» » Біз осылай қызмет еткен едік...

Біз осылай қызмет еткен едік...



АУДАНДЫҚ «ҚАРМАҚШЫ ТАҢЫ» ГАЗЕТІНІҢ РЕДАКТОРЛЫҒЫНА 2002 ЖЫЛДЫҢ АҚПАН АЙЫН­ДА КЕЛДІМ. БҰРЫН АУДАН ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ІШКІ САЯ­САТ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРЫП ЖҮРГЕН КЕЗІМДЕ ГАЗЕТ ЖҰМЫСЫМЕН ТЫҒЫЗ БАЙЛАНЫСТА БОЛҒАН ЕДІМ. ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ФИЛОЛОГИЯ ФАКУЛЬТЕТІН БІТІРГЕН СОҢ АНДА-САНДА БОЛСА ДА АУЫЛ ӨМІРІНЕН, ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ САЛТ-ДӘСТҮРІНЕН, ТУҒАН ӨЛКЕ ТАРИХЫНАН ӘҢГІМЕ ҚОЗҒАП, МАҚАЛАЛАР ЖАЗЫП ТҰРАТЫНЫМ ДА БАР ЕДІ.
Ол жылдары аудандық баспаханамен қосылған газет редакциясы типті жобада салынған екі қабатты үйде болушы еді. Редакция қызметкерлерінің номерге дайындаған материалдары астыңғы қабаттағы линотип деп аталатын болуы керек, әріп теретін үлкен машинамен түрлі өлшемде теріліп, одан жоғарыда қателері тексеріліп, макет жасаушының асқан ыждағаттылығымен мазмұнына қарай, көлеміне қарай ерекше үйлесіммен орналастырылатын. Мұның өзі сол кездегі белгілі журналист, тәжірибелі газет қызметкері, жауапты хатшы Бақыт Қаналиеваның ғана қолынан келетін жұмыс еді. Барлық қателері шығарылып, макетке редактордың толық келісімі беріліп қол қойылғаннан кейін «Плоскопечатная машинка» деп аталатын машинамен 1-4 беттерді бір бетіне, 2-3 беттерді бір бетіне басып шығады.
Жіберілген бір ғана әріп қатесі үшін сол жол түгелімен қайта теріліп, қайта орналастырылатын болған соң әсіресе газет шығатын күні түніменен, кейде таңға дейін жұмыс жасауға тура келетін. Осындай қарбалас кезінде де бір-біріне қабақ шытып, тоңтеріс мінез көрсетпейтін газет қызметкерлерінің ауызбірлігі, сыйластығы айта қалған­дай бір тату-тәттілігі – сол бір мажырасын кезеңдердегі есте қалар құндылықтардың бірі еді деп ойлаймын осы күнге дейін.
Ал қызметкерлері 10-15 мың теңгенің арасында ғана айлық алатын газет редакциясының шаруашылықтардан алынбай келе жатқан алашақ қарызы әр ауылдан 30-40 мың теңгенің көлемінде, қызметкерлердің жалақысы мен салық төлемдеріне берешек қарызы одан да көп болып тұрған қиын кезде бір-бірімізге осындай түсіністікпен қараудан өзге амал да жоқ еді.
Ол кезде газетке алты айға жазылу 400 теңге еді де, жекелеген адамдарды газетке жаздырған газет қызметкерлері осы 400 теңгені айлығының есебінен өзі алып, түбіртегін бас есепшіге өткізетін. Бас есепші деп отырғанымыз Алтын Убайдуллаева түбіртекті қабылдап, қанша болса да өткізген адамның айлығынан шегеріп қоятын. Бұның өзі жалақысын ала алмай отырған газет қызметкерлері үшін күнкөріске едәуір септігін тигізетін жұмыс еді.
Шаруашылықтардың газетке қа­рыз болатын жері – көктем мен күз мезгілінде газетке жазылу науқаны бас­талады да шаруашылық қызметкерлері мен айлық алатын жұмыскерлерді газетке қарызға да жаздыра беретін болуы керек, өздері күнін көре алмай отырған шаруашылықтардан бұл ақша соңына дейін қайтарылған жоқ. Себебі, шаруашылықтар еңбекшілердің жалақысын ақшалай емес, өндірген өнімімен төлейді немесе жалақыға да, басқаға да қарыз болып отыра береді сол жылдары. Шаруашылықтар мен басқа да кәсіпорындар арасында бартерлік есептесу деп аталатын төлем түрлері жүргізілетін кез болғандықтан бір ретте марқұм Мұратбек Құланбаев деген азаматтың көмегімен «Тұрмағамбет» ЖШС-дан бір машина қара күріш, оншақты қап ақ күріш алғанымыз бар.
Аптасына бір номері шығатын газетті шығаратын «Сыр бойы» газетінің қасындағы облыстық баспаханаға да біздің жағдайымыз белгілі болуы керек, азын-аулақ қарызымызға қарамастан газеттің үздіксіз шығып тұруына қолғабысын тигізді.
Сол жылдары газет шығаруды алғашқы болып жаңа технологияға көшір­ген «Тіршілік тынысы» газетінің редакторы, әріптесіміз Сәуле Ерімбе­тованың көмегімен дайындаған материал­дарды компьютермен теріп, Тереңөзекте беттеп алғашқы бір номерімізді офсеттік басылыммен шығардық. Бұл газеттің 2002 жылғы 1 Мамыр мерекесіне арналған номері болатын.
Иә, осыдан кейін-ақ бірінен соң бірі істен шығып, жамап-жасқап отырған ескі құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің бұдан әрі реті келмейтінін біліп, газетті офсеттік басылыммен шығарудың жолдарын қарастыра бастадық.
Аудан әкімі Шакизат Төребаевтың қолдауымен сол кезде аудандағы, тіпті облыстағы десем де болады, өзін-өзі қаржыландырып тұрған бірден-бір шаруашылық «Жаңажол» ЖШС директоры Қылышбек Әбішевтің қаржылай көмегінің арқасында 200 мың теңгеге Қызылорда қаласындағы электронды жабдықтар дүкенінен компьютерлік техникалар: А2 форматта қағаз басып шығаратын принтер, сканер, процессордың сыйымдылығын арттыратын винчестр дей ме, құдай-ау, аттарын ұмытып та қалдым, бірсыпыра заттар алдық. Сонымен газетті осы заманғы технологиямен шығару, яғни офсетті басылыммен дайындау осы газетке 3 жыл редакторлық еткен Құндақбаевтың еншісіне бұйырды.
Ол кезде газет қызметкерлері ғана емес, газеттің штаттан тыс тілшілерінің белсенділігі жоғары болатын. Ұлы Отан соғысының ардагері Төребек Жанболғанов, Жайық Есіркепов деген ағаларымыз газетке материал беріп тұрумен ғана шектелмей, қамқорлық жасап жүретін жайсаң жандар еді. Ақындар Пал апай Баймаханова, Қали Шыңғысов, Үрліхан Өндібаева, Кеңшілік Қиясов, тілші Ізбасар Пірімов, тағы басқа көптеген газет жанашырлары күнде редакцияда болып, газеттің бар қиындығын өзімізбен бірге көтерді десем болады. Тіпті мектеп оқушыларынан да жас тілшілеріміз жеткілікті еді. Сатирик Нұрлыбай Таубаевтың өзі неге тұрады?! Қалай болғанда да газетті жұрт қызығып оқитын дәрежеде шығуына атсалысқан ағаларға әлі күнге алғысымды айтып отырамын. 2003 жылдары газет қызме­ткерлері мен штаттан тыс тілш­ілері қатарынан 8 адамды Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне тартып, одақтың бастауыш ұйымы ретінде Бақыт Қаналиеваны белгілеп, белсенді тілшілер қатарын көбейтуге жұмыс істедік.
Көрші аудандардағы газет редакторлары Мәлік Аяпов, Сәуле Ерімбетова, Алтай Айып деген азаматтармен әріптестік сыйластығымыз да ерекше болды.
2004 жылы аудан орталығындағы мектептің біріне директор болып ауысуы­ма байланысты редакторлық жұмысты тоқтатқаныммен газетпен байланыс үзілген жоқ. «Аға, жазып тұрсаңызшы!» дейтін іні-қарындастарымыздың арқа­сында ара-тұра газетке әңгімелерім шығып тұрады.

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
15 наурыз 2022 ж. 482 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 040

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031