Миллионер бригадир

Ол биылғы жылы өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқарып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде жоғары көрсеткішке жеткені үшін «Озат бригадир» номинациясын жеңіп алды. Бақытбек Кенжебекұлы ауылдағы күріш егетін «Ақтөбе и К» шаруа қожалығындағы тәжірибелі маманның бірі. Ол осы шаруашылықтағы №1 күріш бригадасын басқарады. Қарамағында 9 күрішші бар. Б.Мұнарбаев диқандармен бірлесе жұмыс істеп, 514 гектар жерге Сыр маржанын егіп, соның басы-қасында өзі жүреді. Күн-түн демей күрішші қауыммен бірлесе еңбек етудің нәтижесінде 68,46 центнерден өнім алған. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» деген қағиданы ұстанған ол, қажыр мен талпыныстың арқасында оның бригадасы үздік атанды.
Б.Мұнарбаев Тұрмағамбет ауылының тумасы. Әкесі Кенжебек пен анасы Күлпанның тәрбиесінде 6 бала тәрбиеленіп өскен. Әке соғыс ардагері. Ағамыз еңбек жолын 1986 жылы шөп бригадасында есепші қызметінен бастаған. Кейін уақыт өте құрылыс инженері, одан соң астық, темір қосалқы бөлшектер, жанар-жағар май қоймасында меңгеруші болған. 2018 жылдан бастап бригадир қызметіне ауысып, бүгінде осы саланың тізгінін ұстауда.
Жақында Ақтөбе ауылында көктемгі жер жыртудан басталған жылдық қорытынды жиын – «Алтын дән» сабан тойы өтті. «Ақтөбе и К» шаруа қожалығының директоры Нұрлан Іздібаев дала диқандарының еңбегін бағалап сый-сияпат жасады. Онда биылғы науқанда жоғары көрсеткіш көрсеткен №1 егіс бригадасының бригадирі Бақытбек Кенжекбекұлына және оның ұжымына 3 млн теңге қаржылай сыяпат тапсырды.
– «Бейнетіне қарай – зейнеті» дейді. Бейнетпен біткен егінді жинау аяқталып, қамба астыққа толған зейнетін көріп шүкір дейміз. Еңбек еткенде жұмыла істеу керек, сонда ғана жұмыс өнеді, бірігіп істеген жүк жеңіл. Еңбек – мұратқа жетудің жолы, – деді бригадир.
Бақытбек аға зайыбы Шолпан екеуі 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы. Ұлы – Алтынбек мұнай саласының маманы болса, Алтынай «Алтын белгі» иегері. Ал Гүлсіңай биылғы Қобыланды батыр жырын жаттаған үздік оқушы. Әпкелерінің соңынан ерген Жарқынай да үлгілі шәкірт.
Ерсін СӘДУҰЛЫ