» » Су тапшылығына қарамастан мол өнімге қол жеткізбек

Су тапшылығына қарамастан мол өнімге қол жеткізбек


ЕҢБЕК ЕТСЕҢ, АЛДЫМЕН ӨЗ БАСЫҢ, ОДАН СОҢ ОТБАСЫҢ РАҚАТЫН КӨРЕДІ. ЖҰМЫСҚА ЖҰМЫЛА КІРІСКЕННІҢ НЕСІБЕСІН АЛЛА АЙЫРАДЫ ДЕГЕН АҒАЛАРДЫҢ СӨЗІ ӘРКЕЗ ҰРАНЫМЫЗҒА АЙНАЛҒАНДАЙ. ЕҢБЕКТІҢ АДАЛ НАНЫНА ЕТ ҮЙРЕТКЕН ДИҚАНШЫ ҚАУЫМНЫҢ БИЫЛҒЫ БЕЙНЕТІ БІР БАСЫНА АЗ БОЛҒАН ЖОҚ. ДЕГЕНМЕН, БҮГІНГІ КҮННІҢ БАТЫРЛАРЫ ІСПЕТТІ ЕГІНШІ АҒАЙЫННЫҢ КҮННІҢ АПТАПТЫ ЫСТЫҒЫ МЕН СУДЫҢ ҚУАҢШЫЛЫҒЫНА ҚАРАМАСТАН ЕҢСЕСІ БІР ТҮСПЕДІ. АЛАГЕУІМ ТАҢНАН ЕГІС БАСЫНАН ТАБЫЛАТЫН ШАРУАНЫҢ ЖАЙЫН ШАРУАДАН АРТЫҚ КІМ ТҮСІНЕР! ӘРБІР КҮНІН ДАЛА ҚОСТАРЫНДА ЕҢБЕК МАЙДАНЫМЕН ҰШТАСТЫРҒАН ЕГІНЖАЙ ЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІНДЕ БІР ҒАНА АДАМНЫҢ ЕМЕС, БҮКІЛ ЕЛДІ МЕКЕН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ НӘПАҚАСЫ ТҰРАТЫНЫН ТАҒЫ ДА ӨЗДЕРІНЕН АСЫП КІМ БІЛГЕН! СОНДАЙ МАҢДАЙ ТЕР ЕҢБЕКТІҢ ПАРҚЫ МЕН НАРҚЫН АСЫРЫП ЖҮРГЕН ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ БІРІ – ШАЙЫР АУЫЛЫНЫҢ «ТҰРМАҒАМБЕТ» ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІ.
 Біраз жылдан бері шаруашылықты ауыл азаматы Нұржан Пірмантаев абыроймен басқарып келеді. Серіктестікте 242 адам еңбек етсе, осы жылы сол еңбеккерлердің жұмыс күшімен 1900 гектар жерге «Лидер» және «Сыр сұлуы» күріш сор­ты егілген. Су тапшылығы бола тұра, алған беттен қайтпаған серіктестік ұжымы биылғы жиын-терімді де аяқтауға әзір.
– Жалпы біз бұрын 2700 гектарға дейін күріш егетінбіз. Ең төмені 2500 гектар болған. Биыл енді судың тапшылығына байланысты 1900 гектар ғана ектік. Күшіміз жетеді. Техника да сайлы. Тек суға байланысты аз ектік. Бірақ мұның шаруашылыққа тигізер зияны да жоқ емес. Себебі жаңа техниканың барлығы лизингке алынған. Оның жылына 80-90 миллион теңгеге дейін төленетін қаржысы бар. Мұның бәрі айналып келгенде егін көлеміне тіреледі. Гектар азайған жағдайда шығындарымызды өтеуге кедергі келтіреді. Бізде тек қана техниканың қаражаты емес, сонымен бірге басқа да шығындарымыз бар. Оның ішінде тыңайтқыш, жанар-жағар май, коммуналдық төлемдер мен жұмысшылардың еңбекақысы, тағысын тағы бар. Неғұрлым аз егілсе, соғұрлым тиімсіз. Қалай болғанда да бұл тығырықтан шығуымыз керек деген мақсатпен биыл аудандық, облыстық су мекемелерімен келісіп, Генералдағы көлден келер жылы қосымша су қосамыз деп жобалап отырмыз. Ол суға қол жеткізсек, жаман болмаймыз. Жер көлемінің бұрынғы қалпына қайта келуіне жол ашылады. Гектардың түсуі – қаражат жағдайының кемуімен қатар, шаруашылықтан нәпақа тауып жеп отырған адам санының да азаюына әкеледі. Мысалы 600-700 гектар жерге 15-20 адам жұмыспен қамтылатын болса, сол адамдар жұмыссыз қалмақ. Жер көлемі азайса, олар да жұмыстан шығып қалады. Азайды деген нәрсе елді мекен тұрмысына да жақсы емес, – дейді шаруашылық төрағасы Нұржан Пірмантаев.
«Балапанды күзде санайды» демекші, диқан жұртының алажазғы еңбегі күзде таразыда өлшенеді. Төрағаның сөзінше, судың тапшылығына байланысты егін алқаптарына жаздай су тартатын 5 насос қойылған. Оған 80 тоннадай жанар-жағар май жұмсалған. Әлбетте ол серіктестікке артық шығын екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен сол судың дұрыс барған жерінің шығымы жақсы, өнімі жоғары болғанын марқая жеткізді.
– 100 процент ойдағыдай болмағанымен, 85 процент шығып отырғанымызға сенімдіміз. Шүкір. Әр уақыттың өзіне тән талабы болады екен. Ол талап жыл санап жоғарылайтынға ұқсайды. Мәселен, ілгеріде күріштің гектарына 45 центнерден өнім алғанда шаруалар қуанатын болса, 50-ден алғанда тіпті одан да жақсы көңіл күйде жүретін еді. Қызығы сол, қазір бұл көрсеткіш төменге саналады. Неге десеңіз? Бүгінде жаңа инновациялар іске қосылып жатыр. Жер лазерь сәулесімен тегістеледі. Соның арқасында 60-70 процент аралығында өнім алғандарға ешкім таңқалмайды. Өткен жылы жекелеген сушылардың арасында нақты еңбегімен гектарына 90 центнерден өнім алған азаматымыз болды. Ескере кетерлігі, біздің шаруашылықта жердің құнарынан ба, әлде мамандарымыздың біліктілігі ме екен, күріштің сапасы әркез жоғары көрсетеді. Естіп жатамын, кейбір шаруашылықта шығымы жақсы болғанмен, күріш сапасы төмен болып жатыр дегенді. Техникаға келсек, көктемгі егіс, күзгі жиын-терім науқаны болсын жеткілікті деңгейде. Осы егінге қандай қажетті техника керек болатын болса, соның бәрі бар. Эксковатор, грейдер, бульдозер өзімізде табылады. Сонымен бірге, бұл техникалар заманауи үлгідегілер. Кезінде 20 жатка, 20 комбайн, барлығы 40 техника болатын. Сол техникалардың жүргізушілерімен қасына бір-бірден көмекшісі қосылғанда 80 адам жұмыс істейтін. Осы кезеңде оның орнын 7 комбайн, 3-ақ жатка басқан. Қазір бас-аяғы 10 механизатор сол жұмысты атқарады, – дейді Нұржан Айдарбекұлы.
Мақсатсыз іс қайдан болсын. Сол секілді шаруашылықтың да алға қойған мақсаттары жетерлік. Қосымша ірі қара малын дамытуды қолға алуды жоспарлап отыр. Оған өздерінде жем-шөп пен жоңышқаның қоры жетеді. Одан бөлек, әртараптандыру бағытында мақсары, бидай егуді де қосып отырған жайы бар. Бидай ауа райы тым ыстық жерге жерсіне қоймайтын дақыл. Дегенмен, шаруашылық жігіттері бидай егудің бейнетіне батуға да бел байлауда. Ғалымдармен ақылдаса отырып, бұл шаруаны оңды шешуге ықыласты. Ал мақсарыны соңғы жылдары тәжірибеден сәтті өткізуде. Кезінде сарыала, торлама, қарақауынымен аты шыққан өңіріміз бақша өнімінен алдыға адам сала қоймаған еді. Енді міне соның күні тағы да туып келе жатқандай. Шаруашылық судың аздығына қарамай, тәуекел етіп биыл Алдашбай ахун ауылынан 15 гектар жерге пленка асты әдісімен бақша дақылдарын екті. Және одан да мол өнім ала білді. Ерте піскен қауын-қарбызға ел қарық болды. Келер жылы бақша көлемін 30-40 гектарға көбейтуді жоспарлаған серіктестік қауын-қарбызбен қоса, сәбіз, картоп, қызылша сияқты тұтынуға қажетті дақылдарды да қамтуды күн тәртібіне қойған. Айта кеткен жөн болар, Тұрмағамбет ауылындағы «Сәлима ана» балабақшасы осы бақша дақылдарымен тегін қамтылып отыр.
– Қараша айынан бастап әрі қарайғы 4 айда шаруашылық еңбеккерлерінің 70 проценті ақысыз еңбек демалысына шығады. Тек ішінде қажетті дегендерін ғана қалдырамыз. Сол балабақшаның әр балаға төленетін 3 мың 500 теңге жарнапұлы бар. Соның 2 мыңын ата-анасы төлесе, қалған 1 мың 500 теңгесі шаруашылық есебінен өтеледі. Бұл да болса ата-анаға көмек. Неге мұндай жағдай жасалып отыр дегенге келсек, біріншіден, балалардың ата-аналары біздің еңбеккерлеріміз, екіншіден олардың өздерінің төккен тері мен еткен еңбегі. Қыстай қоймада сақтап, қажеттілікке қарай жұмсалады. Бұл жерде – ата-анасының адал еңбегінің қызығын неге баласы көрмеске деген ұстаным. Соған сай, жарнапұлдың да сомасын төмен етіп отырмыз. Жалпы жарнапұл баланың тамағына төленеді десек, ұн, күріш, ет, сүт өнімдері мен бақша дақылдары өзімізде болғасын осындай жағдайлар жасауды мұрат еткенбіз, – дейді Нұржан Пірмантаев.
Еңбек еткеннің еңсесі қашан да биік келеді. Олардың арасында еңбегімен мәртебесі көтерілгендер көптен ерекшеленіп тұратыны да жасырын емес. Мысалы, серіктестікте жұмыс істейтін сушы мамандар Мұрат Қожабаев, Өркен Дәлиев, комбайншы Болат Сәуенов, жаткашы Нұржан Ертаев, күріш тасымалдаушысы Әлжан Қамбаров, бригадир Айбек Сарыбаевтар озаттар қатарынан көрінуде.
Серіктестіктің үлкеннің батасын алып, ри­зашылығына бөленуде басты себеп – қа­йырымдылық етуінде. Яғни, елге жанашырлығы мен қолының ашықтығында десек қателеспейміз. «Жаз маусымы шамадан тыс ыстық болды. Сырттан да қуаңшылық болып, елдің қиналғанын өзіңіз жақсы білесіз. Соны негізге алып, ауылымызда үй басына тегін 100 престен таратып жатырмыз. Одан бөлек, әр түтінге 2 тоннадан көмір түсіріп береміз. Қазір қырманға әкеліп үйіп қойдық. Егін саябырсығасын үйлерге барып көмір түсіруді бастаймыз. Қаражатын халық өзі төлейді, бірақ ауданға барып сабылмайды, көлік жалдамайды. Өзіміз өндіргеннен кейін күріштің бағасын төмен қоямыз. Жем де сондай қалтаға қонымды. Мәселен жемнің бағасы қалада келісі 83 теңгеден. Біз сырттан келгендерге келісін 67 теңгеден ұсынсақ, өзіміздің еңбеккерлерге 25-30 теңгенің көлемінде сатуды жолға қойғанбыз. Той-томалақ, басқа да жағдай болып жатса, отыны, күріші, ұны тегін беріледі. Мектептегі іс-шараларға, сондай-ақ жақында Қызылорда қаласында ұйымдастырылған Кете Жүсіптің 150 жылдық мерейтойына қаржылай демеу жасап, қайырымдылық көрсеттік. Жиын-терімнен соң шаруашылықтың қызметкерлеріне шипажайға демалуға тегін жолдама үлес­тіреміз. Ауылымыздың 3 ардагеріне де осындай жолдамалар береміз. Орталықтан дүкен аш­қанбыз. Ондағы баға да қалтаға тимейді» дейді сөз арасында меценат азамат.
– Бүгінгі таңда істеліп жатқан шаруа аз емес, десе де алдағы мақсатымыз одан да көп. Жылыжай ашқымыз келеді. Ақ халат киіп жүретін үлкен де заманауи ірі қара мал фермасын құрсақ дейміз. Елге, халыққа керекті әрі әліміз келетін, болашағы бар дүниелерді іске асырсақ па деген оймен бірнеше жобаның ізін жасаудамыз. Сөзімді қорыта келе айтарым, қалай тапсақ та елге, халыққа жұмыс та­уып беруіміз керек. Өйткені жұмыс істеген адам әрі қарай өзінің еңбекақысымен күнін көреді, дамиды, – дейді үлкен ұжымның ұйытқысы болған Нұржан Айдарбекұлы.
Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА
16 қазан 2021 ж. 382 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№31 (10296)

20 сәуір 2024 ж.

№30 (10295)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (10294)

13 сәуір 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930