерде, үйлерде ашылып жабылатын есіктер сыртқа қарай ашылатын етіп жасалынады. Себебі өрт кезінде адамның ойы жан-жаққа кетіп, сасып қалады. Ол кезде тек шығудың амалын жасайды. Сол кезде есікті итеріп ашуға, оның өмірі құтқарылуға жағдай жасалынады. Міне, адамның өмірі әрқашан бірінші орында тұрады. Сол сияқты тұрғын үй өртінің алдын алу кезінде де сақтық шаралары ұдайы айтылып отырады. Мәселен, жылу беру маусымы қазан айында басталса өрт сөндіру бөлімі мен төтеншеліктер мерзімнен бұрын тұрғындармен қарым-қатынас жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сәуірде жылу беру тоқтағанша халықпен жұмыс істеуін тоқтатпайды. Одан бөлек, газ баллондарын пайдалануда да ескертпелер аз айтылып жатқан жоқ. Бірақ тұрғындар тарапынан салғырттық таныту әлі де бар, – дейді аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Өмірбек Сақтабаев.
Иә, өрттің шығуына себеп көп. Соның ішінде газ баллондарының жарылуы да үлкен шығын әкелуде. Осыдан бір жыл бұрын кентте тұрғын үйде болған газ жарылысы оған дәлел. Рұқсат етілмеген газ сұйығын құю бекеттерінде баллондарды толтыру үлкен қателік. Себебі пропан газы тұрмыстық бутан газына қарағанда әлдеқайда тез кеңеюіне байланысты көп жағдайда жарылысқа әкеп соғады. Одан бөлек, қазіргі салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысы талапқа сай келмеуінің әсерінен тез өртенуге әкеп соғуы жиі ұшырауда.
– Қазір адамдар жағдайға қарап үй салғанымен өртке қауіпті жағын көп ескере бермейді. Яғни үйдің құрылысын жанғыш материалдармен тұрғызады. Бәлкім қалтаға қарай құрылысын жүргізер. Алайда өрт болған жағдайда тез отқа орануына бірден-бір себеп сол. Мәселен, үйдің төбесін қамыспен толтыру, қабырғасын ағаш каркастан тұрғызу секілді. Қазір технология дамыған заманда жанбайтын материалдар сырттан елімізге көбірек әкелініп жатыр. Осыларды өз қауіпсіздігіміз үшін пайдалануымыз керек. Қазір кенттегі кей тұрғындар үйлерін табиғи газға қосып жатыр. Ол тіптен қауіпсіздікті сақтауды қажет етеді. Одан бөлек, жаз айларында қоралардың өртенуі көп кездеседі. Әсіресе ауыл аймақтарда үш-төрт үй қорасын бір-біріне жалғастырып салғандар бар. Олардың құрылысы нағыз жанғыш материалдан тұрғызылған. Оған тек бір ғана оттық жетпей тұрады. Ал өртенген жағдайда кімге болмасын үлкен шығын. Ол бір жағынан өрт сөндірушілерге үлкен кедергі. Отты өшіруге күш салар. Алайда келесі қораға бет алса, оны ауыздықтау қиын болады. Сондықтан кез келген құрылысты бастарда өрт қауіпсіздігін қаперге алған жөн, – дейді аудандық №10 өрт сөндіру бөлімінің бастығы азаматтық қорғау майоры Еркебұлан Қайратұлы.
Тілсіз жаудың қай тұстан тұтанарын болжау мүмкін емес. Алайда сақтықты әр адам өзінен бастаған жөн. Салғырттықтың соңы қайғылы жағдайға әкелмесін десек, барынша сақтық шараларын ұстанайық.

Ерсін СӘДУҰЛЫ
02 сәуір 2022 ж. 407 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 050

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031