» » » МАЛ ЖҮНІ ҚАШАН КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ?

МАЛ ЖҮНІ ҚАШАН КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ?

Мал шаруа­шы­лығын­дағы маңызды өнімнің бірі – жүн. Сол жүнді біз не істеп жатырмыз? Қай кәдеге асуда. Бұрын жүннен киіз басылатын. Бүгінде ше? Қытайлықтар түйе жүнінен жеңіл әрі жылы куртка тіксе, түрік ағайындар жүннен пальто, күрте өндіріп, әлемдік нарыққа шығаруда. Жүннің ортасында отырған қазақтың бұл жағынан қамы қандай? Мысалы, Швейцария кәсіпкері сиыр мүйізінен стақан жасаса, енді бір елдің компаниясы мал сүйегінен тұрмыстық бұйым істеп, ақшаға айналдырады. Дүниежүзі маңыз берген біздің жүніміз де, мүйізіміз де далада шашулы. Іске асырып, қажетке жаратуда кенжеміз. Басқа жұрт көрген пайда мен олжаны қазақ көрсе артық па?
Жайлауы малға, қорасы қойға толы қазақ атамыздың жүн қажетіне қашан да жарап отырған. Көшпелілердің жайы да – киізден болған. Төсеніші, тұтынатын көрпе-көрпешесі де жүн өнімі. Үстіндегі киімі мен аяқ киімі де былғары мен жүннен істелген. Астына жаятын төсеніші де осы өнім. Бір сөзбен айтқанда, жүн – қазақтың тұрмыстық қажетін толық өтеген. Ол табиғи өнім екенімен ерекше. Экологиялық жағынан да адам денсаулығына пайдалы. Мән бермедік пе, көңіл қойылмады ма, соңғы жылдары ауыл арасында жүнге деген көзқарастың өзгергені анық. Қаланы айтпағанның өзінде алтын бесік – ауылда да айтулы өнімнің нарқы құлдырап, парқы кете бастағаны – рас. Тіпті, кейде сыртқа шығарылған қоқыстың арасында қап-қап болып жүн де жүретіні бар. Жүн деуге келмес, есіліп далаға тасталған соң жұрқаға айналады-дағы. Қайсыбір жылы емдік мақсатта көршіміз шетелдік фирманың белдігін алып тұтынды. Бағасы шарықтап тұр. 120 мың теңге. Белдікте шипалы тас болса керек. Негізі түйенің жүнінен жасалған. «Белім ауыра берген соң бағасына қарамадым», – дейді көрші.    
БАС КӨП БОЛҒАНЫМЕН,
БАС АУРУ – БІРЕУ
Қазақ қолда бар алтынын қадір­лей білген халық. Алайда, мал шаруашылығына келгенде сол қадірді кетіріп жүрген жоқпыз ба деген пікір туады осындайда. Әлемдік нарықта алтынмен пара-пар бағаланатын түлік төресі – түйенің жүні неге кәдеге аспауда. Сұраусыз қаржылар неге желге ұшуда. Ұшқан түтінінді де ысырап етпей, қажетке жарататын қысық көз қытайдың қазақтан несі артық?   
Ғылымға сүйенсек, түйе бұдан 4-5 мың жыл бұрын қолға үйретіле бастаған. Ол шөлге де, суыққа да төзімді жануар. Елімізде түйенің екі түрі өсіріледі. Дромедар – яғни жалғыз және қос өркешті – бактрия. Көшпелілер кезінде түйе малын көлік ретінде пайдаланса, жүні мен терісін – киім, етін – ас, сүтін – сусын ретінде тұтынған. Түйенің қасиеті – ол он күн аштық пен отыз күн шөлге шыдас береді. Оның «дала кемесі» атануы тегін емес. Таудай денесі бола тұра түйе тілалғыш. Адамның айдауына көніп, жетегіне жүреді. Жануардың күй талғамайтыны тағы бар. Түйе сүті – диеталық тұрғыда бағаланады. Шудасының адам денсаулығына көп­теген шипасы бар. Бүйрек, құяң, буын ауруына ем. Түйенің еті де – бағалы. Ал, жүні жеңіл өнеркәсіпте үлкен сұранысқа ие. Одан бау-шу есуге, кілем, белбеу, шекпен тоқуға, сондай-ақ көрпеге салуға да таптырмас ұлпадай мамық. Түйенің жүні жеңіл әрі жылы, жұмсақтығымен, биязылығымен ерекше. Айтулы жүннің сапасына әлемде сай келетін жүн жоқ десек, қателеспеген болар едік. 
– Түйенің жүнін отбасымызбен  жақсы көреміз. Бізде кезінде әкем, сонан соң анам, қазір балаларым жамылып жүрген көрпеміз бар. Ұстағанымызға елу жылдай уақыт болыпты. Сыртының матасын өзгерткенім болмаса, жүн сол қалпында. Мақта секілді денеге ауыр соқпайды, барынша жеңіл, қыста тоңдырмайды. Көрпе жууға  ыңғайлы және тез кебеді, – дейді ауыл тұрғыны Асыл Жомартова.
Түйе демекші, ауданда түйе шаруа­шы­лығымен шұғылданатын бірнеше шаруа­шылық бар. Соның бірі – «Қармақшы» жауап­кершілігі шек­теулі серіктестігі.
– Шаруашылық асыл тұқымды бактрия түйесін өсіреді. Дала кеме­сінің қай өнімі де – денге қуат, емге шипа. Еті мен шұбатына сұраныс бар. Оны да кейде  қабыл­дайтын орын болмаған соң, табан тоздыруға тура келеді. Кәдеге асырсаң түйенің жүні де қыруар пайда. Әйтсе де, бір мәселе – оның жүнін өткізетін жер  болмай тұр. Зауыт, фабрика ашу кез келгеннің оң жамбасына тие бермейді. Былтыр жүннің келісін 300-400 теңгеден жеке сұраушыларға өткізгендей болдық. Жеке тұрғындар жүнді тазалап, жуып  беруге өтініш қылады. Көбіне болар-болмас тиынға сұрайды. Түйені жығу оңай ма? Қолының қаруы бар 4 адам зорға дегенде жығады. Әлбетте ақысын төлейсің. Жыға алмай әуреге түсетін кез де болады басымызда. Аяғын байлап, бірнеше адам жүндейді. Бір түйенің өзін қырқуға бір сағаттан аса уақыт кетеді. Бейнеті көп жұмыс. Әдетте, бойдақ түйені қырықпаймыз. Сауын түйенің жүні бірден түсе қоймайды. Сол себептен інгеннің тез оңалуы үшін жүндеп аламыз. «Атыраудан жүн қабылдайтын зауыт ашылады, өздері келіп келісім-шартпен  сіздермен жұмыс істейді», – дегенді естідік. Хабар күтудеміз. Өнім өтіп тұрса, мал басын неге көбейтпеске. Еттің өзін арқалап жүріп амалдаймыз. Мал басын көбейткесін – оған әлің келуі керек. Шаруашылық ке­ңей­ген соң адам алуың тиіс. Оған айлық жалақы төленуі қажет. Ерте­рек­те жүнді – Жамбылға, қаракөл елтірісін – Шымкентке, етті Қызылорда мен Ақайға, сондай-ақ сүтті орталыққа жөнелтетін едік. Жоспарға қарай малды дайындайтынбыз. Өткізген өнімнің қаражаты бір аптада есепшотқа түсіп тұратын. Әрине, шаруашылықтың өнімін өткізетін жер болса – кәсібің алға басады, – дейді шаруашылық директоры Қанибай Айтымбетов.      
Басқа шауашылық басшыларынан да осы сөзді естідік. Түптеп келгенде, бас көп болғанымен, бас ауру біреу. 
ЖҮН ҚАБЫЛДАЙТЫН
БЕКЕТ КЕРЕК
Қойдың жүні түбіт, аралық қылшық, өлі қылшық, тікенек қылшыққа бөлінеді. Сондай-ақ ол біркелкі және әркелкі болып келеді. Биязы жүн түбіттен тұрады. Бұл жүн түрі солтүстік, Алтай өңірінде қырқылса, қылшық жүн – қазақы, еділбай, гиссар, қаракөл қойынан алынады. Одан апалы кілем, тоқыма жасалынады. Әлемдегі ең жүнді қой – ставропольдық тұқым. Одан отыз бір келіге дейін жүн қырқылған. Сөйтіп, айтулы қой тұқымының аты тарихта қалған. Жалпы қой жүнінің сапасы – қойдың қоңдылығына байланысты. Негізінен жүн сапалы болса, тез қырқылады, жуылады әрі жылдам кебеді. Қазіргі кезде Қазақстанда қойдың он үш түрі өсірілуде. Қой өсіруде Сыр елі де ешкімнен кенде емес. Десе де, түйе жүнмен қоса қой жүнінің де қатырып іске жарап жатқаны шамалы. Ел ішіндегі қолынан іс келетін шебер келіндердің кейбірі болмаса, оған жанашырлық танытып жатқанның қарасы әзірге көп емес. Бұл – өңірде қой шаруашылығымен шұғылданушылардың бір­сыпырасымен хабарласқанымызда біл­ге­німіз. Қой өсірушінің де назы бар. Бәрінің ойы бір жерден шығатындай. Қорыта айтқанда, жүн қабылдайтын бекет керек. Көмекбаев ауылының тұрғыны, қой өсіруші Әбілқасым Палымбетовпен сөйлескенімізде де ол да осы ойды қолдады.
– Қойды екі мезгіл қырқамыз. Көктемде – жабағы, күзде – күзем. Күзем жүнді пайдаға жаратамыз. Жабағы жүн іске аспауда. Күземнен киіз үйдің туырлығы, үзігі, түндігі, басқа да жабдығы басылады. Келіндер киіз басады, қолғап-шұлыққа жүн иіреді. Екі жүзден аса қойдың жүні қырқылады. Жүннің игілігін өз отбасымыз ғана көруде. Сату бағасы ақша құрап жарытпайды, – дейді ауыл азаматы.   
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
01 сәуір 2019 ж. 1 904 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031