Қой жүні қашан кәдеге асады?
Қазақ үшін төрт түлік мал жесе тамақ, ішсе сусын, кисе киім, мінсе көлік болған. Ол кездегі төрт түлікке байланған қазақ тұрмысын малсыз көз алдыңа елестету әсте қиын. «Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл көсір» дейді тағы да. Бүгінгі біздің тақырыптың арқауы да сол – қой. Қой болғанда да оның жүні жайында болмақ. Ал сол жүнді кәдеге асырып жатырмыз ба?
Өзіміз тәуелсіздік тұсында өмірге келген соң ба, әйтеуір үлкендердің «біздің кезімізде» деп отыратынын жиі естиміз. Мәселен, кеңес заманының өзінде мал терісі мен жүні, тіпті сүйегіне дейін пайдаланылған дейді. Ал осы күні қойдың жүні, малдың терісі мүлдем қажетсіз зат болып қалғанына куә болып жүр талайы. Пима дегенді естігеніміз, көргеніміз болмаса ес білгелі басыған ұйығынды аяғына басып алып жүргендерді онша аңғармаппыз. Осыдан он шақты жыл бұрын ауылдағы ағайын киетін еді. Қазір ол да жоқ. Бірең-сараң адам ғана дүкеннен қытайдың дайын ұйығын сатып алады. Бірде «ойбуйлап» бетін шымшыған қос кемпірдің әңгімесі біраз ойландырды. Қой терісі сыпырылған соң өртеліп не үлкен қоқыс жәшігіне тасталғанын көріп шағымданып отыр екен. Осылайша, бір кездері табыстың көзіне айналады деген қойдың жүні мен терісі бүгіндері ешкімге керексіз болып, қоқысқа тасталуда. Себеп қандай? Ақтала аламыз ба?
Баспа-бас айырбас белең алған тұста күрт азайған мал басы соңғы жылдары ақырындап өсіп келеді. Ауыл тұрғындарының бірлі-жарымы болса да қой-сиыр ұстайды. Малмен айналысатын шаруа қожалықтары және ірі шаруашылықтар бар. Дегенмен, қазір жұрт малды тек еті мен сүті үшін ғана ұстайды. Терісі мен жүні мүлдем дерлік пайдаланылмайды.
Биыл ауданда мемлекеттік бағдарламалар аясында 1085 бас төрт түлік сатып алынған екен. Нәтижесінде мал саны бойынша өсім көрсеткіші 5,1 процентті құрапты. Оның ішінде мүйізді ірі қара басы 2,2 процент, қой басы 5,7 процент, ешкі басы 2,8 процент, жылқы басы 10,9 процент, түйе басы 5,5 процентке өскен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы ------------ айтуынша, қой жүні мүлдем дерлік кәдеге асырылмайды. Яки, қой жүні керексіз лақтырылып жатыр. Осындайда екінші ой миыңа сап етеді. Қазір шетелдік синтетикалық бұйымдардан жасалған аяқ киімді артық санайтын жастар жағы әлгінде біз айтқан ұйықты қажет етпейді ғой. Қой жүнінен жасалатын, бұрынғы қазақтар, кейінірек кеңес заманындағы ауыл тұрғындары тұтынып келген алаша, кілем, текемет сияқты бұйымдар да бүгінде қажетсіз болып қалды. Олардың орнын сәнді, матасы үлпілдеп тұратын «богатый» кілемдер басқаны қашан. Ал «Тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық» дейтін, қандай суықта да денеңді қыз-қыз қайнатып тұратын тері тондар мен күртелердің сәні баяғыда-ақ қош айтысқан. Қазір үлкендер де, жастар да, балалар да қытайдың пуховигін киеді. Ол арзан, әрі жеңіл. Денсаулыққа қаншалықты пайдалы екені де белгісіз. Ал Құрбан айт кезінде құрбандыққа шалынған қойдың терісін қоқыстың арасынан көргенде ішің күйеді. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда жүннен иірілген жіпке деген сұраныс жыл сайын 200 тоннадан асады екен. Өкінішке орай, бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен халық сұранысының тоғыз проценті ғана өтейді. Кеңес одағының соңғы жылдарында елде қой саны 30-35 миллионға жетіп, 100-105 мың тонна жүн өндіріліпті. Оның 60 проценттен астамы сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болып, әлемнің 12 еліне экспортталған көрінеді. Ал қазір ше? Бір кездері қып-қызыл табыстың көзі болған біз қолдағы бар бағалы шикізатымызды пайдалана алмай жатқанымызда, қой жүні мен терісін пайдаланып, табыс тауып отырған елдер бар. Мәселен, Австралияда қой басы 50 миллионға жетіпті. Ал алақандай Англияда 10 миллион қой бағылады. Бұл елдер қойдың етін ғана емес, негізінен жүнін пайдаланудың арқасында қыруар пайда табуда.
«Ала қойды бөле қырықсаң, жүнге жарымайсың» деген тәмсіл бар. Біз қалай қырықсақ та жүнге жарығанымызбен, жарата алмай отырмыз. Сондағы оның пайдасы не деп отырған боларсыз? Қойдың жүнін «жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» және «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөліп атайды. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап күпсек (бөстек), көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүріп қайнатады. Бұл жүнді шайырынан тазарту үшін де істеледі. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады. Ал, күзем жүнінен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет, сырмақ, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Турасын айтқанда, малмен ғана күнелткен ата-бабамыз қой жүнін киім де, төсеніш те, баспана да етті. Кейіннен осындай тамаша дүниемізден көз жазып қалдық.
Жалпы алғанда, республикада жыл сайын 38 мың тонна қой жүні өндіріледі. Оның ішінде 7 мың тоннасы биязы, 4,4 мың тоннасы жартылай биязы және 20,6 мың тоннасы қылшықты жүн. Яғни, Қазақстанда негізінен жартылай қылшықты және қылшықты жүн өндіріледі деген сөз. Ал биязы және жартылай биязы жүнді импорттауға тура келеді. Мәселен, 2018 жылы импорт көлемі 296 тоннаны құрады, бұл 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 43 пайызға жоғары. Мемлекет тарапынан тоқыма өнеркәсібіне қажет биязы жүн алынатын жартылай биязы және биязы жүнді қой түрлерін өсіруге ынталандыру жоқ. Бізде қазір заманауи түрленген өндіріс бар, олар осындай шетелдік озық кәсіпорындармен бәсекеге түсе алады. Өкінішке қарай, олар өз өндірістің қуаттылығының 40-50 процентін ғана іске асыруда.
«Жүнді алғашқы қайта өңдеу сатысындағы өндірісті дамыту және жүн өнімдерін дайындау үшін Биязы жүн өнімдерін өндіру жөніндегі кластерлік бастаманы іске асыру жоспарын әзірлеу керек. Ол үшін, сатып алуға техникалық ерекшеліктерді әзірлеу кезінде ҚР СТ талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, квазимемлекеттік сектордың сатып алуына қол жеткізу арқылы елдің ішінде кепілдендірілген ұзақ мерзімді тапсырыстармен қамтамасыз ету, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстарды қолмен режимдеу, көрсетілген тұтынушыларға қажетті өнімдер болмаған жағдайда технологияларды жинақтау, ассортиментін кеңейту және импортқа тәуелділікті азайту мақсатында ұзақ мерзімді оффтейк келісім-шарттарды жасауды ұсынамын. Осы жүн өнімдерін өндіру мен өңдеу өндірісі күтілген қажетті деңгейге жеткізу үшін жоғарыдағы сұрақтар шешілуі қажет деп санаймын» деген еді Асқар Мамин.
Бүгінде елдегі жеңіл өнеркәсіп саласында 1 030 кәсіпорын бар, оның 96 проценті шағын кәсіпорындар, жалпы жұмыскерлерінің саны 11 мың адам. Жасыратыны жоқ, қой жүнін өңдеу мәселесі талай жылдан бері көтеріліп, әбден айтылып, жауыр болған мәселе. Бірақ еш нәтиже болмай тұр. «Себебі қой жүнін өңдеудің заманы өтті, сұраныс аз» дейді мамандар. Бірақ жүн өңдеу де өз алдына бір сала, заман қаншалықты өзгерсе де биязы жүнге де сұраныс жоқ емес. Сондықтан жүн өңдеу өндірісін және жүн өнімдерін дайындауды дамыту үшін алдымен жартылай биязы және биязы жүнді қой түрлерін өсіруді қолға алу керек. Ал әзірге қазақы қойдың жүні өртеп жіберуден басқаға жарамай тұрғаны өкінішті-ақ.
Көршілес Моңғол халқында қазір қой саны 40 миллионға жақындаған. Солай бола тұра ысырап болған бір уыс жүн мен бір шөкім тері жоқ. Құрылысқа пайдаланатын «стекловата» дегенді қойдың жүнінен жасап, әлемге таратуда. Форбес журналындағы салыстырмалы анализді көрелік. 1990 жылы Қазақстанда 35 млн қой болса, Монғолияда 25 млн қой. Ал 2019 жылы Қазақстанда 18 млн қой қалып, Моңғолиядағы көрсеткіш 30 миллионға жеткен.
Қой, оның ішінде биязы жүнді қой тұқымын мыңғыртып өсіріп, тоқыма мата өндірісін жолға қоюға, сол арқылы мол табыс табуға қажетті мүмкіндіктің бәрі бар. Тек осы бір ақсап қалған саланы көтеруге қаржы қарастырылып, жеткілікті көңіл бөлінсе, тоқырап қалған саланы дамытуға да мүмкіндік ашылар еді.
Дайындаған Айнұр ӘЛИ