Әке аманатын ардақтаған ұстаз
Адам баласы өз өмір соқпағын өзі сомдайды. Өмірінің мәнді де сәнді, мағыналы да мазмұнды болуы сол өмір иесінің қарымы мен қасиетіне байланысты. Атақты педагог-ғалым В.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі де қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан-дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» деп ұстаздық өнерге ерекше баға берген.
Еңбегімен көптің құрметіне бөленген ардагер ұстаздың бірі – Мереке Қайнарова. Ол отыз жылдан аса ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жан. Бұл жылдарда туған елге деген сүйіспеншілік арқылы білікті де парасатты ізбасарларын тәрбиелеумен қатар, дарынды ұйымдастырушы қырынан да көріне білді. Әріптестері Мереке апайды ғұмырын халқымыздың болашағына арнаған зиялы азаматша ретінде құрметтейді. Өмірден мол тәжірибе жинақтап, жас мамандарды тәрбиелеп, еңбек жолына бағыт беріп, оларға ақылшы, көмекші бола білген ұстаздың орны қашанда бөлек.
– Бала кезімде заң саласының қызметкері болуды армандадым. Алайда әкем өзінің ұстаздық жолын жалғауымды өтінді. Әкемнің өмірден өтер алдындағы өтінішін құп алып, осы мамандықты өміріме серік еттім. Әрі бұл шешіміме мүлде өкінген де емеспін. Әкем география пәнінен ұстаздық еткен. Онан бөлек ел арасындағы өзекті мәселелерге үн қатып, даулы түйткілдерді шешіп отыратын от ауызды, орақ тілді жан еді. Ол өмірден өткенде мен бар болғаны 13 жаста едім. Үйдегі он баланың үлкені де мен болатынмын. Үйелмелі-сүйелмелі он баламен жастай жесір қалған анам, бізді өсіріп жеткізді. Біздің бүгінгі жетістігіміз – анамыздың ақ тілеуі мен тынымсыз еңбегінің арқасы. Мен бұл мамандықты жан-тәніммен сүйе білдім. Себебі мектеп кезінде маған қазақ тілі мен әдебиетінен әкемнің досы, өте білікті мұғалім ұстаздық еткен. Сол мектепте қаланған білім, бүгінгі күніме дейін азық болды, – дейді өткен өміріне сағынышпен көз жүгірткен ардагер ұстаз.
Әке тілегін құп алып, ұстаздық династияны жалғауды ойлаған ол мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтынан «қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығын меңгереді. Алғашқы еңбек жолын 1982 жылы өзі өскен Жаңақала ауылында бастайды. Одан кейін өмір ағынымен тұрмыс құрған соң, Төретам кентінде, Байқоңыр қаласындағы мектептерде ұстаздық етеді. №272 мектептен зейнетке шыққан ардақты ұстаздың ізін жалғаған шәкірттері де жетерлік. Мәселен, Назым Тасболат, Ұлмекен Асадуллаева, Венера Баянбаева, Альмира Төлегеновалар шәкірт тәрбиелеп жүрсе, Гүлнұр Қалмырза, Дильназ Ерланқызы бүгінде ұстаздық мамандықты меңгеруде. «Талапты да талантты шәкірттерімді мақтан тұтамын» дейді ол.
– «Қобыланды батыр» жырын жаттаудан аудандық кезеңнен екі оқушым да өтіп, облыстық кезеңде ақтық сайысқа шықты. 138 беттен тұратын жырды жаттап, тосыннан қойылған сұрақтарға тосылмай жауап беру үшін төрт-бес ай көлемінде дайындық жұмыстарын жүргіздік. Еңбек ақталды. Нәтижесінде Даяна Толыбаева жүлделі орын иеленсе, Гүлнұр Қарамырза төртінші орын алды. Қаржылай сыйлықтарға да ие болдық. Біздің мектептің жақсы бір игі дәстүрі бар. Ол облыстық, одан да жоғары марапатқа ие болған шәкірт пен ұстазды қызыл кілеммен күтіп алып, қошемет көрсету. Мен мектебімнің осындай құрметіне бірнеше рет ие болған жанмын. Өзім ұстаздық еткен уақытта «45 жыл мұғалім болсаң да, 45 минуттық сабағыңа дайындал» деген қағиданы ұстанамын. Оқушының бойына қазақылықты, ұлттық құндылықты сіңірту үшін әрбір сабағыма тыңғылықты дайындықпен кірісетінмін. Мұғалім деген өзінің мамандығына берілген, өзінің мамандығын сүйетін, балалармен жақсы қарым-қатынас жасай алатын, баланың жүрегіне жол таба білетін, сондай барынша сабырлы, шыдамды кісі болуы керек. Сонымен қатар білімі мықты болуы керек. Балаларды жалықтырмау үшін күнделікті жаңаша бірнәрсе ойлап таба білетін ізденімпаз болуы керек, – дейді Мереке Сәдуақасқызы.
Оқушыны білім биігіне ұмтылдырған ардагер ұстаз ҚР Білім министрінен білім беру жүйесіне қосқан үлесі үшін 2006, 2017 жылдары Алғыс хатпен марапатталса, биыл ҚР Президентінің жарлығы бойынша Премьер-министр Асқар Маминнің қолынан «Шапағат» төсбелгісін тағынған. Кейіпкеріміз – ұстаздардың арасында осы төсбелгіні тағынғандардың алғашқысы.
Ұстаздық өнер – тағылымы терең өнер. Ал өнерлі болу кез келген адамға қона бермесі анық. Олай болса, шын ұстаз болу үшін табиғи дарын, ізгілікті ізденіс пен ерен еңбек ұштастырылуы қажет. Ендеше, Мереке Сәдуақасқызы – жоғарыда аталған қасиеттер бойында тоғысқан, нағыз ұстаз деген атқа лайықты жан.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ